• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2015

Бірінші рет... бас жүлде

677 рет
көрсетілді

Назарбаев Университетінің гранттары шетелдік балаларға да берілді Алматыда ХІ Халықаралық Жәутіков олимпиадасы мәресіне жетті. Оқушылар арасында математика, физика және информатика пәндері бойынша өткен олимпиадаға Қазақстан, Ресей, Украина, Белоруссия, Әзербайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбек­стан, Болгария, Румыния, Сербия және Моңғолия сияқты әлемнің 15 елінен 58 команда қатысқанын хабарлаған едік. Енді, міне, он жылдан бері үздіксіз өткізіліп жүрген Жәутіков олимпиадасында биыл бірінші рет О.Жәутіков атындағы Республикалық маман­дандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернаты бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпаздарды марапаттау сәтінде «Дарын» республика­лық ғылыми-практикалық орталы­ғы­ның директоры Шолпан Қирабаева: – Сіздердің қай қиырдан кел­гендеріңізге қарамастан, олим­пиадаға ТМД мемлекеттері түгел қатысып отыр, алыс және жақын мемлекеттерден келген оқушылар бар, баршаңызды математика, физика және информатика пәндеріне деген сүйіспеншілік біріктіреді. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі сіздерді дамытып, әлемдегі ең беделді жо­ғары оқу орындарында білім алу­ларыңызға ықпал жасайды, – деді. Сонымен, ең үздік маман­дан­дырылған мектептер арасындағы олимпиаданың жүлделі орындарына 7 команда лайық деп танылды. Күрделі білім жарысында жеті мәрте бас жүлдені жеңіп алған Мәскеу мемлекеттік универстеті жанындағы мамандандырылған оқу-ғылыми орталығының (СУНЦ) командасын бір сатыға артқа тастап, командалық есепте бас жүлдені бірінші рет РМФМОМИ-дың командасы жеңіп алды. Ендігі жерде есепке жүйрік оқушылар арасындағы бірінші орынды ММУ СУНЦ (Ресей), екінші орын­ды Ереван мемлекеттік уни­вер­ситетінің физика-математика мектебі (Армения) мен София математика мектебінің (Болгария) командалары өзара бөлісті, үшінші орынды Челябінің №31 лицейі (Ресей) мен №199 «Комаров» мектебі (Грузия) және Беларусь мемлекеттік университетінің лицейі ( Минск қаласы) командалары иеленді. Жеңімпаз командалардың әрбір қатысушысы бағалы сый­лықтармен марапатталды. Гран-при жеңіп алған команда қа­тысушылары ультрабукқа ие болды. 6 команда мақтау қағаздарымен марапатталды. Олимпиаданың алтын медаліне 31 оқушы ие болды (Қазақстан – 4, оның 3-уін РМФМОМИ оқушылары – Ахан Исмайлов, Олжас Қадырақұнов, Дәулет Құрмантаев жеңіп алды). Ал 60 оқушы күміс медаль иегері атанды (Қазақстан – 19 медаль, оның 6-уы РМФМОМИ оқушылары. Қола медаль иегерлерінің саны – 87 болса, оның 50-і Қазақстанда қалды). Барлығы 176 медальдің 50-ін Қазақстан оқушылары жеңіп алса, оның 20-сы РМФМОМИ-ға тиесілі. Олимпиаданың жоғары деңгейде өткенінің куәгері болдық, барлық қазақстандық 50 балаға, яғни жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Назарбаев Университеттің білім гранттары және осындай грант шетелден келген олимпиада жеңімпаздарына да берілді. ҚБТУ-дың гранттары табысталды. Әзербайжан университеті (Баку қаласы) барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бірінші рет білім гранттарын ұсынды. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.