• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Саясат 03 Шілде, 2024

Мәдениет пен сауданы қолдайтын қауымдастық

47 рет
көрсетілді

Елімізде Азиядағы сауда мен мәдениетті қолдауды үйлестіретін қауымдастық құрылды. «Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауымдастығы» төралқасының елордада өткен алғашқы отырысында ұйымдастырушылық жұмыстар мен мақсат-меже пысықталды.

Төралқа құрамына мемлекет және қоғам қайраткері, про­фессор Дүйсен Қасейінов, Премьер-министр кеңесшісі Ера­лы Тоғжанов, Мәжіліс депута­ты, Экономикалық рефор­ма және өңірлік даму комитеті­нің төрағасы Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты, Халық­аралық істер, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің төраға­сы Айгүл Құспан, Сенат депутаты, Ха­лықаралық қаты­настар, қорғаныс және қауіп­сіздік комитетінің хатшысы Дархан Қыдырәлі, қоғам қай­рат­кері Жандарбек Кәкішев, Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков, «Қазақстан-Азия сауда және мәде­ниетті дамыту қауым­дасты­ғы» басқарма төрағасы Қанат Бейсек кіріп отыр.

Жиында төралқа төрағасы мен хатшысы сайланды. Қауым­дастық жарғысына сәйкес, төраға – консультациялық-кеңес­ші органның қызметіне басшы­лық жасайды. Ал төралқа хат­шысы консультативтік-кеңес­ші органның қызметін ұйым­дастыруды, ақпараттық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Төралқа мүшесі Ералы Тоғжановтың ұсынысымен төрағалыққа Дүйсен Қасейінов, сондай-ақ төраға ұсынысымен төралқа хатшылығына Қанат Тоқабаев сайланды.

Күн тәртібіне сай, отырыста қауымдастықтың мақсат-міндетін айқындайтын стратегиялық тұжырымдама талқыланып, қолдау тапты. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған басқарма төрағасы Қанат Бейсектің айтуынша, қауымдастық бұған дейінгі «Қазақстан-Қытай саудаға жәрдемдесу қауымдастығының» тәжірибесін ескере отырып, ауқымын кеңейту бағытында құрылған. Ол бірінші кезекте бизнес пен мәдениет саласының мемлекеттік бағдарламалардан бастап, жеке ұжымдық бастамаларды, Азия елдеріндегі мүддесін қорғауды жүзеге асырады.

«Қазақстан-Азия сауда және мәдениетті дамыту қауым­дастығы» халықаралық деңгейде ел имиджін арттыратын ауқымды іс-шаралар өткізуді де қолдайды.

Талқылау барысында төралқа мүшесі Дархан Қыдырәлі қауым­­­дастықтың стратегиялық тұжырымдамасына қатысты пікірін білдірді. «Сауда және мәдениетті қатар алып жүру ше­шімі өте дұрыс. Себебі кезінде Ұлық ұлыс Алтын орда­ның да, Орталық Азияның басқа да ірі мемлекеттердің де ыдырауына Жібек жолының үзілуі айтарлықтай әсер етті. Шығыстан Батысқа созылып жатқан кер­уен жолдарының, барыс-келістің тоқтауы – алпауыт мемлекеттердің мәдени дамуын да, экономикасын да, саяси жүрістерін де тоқырауға ұшыратты. Қазір Мемлекет басшысы халықаралық деңгейде сауда интеграциясына, Азия елдерімен жақын байланыстарға баса назар аударып отыр. Парламент Сена­тында осы Азия бағыты бо­йынша бірнеше заңнама талқы­ланып, мақұлданып Прези­дент­тің қол қоюына жолданды», деді се­натор. Сонымен қатар ол қауым­дастық атқаратын іс-шаралар жоспары­ның ауқымы да алдағы уақытта кеңейе беруге тиіс екенін атап өтті.

Ал Төралқа мүшесі Ералы Тоғжанов: «Жаңа технология­лардың қарқынды даму үдерісіне куә болып отырмыз. Соның бірі – жасанды интеллект. Мұның игілігін бизнеске де, мәдениетке де пайдалана алмасақ – ұтыламыз. Осыны ескерсек», деді.

Отырыста қауымдастықтың стратегиялық тұжырымдамасы қол­дау тапты. Жиын барысында төралқа төрағасы атынан «Қазақ­стан-Азия сауда және мәдениетті дамыту» қауымдастығының төр­ағасына «Сенім грамотасы» тапсырылды.