Жақында, Астана қаласы білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша Астана қаласы мектеп бітірушілерінің қол жеткізген нәтижелеріне арналған баспасөз мәслихатын өткізді.
Астана қаласы білім басқармасы бастығының айтуынша, елордамыздың түлектері алғашқы сұрыптау қорытындылары бойынша 1-орынға ие болды. Астана қаласы мектептерінің биылғы ҰБТ-ны тапсырған 3444 оқушысының орташа баллы 97,43 пайызды құрады. Ал республика бойынша бұл көрсеткіш 84,84 пайыз болды. Осыған қоса, Астана қаласының “үздік” ондыққа енген мектептердің тізімі және орташа баллы айтылды: дарынды балаларға арналған “Зерде” мектебі – 113 балл, №38 мектеп-лицей – 101,9 балл, “Мирас” халықаралық мектебі – 101,5 балл иеленді, сонымен бірге, №50, №60, №6, №48, №17 мектеп-лицейлері үздіктердің қатарына кірді. “Алтын белгіден” үміткер 133 оқушының 90-ы өз білімдерін дәлелдеп шықса, 102 түлектің 39-ы ғана үздік аттестатты еншіледі. Астана қаласында ең жоғары көрсеткіш – 125 баллға №40 орта мектеп түлегі Сағындық Ғизат ие болды.
Конференцияда апелляциялық комиссияның атқарған жұмысына, оған қоса бір жыл бойы дайындалған ҰБТ сұрақтарына сын айтылды. Әсима Бимендина мектеп психологтарының өз жұмыстарын жақсы жағынан көрсеткенін мәлімдеп, алғысын білдірді.
Шыңғыс МЫРЗАХМЕТ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті.