• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Шілде, 2024

Бес саусаққа барсаңыз...

179 рет
көрсетілді

Алтайдың жықпыл-жықпыл қойын-қо­нышын аралай берсең, жұмбаққа толы. Адам­ның аяғы, туристің табаны тимеген жерлер қаншама? Қым-қуыт тіршіліктің тұсауында жүрген жан Алтайды бір көрсе, ұшы-қиыры жоқ тайгасын кезіп, қаладан безіп кеткісі келер еді. Түнеугүні аяқ­асты Бес саусаққа жолымыз түспесі бар ма?

Саяхаттап Катон­қарағайға барған ел Рахман мен Қа­ракөл, Ирек пен Көккөл секілді көпшілік білетін ба­ғыттарды ғана маңдайға алады. Одан басқа да киелі жерлер аз емес-ті. Соның бірі – күнгей беттегі тау қуысындағы Бес саусақ еді. Іздеп барар болсаңыз, жол талғамайтын көлікпен Жамбыл аулының тұсынан тау арасымен М­арал­ды аулына қарай тар­тасыз. Бұралаңы мен өрі көп жолды басып өтіп, ауылға екі шақырым жетпей, жолдан оңға қарай бұрылсаңыз, қоршау ішіндегі соқпақпен Бес саусаққа тура барасыз. Ол дегеніміз – дәудің саусақ іздері қалғандай алып тас. Жергілікті жұрттың аузында жүрген аңыз-әңгі­мелерге сенсек, ертеде, тым ертеде дәу осынау тасқа саусақ іздерін қалдырса, енді бірі «пайғамбардың саусағы» деген де болжам айтады. Кей­біреулер неолит дәуірінде қашалған деген де нұсқа айтқан. Ортаңғы саусақтың ізі үш метрге таяу. Тасқа біткен саусақ ізіне мұқият қарасаңыз, кәдімгі адам саусағы іспетті. Буындарына дейін байқалады. Бәлкім қандай да тылсым күш бар ма? Ал Катонқарағай ұлт­тық мемлекеттік парк қыз­меткерлері табиғаттың жаратылысы деп есептейді.

«Қариялар аңызға балап, Бес саусақты ерте кезден айтып жүретіндері есімізде. Бірақ бұл алып тас судың әсерінен мүжілген секілді. Жалпы, Ка­тонқарағай аумағында тас­та қалған тылсым іздер көп. Аяқтың ізі қалғандай да жартас бар. Оның бәрін арнайы ғылыми орталық зерттеуі керек шығар», дейді жергілікті журналист Тимур Смағұлов.

Иә, Алтайдың қойнауы тылсымға толы. Ашылмаған жұмбағы, айтылмаған сырлары көп. Әдемілік тұрғысынан ғана емес, ғылыми жағынан да зерттелсе, талай жұмбақтың жауабы табылар ма еді?

Шығыс Қазақстан облысы,Катонқарағай ауданы