ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті және оның аумақтық бөліністері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай республикалық есірткіге қарсы айлық ұйымдастырды.
Бұл ауқымды іс-шара Ішкі істер министрінің төрағалығымен, Президент Әкімшілігі, Үкімет Аппараты, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен өткен есірткіге қарсы штаб отырысында ашылған болатын. Барлық өңірде әкімдіктермен есірткіге қарсы алдын алу іс-шараларын өткізу жоспарлары бекітілді.
Есірткіге қарсы республикалық айлық кезінде еліміз бойынша 5 414 іс-шара, оның ішінде 310 акция, 103 семинар, 427 дәріс және 359 кездесу, 113 дөңгелек үстел, 432 спорттық жарыс, 150 профилактикалық сипаттағы байқау өтті. Оның жұмыстарына нарколог-дәрігерлер, еріктілер, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен білім беру мекемелерінің қызметкерлері қатысты.
«280 мыңнан астам жасөспірім мен жастарды қамтыған іс-шараларда нарколог-дәрігерлер және саламатты өмір салтын қалыптастыру орталықтары өзекті мәселелер бойынша азаматтарға кеңестер ұйымдастырды. Барлық өңірде үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, есірткі сайттарының жарнамасы бар граффити-жазуларды анықтау мен өшіру жұмыстары жүргізілді. Оған 500-ге жуық ерікті қатысып,
6 мыңнан астам граффити боялды», дейді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.
Астанада «Хан шатыр» сауда-ойын-сауық орталығында, сондай-ақ Есіл өзенінің жағалауындағы амфитеатрда «Астана – есірткісіз қала!» акциясы ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шараға отандық эстрада жұлдыздары мен спорт саңлақтары, вокалдық және би ұжымдары қатысты. 23 маусымда Алматыда «Sadu Arena» спорт кешенінде ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті грэплингтен халықаралық турнир өткізді. Оған біздің елімізбен қатар Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінен мыңға жуық спортшы қатысты.
Осындай ауқымды іс-шаралар республика бойынша өтті. «Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Ішкі істер министрінің бұйрығымен жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғамның 110 өкілі грамоталармен, Алғысхаттармен марапатталды. Аталған іс-шаралар жайында БАҚ-та 4 259 жарияланым шықты. Одан бөлек Instagram, Facebook, YouTube және TikTok секілді әлеуметтік желілерде республикалық айлықтың барысы кеңінен насихатталды», деді ІІМ өкілі Б.Әмірханов.