Күні кеше Глубокое кентінде «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 12 отбасына жаңа тұрғын үйлердің кілтін табыстау салтанаты өтті. Глубокое ауданында 2020 жылдан бастап жаңа үйлердің құрылысы жүріп жатыр.
Қазірдің өзінде 44 қоспәтерлі 88 тұрғын үй көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілді.– Көптен күткен баспанамызға қол жеткіздік. 2015 жылдан бері үй кезегінде тұрдым. Бүгін ақ түйенің қарны жарылып, қуанышымызда шек жоқ. Төрт баланың анасымын. Мемлекеттен көпбалалы отбасыларға үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Сондықтан жергілікті әкімдікке ерекше алғысымды айтқым келеді, – деп ыстық лебізін білдірді Абай шағын ауданының тұрғыны Әйгерім Намазбаева.
Айта кетейік, былтыр осы жоба аясында 20 үй салынған. Оның ішінде жеті үй Глубокое ауданына қарасты Белоусовка, Бобровка, Веселовка, Прапорщиково және Черемшанка ауылдарындағы көпбалалы отбасыларға табыс етілген. Бұл үйлердің әрқайсысында шаруашылық жүргізуге арналған 20 гектар жер учаскесі бар екенін де еске сала кеткеніміз жөн. Ең бастысы, берілген жерге дән егіп, болмаса шөбін шауып, табиғат ырыздығын дер кезінде пайдалана білсе, болғаны. Баспанадан бөлек жердің берілуі де үлкен көмек.
– Глубокое аудынында облыс әкімдігінің бастамасымен «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы дамып келеді. Бұл үйлер аудан әкімі, аудандық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері және «Amanat» партиясының қатаң бақылауында. Үйдің сапалы болуы маңызды. Сонымен қатар ауданда абаттандыру жұмыстары қолға алынған. Қазірдің өзінде жарықтандыру жұмысы жүргізіліп, балалар алаңы салынған. Жақында асфальт төселеді, – деді Глубокое аудандық мәслихатының төрағасы Алтай Қалиғожин.
«Бірқабатты Шығыс» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының тетігі өте ыңғайлы. Мердігер өз қаражатына баспана салып, мемлекетке ұсынады. Барлық тексеруден өткен соң мемлекет қаражат бөліп, баспаналарды сатып алады. Кейіннен кезекте тұрған азаматтар жергілікті атқарушы органдар арқылы үйлерге ие болады. Демек үйлердің сапалы болуы ең әуелі құрылысшының қызығушылығында.
– Үй аумағы – 85х65 шаршы метр. Газ блоктан салынған. Барлық жағдай жасалған. Терезелер пластиктен, жерге линолеум төселген. Үйдің ішінде ақылды пеш орнатылған. Қоныстанып жатқан тұрғындарға амандық тілеймін, – деп өз тілегін жеткізді КТБ құрылыс компаниясының директоры Тілек Қоңыров.
Салтанатты іс-шарада баспана кілтіне ие болған азаматтар бір-біріне құтты болсын айтысып, жаңа қонысқа көшу қамына кіріспек.
Шығыс Қазақстан облысы,Глубокое ауданы