АСТАНА. 26 сәуір. Республикамыз бойынша президент сайлауы Конституция талаптарына сай өтіп жатыр. Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков осылай деді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Нұрдәулет Сүйіндіков: «Сайлау комиссиялары мен мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай заң бұзушылық тіркелген жоқ. Тек сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары кезінде жекелеген азаматтар тарапынан бұзушылықтар орын алған. Бұл мәселе бойынша алдын алу сипатындағы шаралар қолданылды. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың 30 наурызында Алматы облыстық прокуратурасы арқылы 2 азаматқа заң бұзушылыққа жол берілмейтіні туралы ескертілді. Олар өздерінің «Фейсбуктегі» парақшаларына президенттікке кандидаттардың ар-намысына, қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін сөздер жазған. Аталмыш жайтқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы немесе қылмыстық іс қозғалған жоқ», деді.
Нұрдәулет Сүйіндіковтің айтуынша, қазіргі таңда прокуратура органдарына президент сайлауына қатысты 3 арыз түскен. Олардың екеуінде сайлау заңнамаларын түсіндіру мәселесі қозғалған. Ал қалған біреуінде шағым иесі президенттікке үміткерлерге қойылатын талаптармен келіспейтін жеткізген. Бұл арыздар Орталық сайлау комиссиясының қарауына жіберілген.
Жолдыбай Базар.
Дерек, сурет: egemen.kz.