Сенат төрағасының орынбасары Ольга Перепечина сенаторлар Әсем Рахметова және Ләззат Қалтаевамен бірге Солтүстік Қазақстан облысына келіп, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен және мәслихат депутаттарымен кездесуде көктемгі су тасқынының салдарын жою, зардап шеккендерге әлеуметтік көмек көрсету, мүгедек адамдардың құқықтарын қорғау, тағы басқа мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ сенаторлар VIII шақырылымның II сессиясында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, Сенат вице-спикері Ольга Перепечина Палатаның 102 заң мақұлдағанын, депутаттық бастамалар аясында 33 заң әзірленіп қабылданғанын атап өтті. Ал Үкімет пен мемлекеттік органдарға азаматтарды алаңдататын өзекті мәселелер көтерілген 200 депутаттық сауал жолданды.
«Біз өңірлерде халықпен кездесіп, жұртшылықты толғандыратын мәселелерді талқылаймыз. Кейін оларды Үкіметпен бірлесіп, пысықтаймыз. Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жұмыс істейміз. Сондықтан жұмысымызға сын көзбен қарауымыз керек. Біз банктік және ақпараттық жүйелердің ашықтығын күшейту бағытында да жұмыс жүргізіп келеміз», деді Ольга Перепечина.
Сапар барысында депутаттар Петропавлдағы облыстық перинаталдық орталық базасында ашылған «Қамқорлық» ерте араласу орталығына барды. Мұнда облыс тұрғындарына тегін қызмет көрсетіледі.