• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Шілде, 2024

Өңірге ортақ тәжірибе

98 рет
көрсетілді

Орталық Азия көміртегі бейтараптығы өткелінде қуаттың балама ресурс­тарын пайдалану және елдерді тұрақты болашаққа жақындататын энергетикалық инфрақұрылымды өзгерту тұрғысынан мол әлеуетке ие. Аймақтың жылу энергетикасының көмірден газға ауысуы, жұмыс істеп тұр­ған және салынып жатқан жылу электр стансаларының беріктігін қам­та­масыз ету мәселесі Алматыда өткен II халықаралық форумда сарапталды.

Энергетика саласының көш­басшы­ларын біріктіретін кәсіби халықаралық платформа аймақтағы негізгі өндіруші кәсіпорындар басшыларының, бақы­лаушы органдар өкілдерінің, инвес­торлардың, жетекші құрал-жабдық компанияларының, технология ли­цензиарларының, сондай-ақ инженер­лік-конструкторлық, құрылыс кәсіп­орындарының назарын аударды. Энер­гетика министрлігі мен «Самұрық-Энерго» АҚ стратегиялық әріптестігімен «Vostock Capital» компаниясы ұйым­дастырған іс-ша­раға өз еліміздің, Қыр­ғыз­станның, Өзбекстанның және Тәжікстанның энергетика саласының мамандарымен қатар Еуропа, БАӘ, Қытай, Жапония, Түркия және басқа да мүдделі елдерден келген технология мен жабдық жеткізушілер жиналды.

Аймақ елдері арасындағы ынтымақ­тастықты нығайтуға ықпал ететін жиын­да жылу энергетикасы саласындағы сын-қатерлер мен стратегияларға ден қойылды. Ортақ диалог өңірдегі энергетикалық және экологиялық қауіпсіздік, жұмыс істеп тұрған жылу стансаларының сенімділігі, жылу электр орталықтарының көмірден газға ауысуының практикалық жобаларында көміртегі бейтараптығына қол жеткізу міндетін ескере отырып, тозығы жеткен стансаларды техникалық қайта жарақтандыруды, оларды жаңғырту барысындағы заманауи инновациялық шешімдерді талқылауға негізделді.

ЖЭО тиімділігін арттыру бағытын­дағы тәжірибемен алмасу барысында жобаларды іске асыру мақсатында қабыл­данып жатқан тәсілдермен таны­суға деген қызығушылығын ескере отырып, қатысушыларға Алматыдағы ең ірі А.Жақұтов атындағы 2-ЖЭО-ға экскурсия ұйымдастырылды. «АлЭС» АҚ құрамына кіретін бұл станса отынды көмірден газға ауыстырумен жаңғыртудың бастапқы күрделі кезеңінен өтіп жатқаны мәлім. Яғни көптеген қаржылық, техникалық-технологиялық, цифрлық, эконо­микалық, логистикалық міндеттерді шешу керек. ЖЭО-2-дегі қайнаған жұмыс энергетиканың парниктік газ шығарындыларын біртін­деп тө­мендетуге және көміртегі бейта­рап­тығына қол жеткізуге көшуі­­нің көпқырлы аспектілері мен қиындық­тарын айқын көрсетті.

2-ЖЭО мамандары нысанның тарихымен таныстырып, жабдықтар мен басқа да маңызды қондырғылардың ерекшеліктерін кәсіби тұрғыда әңгімелеп берді. Қатысушылар негізгі қалқан басқармасын, турбиналық цехты, №1 басқару қалқан блогін, ашық тарату құрылғысының трансформаторларын және салынып жатқан жаңа станса нысанын аралап көрді.

Сонымен қатар 2-ЖЭО-да бекітілген кестеге сәйкес жабдықтардың сенім­ділігін арттыруға және алдағы жылыту маусымында стансаның тұрақтылығын қам­тамасыз етуге бағытталған жөндеу жұмыстары кең қарқын алды. Бұл ағым­дағы, орташа және күрделі жөндеу жұмыстарын қоса алғанда, стансаның турбиналық, қазандық агрегаттарын қалыпқа келтірудің едәуір көлемін қамтиды. Қазіргі кезде «Энергожөндеу» ӨЖК мамандарының күшімен 2 қазан­дық агрегат, 3 турбиналық агрегат және 5 трансформатор жөндеуден өтті. Орталықты жаңғырту мен газға ауыстыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс­тардың ойдағыдай аяқталып, қала экологиясын жақсартуға ықпал етуі Алматы энергетиктерінің игі мақсатқа жетудегі аршынды қадамы болмақ.