Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітап оқу – рухани кемелденудің қайнар көзі» дегеніндей солтүстікқазақстандықтардың талай ұрпағы буынын кітап оқумен кемелдендіріп келе жатқан Қызылжар қаласының ең басты мәдениет ошағы – Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың ашылғанына 90 жыл толып отыр. Бұл – Солтүстік Қазақстан ғана емес республикамыздағы маңдай алды мәдениет орталықтарының бірі.
1932 жылы Қарағанды облысы құрылып, оның қарамағына қазіргі Солтүстік Қазақстан, бұрынғы Көкшетау облысының аумағы және Ақмола мен Қарағанды облыстары енгізілген. Қарағанды облыстық атқару комитетінің шешімімен 1934 жылы облыс орталығы Петропавлда 2 мәдениет ошағы бой көтерген. Оның бірі – облыстық қазақ драма театры және екіншісі осы, облыстық кітапхана еді. Бірақ өңірдегі қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан театрды 1938 жылы өкімет Атырау қаласына көшіріп жіберген, ал кітапхана орнында қалып, сол жылдардан бері дамып, бүгінгі күннің талабына сай жетістіктерге жетіп отыр. 1973 жылы кітапхана архитектуралық тұрғыдан қаланың сәніне айналған тамаша ғимаратқа көшті. Оның салынуына атақты жазушы, жерлесіміз, сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты Сәбит Мұқанов жеке қаржылық тұрғысынан да, үкіметке сауал жолдауының арқасында да тікелей үлес қосқан. Сондықтан кітапханаға 1973 жылдың мамыр айында сәуір айында қайтыс болған Сәбит Мұқановтың есімі берілді. Жазушының 80 жылдығына орай кітапханада оның мемориалдық музей бөлмесі ашылған.
Жуырда кітапхананың 90 жылдық мерейтойына арналған «Кітап – ұлттық рухани қазына!» атты ғылыми-практикалық конференция өтіп, оның жұмысына Астана, Алматы қалаларынан бір топ ғалымдар, қоғам қайраткерлері, жазушылар мен журналистер қатысты.
Қазір кітапхананың 15 бөлімі 45 мыңнан артық тұрақты қолданушыларға қызмет етеді. Ал жалпы, кітапхананы республика, облыс, қала және кейбір шетелдіктердің алыстан тұтынушыларын қоса есептегенде жылына 1 миллиондай адам қолданады. Бейбітгүл Мағжанқызы кітапханаға директор болып келген 1996 жылдан бастап ақпараттық технологияларды, инновациялық жобаларды енгізу басталған. 2005 жылдың 26-27 қазанында Сәбит Мұқанов кітапханасының базасында Петропавл қаласы «Қазақстанның кітапхана астанасы» деп белгіленіп, мұнда электронды кітапхананың қыр-сырын талдауға арналған халықаралық конференция өткізілген. Бұл конференцияның кәсіби маңызы зор болып, ол көршілес елдермен кітапханалық электронды белдеудің дамуына жағдай тудырған.
2009 жылы «Бір ел-бір кітап» атты республикалық акцияның шеңберінде «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған...» атты Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арнаған конференция өткізілген. Сол конференцияның арқасында деректер базасы 4 500-ге жеткен «Мағжан» атты веб-портал, QR-коды «Біздің Мағжан» аталған мобильді кітапхана, «Мағжан ізімен» атты үш тілде жүргізілетін аудиогид іске қосылған.
2014 жылы «Облыстық кітапханалар уақыт талқысында», 2018 жылы Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастығының ХV форумына орай «ТМД кітапханалары – электрондық ынтымақтастық» атты кездесуі өткізілген. Осы, 2018 жеңіп алынған гранттың арқасында роботтехника ресурстық орталығы ашылған. 2019 жылы Ресейдің Ямал-Ненец автономдық округінің Салехардтағы Ұлттық кітапханасымен ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойылған. 2020 жылы Сәбең кітапханасы Еуропа елдерінде ашылған Абай орталықтарына қатысқан. 2021 жылы Минскіде болған XXVIII халықаралық кітап жәрмеңкесіне қатысып, «Есіл өңірінің әдебиеті» көрмесін ұсынған. С.Мұқанов кітапханасы жыл сайын Мәскеуде өтетін халықаралық «Достастық елдері кітапханаларының білім коллаборациясына» қатысып отырады. Сонымен бірге Ресейдің Нижний Новгород, Омбы, Қорған, Челябинск, Новосибирск, т.б. қалаларында болған онлайн конференцияларға қатысып жүр. «Осынша халықаралық форумдарға қатысуымыздың әлем елдерінде Абай орталығының ашылуына және «Азия мен Мұхит елдері» жиынында баяндама жасағанымыздың арқасында біздің кітапханамыз әлемдік кітапхана қауымдастығына жақсы таныс болды», дейді Бейбітгүл Мағжанқызы. Сонымен бірге ЮНЕСКО аясында мәдениеттердің жақындасуы орталығының директоры Үмітхан Мұңалбаева және Қазақстанның Нидерландиядағы елшілігінің қолдауымен осы елдің Гаага, Амстердам, Роттердам қалаларында айтулы ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған халықаралық шаралар өткізілген екен. Қазақстанның бір түкпіріндегі облыстық кітапхананың мұндай жетістіктері айта қаларлық табыс екені даусыз. «Былтырғы тамыз айында мен Нидерландияда болған «Бүкіләлемдік кітапханалық және ақпараттық конгресске» шақырту алып, қатысып қайттым», деді Б.Әбілмәжінова. Бұл да С.Мұқанов кітапханасының халықаралық кеңістікке танылуының бір көрінісі.
Осы жылдардан кітапхана Қазақстан бойынша «ХХІ ғасырдың үздік кітапханасы», «Оқырманы озық өлке», «Рухани қазына – 2019» конкурстарының «Ең үздік облыстық кітапхана» аталымының, т.б. халықаралық, республикалық, ТМД аралық конкурстардың жеңімпазы болған. 28 рет Халықаралық қорлардың гранттарын ұтып алған.
87 адам қызмет ететін кітапхана қоры қазір 750 мың дана кітап, газет, журнал, аудио-бейнематериалдар, электронды өнімдермен толыққан. Соның 415 мыңнан артығы мемлекеттік тілде. Жыл сайын 10 мың дана жаңа құжаттармен толықтырылып отырады. Бейбітгүл Әбілмәжінова: «Бізге цифрлық технологияны дамыту мен еңсеру оңай болған жоқ. Интернеттің телекоммуникациялық кеңістігінен орын тауып, қажетті ақпаратты алу ғана емес, оны пайдаланып, өзің туралы ақпарат таратуға, кітап пен оқуды насихаттауға пайдалану ІТ технология күнде өзгеріп, жаңаланып, жетіліп жатқанда адаспай қалудың маңызы зор. Тек талмай ізденудің, озық тәжірибелерді пайдаланудың арқасында ғана біз өзіміздің ақпараттық ресурстарымызды қалыптастырып, оқырмандарымызға өз сайт, аккаунт, интернет-платформа арналарымызбен қызмет көрсетуге қол жеткіздік. Қазір кітапхананамыздың басты бағыты электронды ақпараттар, электрондық ресурстар, электронды кітапханаға бұрылған. Бізде заманауи ІТ орталық, жоғары жолақты интернетіміз бар. Кітапханамыздың 7 сайты жұмыс істейді. Алыстан қатысатын оқырмандарға электронды каталог, құжаттарға тапсырыс беру, онлайн-кеңесші, чат-бот, подкастар, электронды тапсырыс жүйесі, барлық қабатта Wi-Fi, «Кітапханашыдан сұраңыз» атты виртуалды сұрау қызметі жұмыс істейді», деді ол.
Кітапхана қорын цифрландыру жұмысы да үздіксіз жүргізіліп отыр. Бүгінге дейін 19 мың кітап пен мақалалар цифрландырылып, 40 мың мегабайттан астам электронды ресурс қалыптастырылған. Қазір кітапхананың барлық жүйесі үнемі жаңғырып отырады. Сыртқы түрі де өзгертіліп, ішінде жайлы кеңістіктер, жаңа тұрпаттағы мәдени және білім беретін орталықтар мен ІТ-сервистер енгізілген. Оларға қолданушыларды тарту үшін бизнес құрылымдары мен жастарды қызықтыратын заманауи коворкинг орталығы ашылған. Оны қолданушылар жеке кабиналарда кофе ішіп отырып жұмыс істей алады. Ал жоғарыда аталған балаларға арналған роботтехниканың ресурстық зонасы 7-жыл жұмыс істейді, оның тұрақты қатысушылары түрлі конкурстарға қатысып, жеңімпаз болып жатады. Ал биылғы қыркүйекте мүмкіншілігі шектеулі балаларға арналған «Makerspace» кеңістігі де ашылады екен.
Кітапханада тіпті комикстер орталығы да жұмыс істейді. Қазақ, ағылшын, түрік тілдерін ақы-пұлсыз үйренушілерге арналған «Book club», «Discussion club», «Game club» атты әңгімелесу, пікірлесу, айтысу клубтары да бар. Биылғы қаңтар айынан бастап Францияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен оффлайн және онлайн режімдерінде француз тілінде әңгімелесу клубы ашылған. Солтүстік Қазақстан облысы