Сенат депутаты Нұрлан Бекенов Ақмола облысындағы аудандардың тұрғындарымен кездесу барысында өңірлермен бірге жұмыс атқару кезінде жергілікті халықтың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге басымдық берілетінін айтты.
Депутат Бұланды ауданындағы Қараөзек ауылында тұрғындарымен кездесуде Аққайың ауылындағы су құбырын күрделі жөндеу және жаңғыртуға қажетті қаржы бөлудің ықтимал тетіктерін талқылады.
Бурабай ауданында Нұрлан Бекенов бірқатар маңызды жобаны іске асыру барысымен танысты. Олардың қатарында Щучье қаласында жылу желісін салу, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін тұрғын үй сатып алу, сондай-ақ Наурызбай батыр ауылындағы су құбырының құрылысы да бар.
Нұрлан Бекенов бұл жобалардың маңыздылығын атап өте келіп, оларды іске асыру жергілікті халықтың өмір сүру сапасын едәуір жақсартатынына сенім білдірді. «Біз сапалы тұрғын үй жағдайы, тұрақты жылумен қамтамасыз ету, таза ауызсуға қол жеткізу адамдарға қаншалықты маңызды екенін білеміз. Өңірлермен бірге жұмыс атқара отырып, біз әрбір тұрғынның ертеңгі күнге деген сенімін ояту үшін бүкіл проблемалық мәселелерді шешуге тырысамыз», деді сенатор.