Футболдан Еуропа чемпионатында тың статистика тіркелді. Түркия құрамасы Аустрия футболшыларын 1:2 есебімен жеңіп, ширек финалға шықса, Нидерланд құрамасы Румыния футболшыларын теңбіл доп тойынан ерте қайтарды.
Румыния құрамасы Еу-Румыния құрамасы Еу- ропа чемпионатына алғаш 1984 жылы қосылып, содан бері ара-тұра құрлық аламанынан бой көрсетіп жүр. Олардың Еуропа чемпионатындағы ең жоғары жетістігі – 2000 жылғы ширек финалға шығуы. Сол биігіне шығуға қарға адым қалғанда сүрінген румындар да футбол тойынан ерте қайтуға мәжбүр болды. Дегенмен де Румыния құрамасы биылғы Еуропа чемпионатының топтық кезеңінде Бельгия, Словакия, Украина құрамаларына қарсы ойнап, Е тобынан көш бастап шығуы – өзі зор нәтиже.
Құраманың капитаны Николае Станчу бұл матчта жеңіске жетеміз деп сенімді шыққанын, жігіттердің барын салғанын айтты. Топтық кезеңде көш бастап шығуы құрама ойыншыларының орасан еңбегі екенін мақтанышпен жеткізді.
«Румын футболының да күні туатын шақ жақын қалғанын дәлелдедік. Еуропа чемпионатын топтық кезеңнен асып аяқтадық. Бұл да біз үшін зор нәтиже саналады, жігіттердің барлығына да алғыс айтамын», деді Румыния құрамасының бас бапкері Эдвард Йорденеску. Румындар 1-таймда 20 минут бойы басымдықты тізгіндеп, қарсыластарын кәдімгідей тықсырған. Бірақ жарақаттанып 38-минутта алаңнан кеткен қорғаушы Могостың жоқтығы Румыния құрамасына қатты батты.
Нидерланд футболшылары Румыния құрамасының қақпасына 3 гол тоғытты. Коди Гакпо 20-минутта есеп ашып берген, Дониэлл Мален 83-минутта нәтижені еселеп қана қоймай, 90+3-минутта үшінші голды соқты. Осылайша, биылғы Еуропа чемпионатында дубль жасаған алғашқы ойыншы атанды.
1976 жылы Еуропа чемпионатында 3-орын олжалаған Нидерланд құрамасына 40 жылдан бері құрлық аламанының жүлдесі бұйырмай келеді.
Елуді еңсерген Винченцо Монтелладан тәлім алатын Түркия футболшылары Аустрия құрамасын 1:2 есебімен ұтып, ширек финалға жетті. Бұл ойында да тарихи статистика тіркелді. Бұрыштамадан аспандап жеткен допты қақпада тулатқан Мерих Демирал 1-минутта-ақ есеп ашты. Еуропа чемпионатының тарихына бұл көрініс плей-офф кезеңіндегі ең жылдам соғылған гол есебінде тіркелді. 59-минутта стандартты шабуылдан Демирал екінші голын еншісіне жазды. Аустрия құрамасының қарымта шабуылының бірі 66-минутта бұрыштама арқылы өрбіп, Михаэль Грегорич есеп айырмасын қысқартқанымен, еш қайран болмады. Бұл матчтағы 3 гол да стандартты шабуыл – бұрыштамадан соғылды. 1980 жылдан бері Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде мұндай дерек тіркелген емес.
Демиралдың соққан 2 голының арқасында Түркия құрамасы ширек финалға 2008 жылдан бері алғаш рет шығып отыр. Матчтың мергені атанған Мерих Демирал екі голдың соғылуына бас бапкер-дің көмекшісі Селшүк Шахиннің де еңбегі ерен екенін жеткізді. «Бас бапкердің ассистенті Селшүк Аустрия құрамасының стандартты шабуылды тойтаруда қауқарлы емес екенін айтты. Арда Гүлердің бұрыштамадан аспандата жеткізген добын голға ұластырдым. Арда – өте талантты ойыншы, жастығына қарамай өте аңғарымпаз, Түркия футболының жарық жұлдызы атанатын шағы алда», деді Демирал. Түркия ойыншыларының ширек финалға шығуына қақпашы Мерт Гүнөктің де қосқан үлесі зор. Ол Аустрия құрамасының бірнеше шабуылын тойтарды.
Түркия құрамасы ширек финалда Нидерланд футболшыларына қарсы ойнайды.
Ширек финал. 5 шілде
Испания – Германия
Португалия – Франция
6 шілде
Англия – Швейцария
Нидерланд – Түркия