«Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды», деген сөз бар. Осы тәмсілді сәл бұрып айтсақ, ауыл баласы да қаланың бар игілігін көріп жүрсе де, ауылға қарап елеңдеп тұрады. Басқаны қайдам, өзім сондаймын. Бас шаһарда тұрып жатқаныма, міне, жиырма жылға тақап қалды. Сонда да туған ауылым бір сәт ойымнан шықпайды. Түсімде де қаланы емес, топырағында жалаң аяқ талай жүгірген осы бір жүрекке ыстық мекенді жиі көремін. Сағынамын. Ал сондай кезде көз алдыма сағымдай бұлдырап қалған қызыққа толы балалық шағым келеді.
Жақында тағы да ауылға бардым. Бірақ қазіргі ауыл бейнесі көп өзгерген. Бұрынғыдай ақар-шақарлы ел жоқ. Әр көшеден бір шоқиған үйді көресің. Тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық шалғайдағы көп елді мекенді күйретіп кетті. Соның салдарын біздің ауыл да тартты. Әйтеуір, ол қиындықтан аман-есен өтсе де, әлі толық оңала қойған жоқ. Оған көптеген себеп бар. Бастысы, жол. Әсіресе аудан мен ауыл арасындағы көтерме жол сонау кеңес заманынан бері жөндеу көрмеген. Ауыл адамдары отыз жылдан бері соның азабын тартып келеді. Биыл осы жолды жөндеуге қомақты қаржы бөлініпті. Осы жағымды жаңалық ел тұрғындарының білте шамдай өлеусіреген үмітін қайта жандырды.
Ал мен ауылға келсем, баяғы балалық бал дәуренімді іздеймін. Сол мәз-мейрам қызыққа толы бақытты шағым, бала бейнесінде ауылдағы әр үйдің арасында жасырынып қалған секілді көрінеді. Әне, анау еңселі үйдің алдында кеудесі орден-медальға толы Есімсейіт атам отырған секілді. Мына, бір үйдің бұрышынан Талқанбай әкем кетіп бара жатқан сияқты. Анау ұзын көшенің басынан аяғын ілбіп басып, Өкен шал келе жатқан секілді елестеді.
Өкен шал демекші, осы кісі үйге келсе әжем марқұм туған құдасындай күтетін. Бірақ оның үйге келгенін апаларым жақтыра қоймайды. Кейде «Өкен келе жатыр» деп есіктің ішкі тиегін салып қоятын. Ол есікті таяғымен ұзақ қағып-қағып, кетіп қалады. Мен оны бойынан күш кетіп, әбден қартайғанда көрдім. Әйтпесе, заманында ел сыйлаған еңселі азамат болыпты. Соғысқа қатысқан. Әжемнің айтуынша, біздің ауылға алпысыншы жылдары келіпті. Оған дейін аудан орталығында тұрған. Дариға есімді бәйбішесі болған. Ауылға көшіп келгеннен кейін ұзақ жылдар қорықшы болып істеген. Кейін кемпірі қайтыс болған соң ет жақын туысының қолында тұрды.
Бірде Өкен шал үйге шатыр-шұтыр найзағай ойнап, қатты жаңбыр жауып тұрғанда келді. Қайдан келгені белгісіз. Үсті-басы малмандай су. Әбден тоңған, суықтан денесі дір-дір етеді. Әжем оны көріп, зәресі ұшып кетті. Үстіндегі су киімін шешіп алып, басқа киім кигізді. Апаларым оның аянышты түрін көріп, анадайдан қашып, әжеммен ұрсысып жүр. Бір кезде: «Әй, қарақтарым, бұл да адам баласы ғой. Қазір мүсәпір болғанымен, кезінде оның жақсылығын көрдік. Адамның жақсылығын ұмытпау керек. Батасы тиеді», деп апаларымды тиып тастады. Жаңбыр басылғаннан кейін оны жақын туысының баласы келіп, алып кетті. Әжем таяғына сүйеніп, ілбіп басып бара жатқан оның соңынан ұзақ қарап тұрды да: «Е, адамның аяғаны жәрдем болмас, Құдай аясын», деп күрсінді. Осы көрініс көз алдымда әлі күнге дейін тұр. Ал әжемнің «жақсылықты ұмытпау керек» деген сөзін жадымнан еш шығарған емеспін.