• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2015

Белгісіздік бел алған жерде береке болмайды

291 рет
көрсетілді

Бүгінгі дүниенің төрт бұрышын да белгісіздіктер жайлап тұр. Мұнайдың бағасы құлдырап түсіп барады. Оның тоқтайтын нүктесі қайда? Аты мен атағынан ат үркетіндей Еуропа одағының шаңырағы шынымен шайқалып жатыр ма? Грекияның одан шығу ниеті қаншалықты рас? Еркіндіктің ернеуіне көш­кен швейцар франкінің еуроны күйретер қауқары қанша? АҚШ-тың «тақ­­татас мұнай революциясы» деген дақпыртының соңы неге апарып соқтырады? Мұндай қайшыласқан сұрақтар бүгінгі әлемнің көгінде қаптап жүр. Бұл – бергі жағы ғана. Дегенмен, осы сорпаның бетінен қалқып алғандай етіп, шым-шымдап қойып отырған сауалдарымыздың өзіне қазір қолмен қойғандай жауап бере алатын ешкім жоқ. Себебі, бұлардың бәрінің шұбатылған шынжы­ры «белгісіздік» деген белеңге барып соғады. Ақиқатында белгісіз һәм түсініксіз нәрсе көп жаһанда. Ал белгісіздіктер қашанда берекесіз тірліктерге алып ­барады. Осы белгісіздіктердің салдарынан қазір жер бетінің көп мүйісіндегі ахуал айтарлықтай ауырлап кетті. Күні кеше ғана мұнайдың арқасында үріп-ішіп, шайқап-төгіп қалған біраз елдің есігінен аштық қарай бастады. Осы ретте біздің үкіметтің өзімізде мұндай қиындықтардың болмау жолдарын ерте бастан қарастырып келе жатқанын айтуымыз керек. Сонда да болса, ағайын, әсіре аста-төктің заманы кетіп, бардан да, жоқтан да үнемдейтін уақыттың таяп қалғанын ұққанымыз өзімізге жақсы.

Әлемдегі байлықтың жартысы Жер тұрғындарының

1 пайызының қолында

Осы аптада Давоста өтетін Дүниежүзілік экономикалық форумда бас қосатын миллиардерлер мен саясаткерлерден адамдар арасындағы теңсіздіктің өсуін ауыздықтау талап етіледі. Oxfam International қайырымдылық ұйымы жүргізген соңғы зерттеулер нәтижесі келесі жылы планета тұрғындарының 1 пайыздық мөлшері қалған 99 пайыздық жұрттан бай болып шығатынын көрсетті. Мұны жазған журналистер Ларри Эллиотт пен Эд Пилкингтон белгілі қайырымдылық ұйымы өзінің алдағы форумдағы айтарлықтай жоғары беделін пайдалана отырып, жағдайдың бұлайша ушығуының алдын алудың шұғыл шараларын қарастыруды талап еткелі тұрғанын баяндады. Осы орайда газет 2009 жылғы зерттеудің қорытындысы планета тұрғындарының 1 пайызы қолында әлемдегі барлық байлықтың 44 пайызы шоғырланғанын көрсеткенін жазады. Ал 2014 жылы бұл көрсеткіш 48 пайызға жеткен. Сонымен бірге, планета жұртының 80 пайызының мүлік-мүкәмалы мен капиталы әлемдік байлықтың 5,5 пайызын құрайтыны да белгілі болып отыр. Бұдан Oxfam «егер жағдай дәл осылай болып кете берсе, 2016 жылы 1 пайыздық мөлшердегі бай адамдар әлем байлығының жартысынан көбін иемденеді» деген қорытынды шығарды. Қайырымдылық ұйымының атқарушы директоры және  Давос форумының биылғы алты тең төрағасының бірі Уинни Бианийма мүліктер бөлінісіндегі тепе-теңдік бұзылуының ақыры қатты қауіпті екенін мәлімдеді. «Бұл өсу үшін де жаман, мемлекеттік басқару үшін де жаман. Біз шоғырланған байлықтың билікке де ауыз салатынын көріп жүрміз. Ал қарапайым адамдар мұндайда үн қата алмайды, олардың мүдделері ешкімді де қызықтырмайды», – деді Бианийма газетке берген сұхбатында Oxfam өзі байқаған тағы мынадай деректерді жеткізеді: 2009 жылдан 2014 жылға дейін әлемнің ең бай 80 адамы, барлық мүліктері мен ақша қаражаттарын қосып есептегенде, екі есеге байып кетті. Енді байлықтың мұрагерлік жолдарын жасау мен олардың ең бай адамдардың мүдделері үшін пайдалану дәстүрі ұлғайып келеді. «Айрықша теңсіздік – жай ғана кездейсоқтық немесе экономиканың табиғи заңдылығы емес. Ол саясаттың ықпалымен қалыптасады, егер саясатты өзгертсек, оны да өзгертуге болады», – деді соңында Бианийма.

Алтынның бағасы қымбаттап барады

Дүйсенбі күні алтын құнының әлем рыно­­гындағы бағасы өзінің өткен жылдың қыр­күйегінен бергі ең биік мәніне көтеріліп, труя­лық унциясы 1283 доллар шектеуіне жетті. Мұның бәрі инвесторлардың осынау қымбат алтынға айрықша көп көлемде ақша құйып жатқанынан болып отыр. Өйткені, Еуропа орталық банкі тарапынан одақ елдеріне сапалық жұмсарту бағдарламасы ауқымы кеңейтіліп қалуы мүмкін деген болжам бар. Олар сондай-ақ АҚШ-тағы ставканың әзірге бүгінгі төменгі деңгейінде қала беретініне де үміт артады. Bloomberg агенттігінің мәліметі бойынша, алтынның құны қаңтардың 19-ы күні көтерілуінің нәтижесінде оның спот-рыноктағы бағасы 0,3 пайызға артып, унциясы 1283 долларға барған. Жалпы, жыл басынан бері алтынның бағасы 8 пайызға өскен. Ол тек соңғы үш күннің ішінде ғана 3,3 пайыздық өсімді құраған. Биылғы жылы осындай сенімді өсуді басқа бағалы металдар да бастан кешіп жатыр. Айталық, күміс осы аралықта 14,6 пайызға қымбаттап, унциясы 18 долларға жеткен. Сол сияқты платинаның қымбаттауы 5,3 пайызбен қамтамасыз етіліп, унциясы 1271 долларға бағалануда. Мұнда тек өзгере қоймаған палладий сияқты. Оның құны керісінше 4,8 пайызға төмендеп, унция­сы 764 долларға барып тоқтаған. Палладий көп жағдайда өндірістік металл болып табылады. Ол негізінен автомобиль жасауда пайдаланылады. Оның бағасы сондықтан бұл металдар тобымен үйлесе өзгеріп тұрмайды. Осылайша ол өсімнің биігіне өткен жылы жетіп, биыл қайтадан ақырын түсіп жатыр. Қымбат металдар бағаларының күрт өсулері өткен аптаның бейсенбісінде басталған еді. Осыдан кейін Швейцария ұлттық банкі швейцар франкіне қойылып келген жоғарғы шектеуді босатып қоя берді. Бұрын франктің бағамы 1,20 CHF/€ деңгейінде ұсталып келген. Бұдан бөлек, реттеуші есепті ставканы жылдық минус 0,75 пайыздық табыстың минус 0,25 пайызы мөлшеріне түсірді. Sberbank Investment Research сарапшыларының айтуларына қарағанда, Швейцария орталық банкі жоғарыдағыдай ойлары бар екенін білдіргесін арада бірнеше күн өткеннен кейін жасауы мүлдем күтпеген жағдай болған. «Біз мұны Еуропа орталық банкінің алдағы аптада сандық жұмсарту шараларын іске қосатындығының тағы бір айғағы ретінде қабылдадық», – деп атап өтті сарапшылар. Экономистердің болжамдары бойынша, бейсенбі күні Еуропа орталық банкі QE (сандық жұмсарту) бағдарламасын  €600 млрд. еуроға ұлғайтуы ықтимал. Мұндай жағдайда инвесторлар Еуропада тұтыным бағаларының көтеріліп кетулері мүмкін екенін жоққа шығармайды. Ал бұл бағаларды әдетте алтын қоры қорғап тұратын болады. Sberbank Investment Research аналитик­терінің сөздеріне қарағанда, алтын бағасының көтерілуі АҚШ-тағы бөлшек саудаға да айтарлықтай әсер ететін болады. Америка сауда министрлігінің бағаларына қарағанда, елде өткен жылғы желтоқсан айында бөлшек сауда бағалары 0,9 пайызға құлап, 2014 жылдың қаңтар айынан бергі ең төменгі деңгейіне жеткен. Ал Bloomberg агенттігі сұрау салған сарапшылар баға төмендеуінің мөлшері бұдан әлдеқайда аз – 0,1 пайыз болады деп күткендерін де жасырған жоқ. «Бұл мәліметтер АҚШ федералды резерв жүйесінің жақын келешектегі ставкалары жоғары болатынына күмән тудырады», деп атап өтті сарапшылар сосын. Еске сала кетейік, 2012 жылы тап осы АҚШ ақша-кредит саясатының қатқыл бола түсетініне деген қауіп алтын бағасының ырық бермей кетуіне апарып соқтырып, ақыры 2013 жылы оның бағаларының одан әрі төмендей беруіне жеткізіп еді.

АҚШ-та бір банк биыл банкротқа ұшырады

АҚШ билігі Флорида штатындағы First National Bank of Crestview банкінің жұмысын тоқтатты. Ол биылғы жылы елде жабылып қалған бірінші кредиттік ұйым болып отыр. Осыған байланысты таратылған АҚШ депозиттерді сақтандыру корпорациясының (FDIC) баспасөз парағында бұл банктің активтері мен депозиттерінің Луизианадағы First NBC Bank-ке өтетіні айтылған. Ал  First National Bank of Crestview депозиттерінің иелері енді автоматты түрде First NBC Bank-тің төлемшілеріне айналады да, FDIC оларды сақтандыруды жалғастыра береді. Корпорация бағалауы бойынша, банктің жойылуына байланысты енді депозиттерді сақтандыру қорының шығындары 4,4 млн. долларды құрайтын болады. «First National Bank of Crestview клиенттері мен қызметкерлерін First NBC отбасына шақырамыз», – дейді осы орайда First NBC президенті Эштон Райан. Өткен жылғы 30 қыркүйекте First National Bank of Crestview-дің активінде 79,7 млн. доллар қаржы болып, депозиттерінің көлемі 78,6 млн. долларды құраған екен.  Сол сияқты былтыр АҚШ-та банкротқа ұшыраған қаржы ұйымдарының саны 2007 жылғыдан азайып, 2013 жылғы 24-тің орнына 18 болған. Ал 2007 жылы барлығы үш банк жойылыпты. Сонымен бірге, 2010 жылы 157 кредит мекемесі банкрот болып жарияланған. Гректер шығып кеткеннен еуроаймақ қарық бола ма? Грекия 2012 жылы өткен бүкілхалықтық сайлаудан кейін де еуроаймақтан шығып кете алатын еді. Бірақ элладалықтар екі турдан тұрған науқанның қорытындысында аймақта қала беруді жөн деп тапты. Ал Грекия Еуроодақтан сол жолы шыға қалғанда (grexit) мұның тек бұлар үшін ғана емес, барша валюта одағы үшін де оңай соқпайтыны қазір белгілі болып отыр. Биылғы жылы сондай сайлаудың кезегі тағы келді.  Алдағы 25 қаңтарда елде парламент сайлауы өтеді. Енді мұның соңы да Грекияның еуроаймақ мүшелігінен шығып қалу қаупін тудырып тұр. Егер шынында да «грекзит» одан кімге пайда, кімге зиян? Жалпы, оның қаншалықты керегі бар? Былай қарағанда grexit механизмі ешқандай да күрделі емес. Үкімет барлық ішкі активтер мен қарыздар міндеттемелерін драхма бағамына лайықтап көшірген бойда елде валюталардың алмасулары жедел өте қалады. Мұнда, шамасы, бағам бірге бір етіп алынатын шығар. Яғни, бір драхманың құны бір еуроға тең болады. Грекияның орталық банкі Франкфурттегі Еуропа орталық банкінен бөлініп шығады. Осыдан кейін ұлттық реттеуші өзінің монетарлық сая­сатын банктерде драхмамен операция ­жасау­дан бастайды. Осыдан бастап банктер де ішкі баланстық есептері драхмамен жүргізуге көшеді. Бірақ алғашқы кезде еуро мен драхманың арасында тепе-теңдік, яки паритет сақталып тұрғанымен, көп ұзамай гректің жаңа валютасының тез құнсыздана бастағанын байқайтын боламыз. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) 2012 жылғы болжамына сәйкес, мұндағы құлдырау еуроның 50 пайыздық мөлшеріне келеді. Бұлайша құлдырау Грекияның экономикалық жағынан қалпына келе бастауына негіз де болуы мүмкін. Афина осыдан кейін бәсекеге төзімділікті біршама көтеріп алады. 2002 жылы Аргентина дәл осылай өз валютасын он жыл уақыт АҚШ долларына теліп қоюын тоқтатқаннан кейін бірден экономикасын күрт қаулатып көтере бастап еді. Бұл қарышты қарқын бірнеше жылға созылды. Бұған бір жағы сол кезде көптеген шикізат тауарлары бағаларының қымбат болуы да өзінің ықпалын тигізбей қалған жоқ. Қазір бірқатар сарапшылар Грекияны да сондай тағдыр күтіп тұрғандай көреді. «Грекия осыдан 13 жыл бұрынғы Аргентинаның сценарийін қайта­лап, бәсекеге қабілеттілікті күшейтуі, бірін­ші кезекте туристерді тарту көлемін арт­тыруы мүмкін», – деп жазады The Economist ­журналы осы ретте. Дегенмен, мұның жағымсыз зардаптары болатыны да хақ. Grexit қысқа мерзім ішінде елдің экономикасына орасан зор дүмпулер әкеліп үлгереді. Жаңа валютаның айналымға еніп бітуіне бірнеше ай кетеді. Осы уақыттарда есептесулердің басым бөлігі ақша аудару жолымен жүргізілетініне қарамастан, қаржы алмасушылық саласында белгілі бір берекесіздіктер орын алады. Бұдан басқа, Грекияның Еуроодақтан кетуі елді бұрынғы біртұтас рыноктан шығарып тастайды. Одан бөлек, аймақтық қаржы көмегі де енді болмайды. Инфляция бірден күрт көтеріледі. Себебі, импорттық тауарлар шамадан тыс қымбат болып жетеді. Халықаралық валюта қорының 2012 жылғы талдауына қарағанда, осы кезде гректің ішкі бағаларының өзі қатты қымбаттап, ол 35 пайыздық деңгейге барады. «Грекзитке» байланысты орын алатын белгісіздік ахуалы, сөз жоқ, тұтынушылардың да, бизнестің де ертеңгі күнге деген сеніміне сызат түсіреді. Мұның бәрі Эллада жерінде Аргентина вариантының ойнай қоятынына қатты күмән келтіртеді. Грекияның экономикасы, шамасы, аздап қалпына келе бастағаннан кейін, қайтадан кері қарай кетіп, рецессияға тап болатын шығар. ХВҚ сарапшылары қазір grexit болған жағдайда ұлттық экономиканың қазаны 8 пайызға төмен түсіп кететінін де айтып отыр. Бірақ белгісіздік мұнымен аяқтала қоймайды. Осы тұста грек үкіметін ең алдымен, шетел кредиттерін алу проблеманы күтіп тұрады. Бұл кезде Афина өзінің ішкі қарыздарының көлемін өзгерте алатын шығар, бірақ мұны шетелдік кредиттерге келгенде жасай алмайды. Ал осы ауыр жүк драхманың девальвациясын жеделдете түседі. Өз кезегінде бұл жаңа дефолтқа алып барады. Сондай-ақ, үкіметке 2012 жылы шығарылған жаңа грек облигацияларын алған жеке тұлғалармен заң жүзінде соғысты бастап кетуге де тура келуі әбден мүмкін. Белгілі бір жағдайларда Грекияның қазіргі ахуалы бұдан екі жыл бұрынғы сипатынан едәуір тәуір. Еуропа комиссиясының мәліметтеріне қарағанда, 2014 жылы Грекияның әдепкі профиті, яғни бюджеттегі тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 2,7 пайызына тең болған. Ал екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 3,6 цифрын көрсеткен екен. Гректің ағымдағы есептегі тапшылығы қазір балансқа келтірілді. Бұл grexit-тің бюджеттің күрт құлауына апарып соқтырмайтынын байқатады. Елдің төлем балансы да тұрақты болмақ. Әйткенмен, Грекияның еуроаймақ ішінде де күрт көтерілуге толық мүмкіндігі бар еді. Ал бірден шығып кету елдің экономикасын қалпына келтіру жөніндегі үмітті жойып та жібергелі тұр. Грекияның еуроаймақтан шығуы Еуро одағына да оңай тимесе керек. Ол ең алдымен, еуроаймақтың ыдыруын бастап берсе, екіншіден, одақтың онсыз да нашар экономикасына тағы бір ауыр соққы болып тиеді. Осыдан келіп еуроаймақ елдерінің жалпы ішкі өнімінің көлемі алдағы 18 айдың ішінде 1,5 пайыздан да төмендеп кетуі мүмкін. «Грекзит» сонымен бірге, біртұтас валюта аймағына мәңгілік мүшелік қағидатын да қақыратып өтеді. Дайындаған .Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан».