• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 05 Шілде, 2024

Астананың 5 мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылады

123 рет
көрсетілді

Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңда елорданың 5 мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылады. Тиісті сыныптар «Charity Samruk Marathon 2024» қайырымдылық марафонында жиналған қаражат есебінен жабдықталады, деп жазады Egemen.kz.

Әлеуметтік жоба Астана қаласының бес білім мекемесін, яғни №22, №36, №59, №76, №97 мектептерін қамтып, 150-ге жуық балаға қажетті жағдайды жасауға мүмкіндік береді. Инклюзия кабинеттерін жабдықтауға «Самұрық-Қазына» қолдау білдіріп отыр.

Дәл осы мектептерде ерекше қажеттілігі бар балалардың саны көп және құрал-жабдық пен әдістемелік жәрдемге мұқтаж. Сыныптар төрт бөлек бөлмеден тұрады: логопед, дефектолог, психолог кабинеттері және қыш шеберханасы. Сонымен қатар, әр мектепте жеке емдік дене шынықтыру кабинеті ашылады. Мұғалімдер де қажетті дайындықтан өтеді.

Бүгін «Samruk-Kazyna Trust» КҚ бас директоры Альфия Адиева барлық мектепті аралап, жөндеу және басқа да ұйымдастыру-әзірлік жұмыстарының барысымен арнайы танысты.

«Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстандағы инклюзивті білім беруді дамытудағы маңызды қадам болмақ. Жаңа сыныптардың арқасында қандай да бір ерекшелігіне қарамастан барлық балаға оқуға бірдей жағдай жасалады. Осылайша, Қор Білім басқармасымен бірлесіп, инклюзивті қолдау кабинеттері үшін инфрақұрылымның жаңа үлгісін әзірледі. Мысалы, олардың аумағы 60-70 шаршы метрден кем болмауы керек. Мектептерде жөндеу және басқа да сыныптарды ашуға дайындық жұмыстары басталып кетті», деді «Samruk-Kazyna Trust» жетекшісі.

Еске сала кетейік, 1 маусымда өткен «Charity Samruk Marathon 2024» қайырымдылық марафонына 2 мыңнан астам адам қатысып, 125 миллион теңге жиналды.