• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Шілде, 2024

Азаптау – адамшылыққа жат

164 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның ұйытқы болуымен Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі, «Талдықорған құқық қорғау орталығы» ҚБ, Қазақстанның азаптауға қарсы ҮЕҰ коалициясы және «Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюро» ҚБ қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

«Азаптау жағдайларын тиімді тергеуді қамтамасыз ету» атты өткен іс-шараға құқық қорғау және сот органдары, орталық және жергілікті мемлекеттік орган­дар, адам құқықтары жөніндегі ұлт­тық мекемелер, адвокатура институты, Әді­лет министрлігі Сот сараптамалары орта­лығы, құқық қорғау ҮЕҰ, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ құқықтанушы ғалым­дар қатысты.

Президент жанындағы Адам құқық­тары жөніндегі комиссия төрағасы­ның орынбасары Тастемір Әбішев, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы, елші Йоханнес Баур, Талдықорған құқық қорғау орталығының дирек­торы Виктор Тен, «Адам құқы­қ­­тары және заңдылықты сақтау жөнін­­­дегі Қазақстандық халықаралық бюро» ҚБ директорының орынбасары Роза Ақылбекова елімізде азаптау жағ­дайларын жөнсіз тергеуге ықпал ететін азап­тауларды тергеу кезіндегі құқық қол­дану тәжірибесі және нормативтік себеп­­терді талдау нәтижелерімен бөлісті. Сон­дай-ақ жиында бұл тәжірибе мен нәти­желер­ді адам құқықтары саласындағы халық­­аралық стандарттарға және Азап­тау­ға қарсы конвенция мен Ыстанбұл хаттама­сының ережелеріне сәйкес келтіру мақсатында қолданыстағы заңнаманы өзгерту ұсынымдары талқыланды.

Президент тапсырмасымен елде азаптаумен және сонымен байланысты басқа да құқық бұзушылықтарды жою шаралары қабылданғанын айтқан Т.Әбішев өткен жыл­дан бастап прокуратура органдарына заң­на­малық деңгейде азаптауларға қатысты бар­лық істі тергеу өкілеттігі берілгенін атап өтті.

Прокурорлар Ыстанбұл хаттамасында белгіленген халықаралық стандарттарға сәйкес азаптау істерін жылдам және бейтарап тергеуді қамтамасыз етеді. Ол үшін прокуратура органдарында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді ұйымдастыру туралы нұсқаулық қабылданды.

Еліміздің барлық өңірінде құрылған арнайы мобильді топтар азаптау туралы да­был түскен кезде қылмыс жасал­ған жерге барып, шұғыл тергеу әрекет­те­рін жүргізеді. Былтыр және биыл про­курор­­лар азаптау туралы тергеп-тексері­ле­тін істер аясында ҚПК-нің 200-бабымен уәкі­летті органдардың атына қылмыстық құ­қық бұзушылық және басқа да заң бұзу­шы­лықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде 107 ұсыныс енгізді. 123 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылса, оның 45-і басшылық лауазымда отырған.

Өткен жылы 10 мамырда қабылданған БҰҰ Азаптауға қарсы комитетінің қоры­тынды ескертулерін іске асыру аясында Үкімет аталған комитеттің ұсынымдарын іске асыру шараларын қабылдап жатыр. Мәселен, мемлекеттік органдар тарапынан азаптауды айқындау бөлігінде заңнаманы жетілдіру үшін Мәжіліс қарауына «Қылмыс­тық, Қылмыс­тық-процестік және Қыл­мыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді.

Заң жобасында Қылмыстық кодекстің 50, 63, 72 және 73-баптарына азаптау үшін белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруды міндетті түрде тағайындай отырып, құқық қорғау және арнаулы органдарда лауазымдарға орналасуға өмір бойы ты­йым салу; шартты түрде соттауға, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға, жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыруға не тағайындал­ған жаза мерзімін қысқартуға тыйым салатын өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген.

Сондай-ақ БҰҰ Азаптауға қарсы коми­теті­нің ұсынымын іске асыру аясында және азаматтардың құқықтарының қорғалу кепілдіктерін арттыру мақсатында қылмыстық тергеу мен жазаны орындау кезінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулық бекітілді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар халықаралық құқық нормаларын одан әрі имплементациялау, сот төрелігі жүйе­сі мен соттан тыс құралдарды қоса алған­да, елде адам құқықтарын қорғаудың халықаралық және ұлттық тетіктерін жетілдірудің өзекті мәселелерін талқыға салды. Сарапшылар құқық қорғау, арнаулы органдар қызметкерлерінің, сондай-ақ барлық жабық мекеме қызметкерлерінің құқықтық мәдениет деңгейін арттыру бо­йынша тұрақты түрде жұмыс істейтін оқыту курстарын өткізудің маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.