• RUB:
    5.41
  • USD:
    476.27
  • EUR:
    515.47
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 04 Шілде, 2024

Үкіметте жемшөп өндірісін дамыту мәселесі талқыланды

51 рет
көрсетілді

Биыл жемшөп дақылдарына арналған егіс алқабы 3,4 млн гектардан асты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 314 мың гектарға артық. Десе де өңірлерде жемшөп сапасын жақсарту және егіншілік деңгейін арттыру бойынша жұмыстар уақыт күттірмейді. Аталған мәселелер Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі ғылыми тәсілді қолдана отырып, Жемшөп өндіру саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі жол картасын өзектендірген еді. Оның мақсаты - 2028 жылға қарай жемшөп дақылдарының егіс алқаптарын 3,6 млн гектарға дейін кеңейту арқылы ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін екі есеге арттыру. Биыл 3,4 млн гектардан астам жерге жемшөп дақылдары егілді.

«Жемшөп дақылдары егілген алқаптың 74%-ы көпжылдық шөптердің үлесіне, 26%-ы біржылдық дақылдарға тиесілі, олардың көктемгі егісі мал шаруашылығының қажеттілігі үшін пішен мен сүрлем дайындауды қамтамасыз етеді. Өңірлерде шөптерді жаңарту, шабындық пен жайылым жерлерді жақсарту бойынша жұмысты күшейту қажет, соның салдарынан мал азығында әлі де шөп пен жемшөп, яғни қарапайым жем басым. Бұл ретте барлық өңірде Үлкен жоба шеңберінде тауарлы-сүт фермаларының құрылысы жүріп жатыр, олар үшін пішен, жүгері, сүрлем дайындау қажет», деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Қазіргі уақытта республика бойынша пішенмен қамтамасыз ету 45%-ды, ал сүрлеммен қамтамасыз ету 72%-дан аспайды. Жалпы, 2024 жылы 25,5 млн тонна шөп, 1,6 млн тонна пішен, 4,6 млн тонна сабан, 5,7 млн тонна құнарлы жем және 2 млн тонна сүрлем дайындау жоспарланған.

«Бізде жер жеткілікті, бірақ ұтымды игерілмейді. Өңірлердің алдына жемшөп өндіру бойынша нақты міндеттер қою керек. Жол картасын әр өңір үшін 2-3 жылға арналған жемшөп дақылдары жөніндегі жоспармен толықтыру қажет», деп тапсырды Серік Жұманғарин.

Одан бөлек өңірлердің әкімдіктеріне мал азығы дақылдары үшін суармалы жер көлемін кеңейтуге, жемшөп дақылдарының тұқым шаруашылығын дамытуға, пайдаланылатын жайылымдық жердің өнімділігін арттыруға баса назар аудара отырып, егіншілікті әртараптандыру тапсырылды.