Жамбының «Айқабақ ату» деген де түрі бар. Егер бұл зат алтын бұйымнан жасалған болса, оны «Алтынқабақ» деп атаған. Айқабақ – көлемі ай пішіндес, сом күмістен құйылған бұйым. Бұл – нағыз жамбы атудың қазақ халқына етене жалпыласқан түрі. Айқабақ ату көп жағдайда аса үлкен жиын, тойларда өткізіледі. Жауынгерлердің мергендігін шыңдайды.
Айқабақты ұзын сырықтың басына, мөлшерлі жерге іліп қояды. Оны аттың үстінде шауып келе жатып садақпен дәл атып түсіру керек. Бұл – садақшылардың ең жоғары деңгейін анықтайтын шеберлік сынағы. Өте үлкен мерекелерде ғана ойналады. Атып түсірген мерген қымбат бұйымды өзі алады. Бұл сайыстың өзіндік ережесі болғаны анық. Бір сөзбен айтқанда, бұрынғы кезде жауынгерлер оңай олжа табу үшін мерген болуы қажет. Мысалы, зерттеуші И.В.Аничковтің жазбасында, сайысқа әбден машықтанған мергендер қатысады, оғы дарыған адам Алтын қабақты олжалайтыны туралы айтылған (Аничков И.В. Поездка на киргизские поминки в 1892 году. Казань, 1897).
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атаулардың дәстүрлі жүйесі» атты бес томдық энциклопедияның бірінші томының 164-бетінде: «Алтынқабақ – садақшылардың мергендігі сыналатын сайыс. Ойынның шарты – жаяу немесе ат үстінде шауып келе жатып, мерген сырықтың басына ішіне алтын-күміс, қойтұяқ, тайтұяқ жамбы салып іліп қойған Алтынқабаққа оғын дәл тигізу қажет» делінсе, аталған кітаптың 87-бетінде: «Айқабақ – көлемі ай пішіндес құйылған сом күміс» деген анықтама беріліпті. Демек бұл да жамбының бір түрі. Мергендер осы айқабақ – жамбы атып жарысатын болған. Көне әдеби мұраларда бұл сайысты «Қабақ ату» деп те айтады. Қазіргі таңда халқымыздың осы өнерін түрік бауырларымыз еншілеп, әлемдік додаларда «қабақ ату» атты стиль енгізіліп жатыр.
Бұл нысана мысырлықтардың көне жазбаларында «қабақ» деп аталыпты. Былайша айтқанда, көне аталарымыздың Айқабақ немесе Алтынқабақ ату ойыны сияқты. Уақыт өте келе мәмлүктердің материалдық жағдай оңалып, жақсарған тұста биік діңгектің басына асқабақ пішіндес шыны ыдыс орналастырып, оның ішіне тірі кептер отырғызған. Белгілі бір қашықтықтан шауып өткен мерген ыдысты атады. Оқ тисе ыдыс сынып ішіндегі кептер ұшып шығатын болған. Мұндағы ерекшелік нысана шырқау биікке қойылады да, мерген оғын тік шаншылтып көкке қарай атады (Қайрат Сәки. Мәмлүктердің соғыс өнері. – Астана: Фолиант, 2015. – 114 б).
Сондай-ақ мысырлық ғалымдардың жауынгерлік туралы жазбаларында «Қиғаш ату» деген болған. Мұндағы нысана – сырғыма құм толтырылған қап. Оны төменге, яки биік жардың етегіне іліп қояды. Мерген шауып келіп жоғарыдан төмен қарай қиғаш тартады. Жебе тисе қап жарылып, құм ақтарылып түседі. Мысырлық түрік-қыпшақ оқымыстысы Тайбұқа ноян: «Қабақ ату, қиғаш ату тәсілдерін арабтар білмейді, бұл – түркілердің (қыпшақтардың) өнері» деп жазады.