Тоқсан жетінің көктемі жетісулықтардың төбесіне жай түсіргендей жайсыз жаңалығымен келді. Талдықорған облысы тарап, балапан басымен, тұрымтай тұсымен кетті. Жан-жағымызды жайлаған жұмыссыздық жүйкемізді жұқартып-ақ жіберді. Жарты жылдай үйде жатып, жамбасымыз тесілуге айналған соң жалақы тауып, жан бағудың жолдарын іздеп әбден әлекке түстік.
Адал достың алқауы
Тура сол тұста астанамыз Алатаудың баурайынан Арқа төсіне көшіп, еліміз абыр-сабыр болып жатқан еді. Жаңа орданы жарнамалаған үздіксіз үгіт-насихаттың әсері ме, әйтеуір ұлы көштің ұзын ахауы ептеп еліктіре бастады. Оның үстіне, мұнда үміт отын үрлейтіндей үп еткен жел байқалмайды. Бала-шағаны асырау күннен-күнге қиындап барады. Содан «Егемен Қазақстанның» Ақмоладағы тілшілер қосынының тізгінін ұстап тұрған курстасым Мұратбек Тоқтағазинге телефон соғайын. Есендік сұрар-сұрамастан еңіреп қоя бергенім есте: «Бірдеңе қылмасаң, қиналып біттік. Көмегің керек. Кергімей кез келген қызметке келемін», дедім қандай ұсыныстан да бас тартпайтынымды білдіріп.
– Жарайды. Маған сәл-пәл мұрсат бер. Қазірден бастап қарастырамын. Бұйырса, бірдеңесі болар, – деді ол менің көңілімді демеп.
Араға апта салып жаңа астанадан жағымды жаңалық жетті. Айтуына қарағанда, қалалық газет бас редакторының орынбасары болатын сияқтымын. Енді кешікпей елордаға жетуім керек екен. Сөйттік. Ала қабымызды арқалап, теміржол вокзалына түскенімізде, белгілі журналист Сейфолла Шайынғазы екеуі арсалаңдап алдымнан шықты. Солайша ойламаған жерден астаналық атандық. Оған да міне, ширек ғасырдан асыпты. Атақты Шота Руставели айтқандай, «уақыттың да аялдауға уақыты жоқ».
Елорда эпопеясын жазысып жатқан азаматтар арасында кеңбайтақ Қазақстанның әр өңірінің өкілдері бар. Олардың бірі мұнда жоғары биліктің шақыруымен, екіншілері қызмет бабымен, үшіншілері тағы бір себептермен ат басын бұрғаны белгілі. Ал мен Алла сәтін салып, Мұратбектей адал досымның алқауымен Астана төрінен табылғанымды айтпасам азаматтық арыма сын.
Болар баланың болмысы
Аталарымыз тауып айтқан. «Болар бала...» кішкентайынан-ақ кісіліктің белгісін береді. Тарғыл тасы тұнған тарих Тарбағатай тауының етегінде, талай ақын тамсана жыр арнаған Аягөз өзенінің жағасында туып-өскен өреннің өмірден өзгеше өрнек іздемеуі мүмкін емес секілді көрінеді кейде. Ауылындағы арғы-бергі замандардың шежіресін ағыл-тегіл шертетін абыз қариялардың, өз әкесі Балқыбек пен анасы Бәтиманың әредік айтатын әсерлі әңгімелері құйма құлақ қара баланы қаршадайынан есті сөзге үйір етті. Санасына сәуле түсіріп, ой-өрісін кеңейтті. Жас жүрегін тебірентіп, телегей қиялын тербеді.
Жетінші сыныпта оқып жүргенде ойдан өлең құрап, онысын қысыла-қымтырыла көршінің көрікті қызы Айтжамалға көрсетсін. Сол-ақ екен, анау жатып кеп жабыссын. «Ойбай, мынауың керемет екен. Маған бере тұршы, үйге апарып көшіріп алайын». Берейін десе, «іштен шыққан шұбар жыланын» қимайды. Бермейін десе, қылымсыған қу қыздың көңілін қимайды. Ақыры қинала-қинала алтынға айырбастамас жазбасын алдырып тынды.
Аулада асық атқан алаңсыз күндердің бірінде ауылдастары аяқ астынан шу ете қалды. Республикалық «Қазақстан пионері» газетінде Мұратбектің «Күн суреті» дейтін алты шумақ өлеңі басылыпты. Алқалаған әлеумет атағын аспанға көтерді. Ауылдың бас ақыны Қыдырмолда ағай арқасынан қағып, сәт сапар тіледі. Мұғалімдері мақтап, жер-көкке сыйғызбады. Бұл оның баспасөзде жарияланған тұңғыш туындысы-тұғын. Айтпақшы, бұл қуаныштың себепкері әлгі Айтжамал болып шықты. Қоярда қоймай қолқалап алған кластасының өлеңін хатпен Алматыға жолдап жіберіпті.
Талаптың тайын ерттеп мінген Тоқтағазин мұнымен тоқтамай, арындап алға тартты. Алдымен Аягөз аудандық «Алға», облыстық «Семей таңы» газеттерін «бомбылай» бастады. Бара-бара қысқа хабар-ошарды қойып, көлемді дүниелерге көшті. Тіпті кеңсесіне «бір шаруамен» келген жас тілшіні қабылдамай меселін қайтарған совхоз директорына «жыны» ұстап сын мақала жазды. «Ақпандағы ақ қозылар» атты репортажының аяқ жағында шаруашылықтағы кейбір шалағайлықтардың кесірінен келеңсіздіктерге жол берілгенін нақты мысалдармен дәлелдеп берді. Қызық болғанда, мақаладағы кемшіліктер аупартком бюросында қаралып, кеңшар басшысына ескерту жасалған.
Бағы жанған бала тілші осылайша ойқастап, сиқырлы қалам құдіретіне қалай арбалғанын білмей қалды.
Журналистикаға жетелеген жол Орыс тілінен оқыста төрт алып қалмағанда орта мектепті алтын медальмен бітіре жаздаған Тарбағатайдың тастүлегі кәмелеттік аттестат қолына тиісімен Алматыға тартты. Жүрегі қалаған ҚазМУ-дің журфагына құжат тапсырды. Жүз мақала жапсырылған бес альбомды емтихан комиссиясының алдына тарс еткізіп тастай салғанда, талайды көрген тарланбоз декан Темірбек Қожакеевтің өзі таңдай қағып, таңданысын жасыра алмады. Әдеттегідей әнтек шалқайып отырды да әзілге шаптыра бір шаншып өтті. «Әй, Тоқтағазин, саған оқудың қажеті не? Мына байлығыңды малданып, бірден «Лениншіл жасқа» жұмысқа қабылдансаң да қарсы емеспіз» демесі бар ма, кеңк-кеңк күліп.
Ауызша, жазбаша емтихандардың ешқайсысынан сүрінбеді. Тек тарихтан тапсырғанда тасыраңдаған апайдың үш қойып жібергісі келгені болмаса. Оған көнетін оғлан бұл ма. Айғайға аттан қосып емтихан алу жөніндегі апелляциялық комиссияның төрағасы профессор Уахит Шалекеновтің алдына барды. Баяғы Баласағұн қаласын қазақ жерінен тауып, қырғыз ғалымдарымен айтысып-тартысып жүрген белгілі тарихшының бетіне тайсалмай қарап, «Әгәрәки, әділеттің көзі ағып кетпесе, бұл пәннен сүрінетін жөнім жоқ. Нанбасаңыз, кез келген сұрақты қойыңыз. Дайындалмастан жауап беруге әзірмін» деді алқымына тірелген ашуын әзер басып. Бота тірсек бозбаланың бойындағы бұлқынған бұла күшке риза болды ма, кім білсін, төраға төтенше шешім қабылдап, албырт абитуриенттің сынақ кітапшасына кідірместен бес қойып берді.
Бірінші курста-ақ балағының биті барын байқатқан Мұратбек Тоқтағазин басқалардай көткеншектемей Көкбазар түбіндегі көпқабатты ғимаратта орналасқан барлық басылыммен байланыс орнатты. Екі күннің бірінде мақаласы шығады. «Лениншіл жас», «Жетісу», «Социалистік Қазақстандағы» атағынан ат үркетін ағаларымыздан тапсырма алып, оны тап-тұйнақтай орындайды. Қаламақымен қалтасын қампитып, киімнің сәндісін киіп, тамақтың дәмдісін ішеді. Редакцияларға өзі ғана бармай, жазуға бейімі бар қыз-жігіттерді ерте кетеді. Сойы бөлек сол саңлақтардың бірі, қазіргі қазақ журналистикасының хас жүйрігі Бауыржан Омарұлы осы еңбегін ескеріп, оған әлі күнге дейін рахметін жаудырумен келеді.
Белеске көтерген белсенділік
Кейіпкеріміздің қалам қуаты өз алдына, қоғамдық белсенді қарекетшілдігі де жолындағысын жапырардай жойқын болатын. Еті тірі елгезектігі арқасында факультет комсомол комитетінің бюро мүшелігіне сайланды. Қаламнан қолы қалт еткенде, классиктердің кітабын кеміреді. Кітапханада сарылып сабаққа дайындалады. Соның арқасында айналасынан ат оздырып, ГДР-дегі халықаралық студенттер лагеріне барып қайтты. Аталған елдің біраз қаласын аралап, жолсапар очерктерін жазды. Әсіресе, Берлиннің әйгілі Трептов паркіндегі жеңімпаз кеңес әскеріне орнатылған әйдік ескерткіш туралы «Миллиондар жүрегіндегі монумент» дейтін ой-толғауы оқырман айызын қандырғанын атап өткеніміз абзал. Өйткені жаһанға жайылған монументтегі кішкентай неміс қызын құшақтап тұрған апайтөс Азаттық жауынгерінің айшықты бейнесін майталман мүсінші Евгений Вучетич, атбасарлық орыс Иван Одарченконың түр-тұлғасына қарап сомдағанын біреу білсе, біреу білмейтін.
Айтпақшы, сол сапарынан досымыз біраз сурет әкелген. Солардың ішіндегі біреуі бізді еріксіз елең еткізді. Әлдебір музейдің фашизмді айыптайтын мүйісінде түсірілсе керек. Сабазың саспастан Екінші Рейхтің ерекше белгісіндей свастика бейнеленген тудың жанында тұр жымиып. Қайсысымыз екені есімде жоқ, әйтеуір біреуіміздің «Әй, әпенде, ақыр бас жаққа барысқан екенсің, кәрі неміс солдатымен түспедің бе?» деп әзілдегеніміз бар.
Балқыбекұлының бұдан басқа да қызықтары баршылық. Бірақ оның бәрін жазуды газет беті көтермейді.
Ақмола үшін айқас
Адамның айтқаны бола бермейтіні рас. Алланың арнауы біледі. Әйтпесе, университетті тауысқан соң Тоқтағазиннің «СҚ»-ның сықиған қызметкері болатынына ешқайсымыз күмән келтірмейтінбіз. Соңғы курста бос уақытының бәрін Балғабек Қыдырбекұлы басқаратын ұлағат ұясында өткізетін. Штатта болмаса да екі-үш рет іссапарға шықты. Кейде өз еркімен түнгі кезекшілікке де барып қайтады. Енді диплом алып, редакцияның киелі табалдырығынан ресми түрде аттау ғана қалған еді.
Бірақ бұл сценарий күтпеген жерден күрт бұзылды. Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» газеті редакторының бірінші орынбасары Жомарт Әбдіхалықов қасына «Білім және еңбек» журналының бас редакторы әрі ескі досы Ақселеу Сейдімбековті аудиториямызға ертіп келді де арманы асқақ, мұраты биік Мұратбекті алған бетінен айнытып, қалай көндіргенін қайдам, мұрнын тескен тайлақтай жетектеп тың өлкесіне алып кетті.
Тағдырының тартуы болар, қасиетті Қараөткел топырағы бұған майдай жақты. Пәлендей қиналмай пәтерге қол жеткізді. Кешікпей мектепте бірге оқыған сүйген қызы Мәдениетпен бас қосты. Алтын асықтай үш ұлы дүниеге келді. Шығармашылық қабілеті шыңдалып, журналистік шеберлігі артты. Жалындаған жас талантты мойындағандары болар, әріптестері қызу қолдап, оны қалалық Кеңестің депутаттығына ұсынды. Баламалы сайлауда басымдық танытты. Обалы нешік, халық қалаулысының мандаты жүктеген міндетті мінсіз атқаруға тырысты.
Қоғамда жариялылық жалауы желбіреп, демократиялық өзгерістер дендей бастаған кезде «СҚ»-ға редактор болған Шерхан Мұртаза жанына жаңашыл жастарды жинады. Сәті түсіп 24 жастағы Мұратбек Тоқтағазин де соны өзгерістер әкелер сол топтан табылды. «Егеменнің» Есіл жұрттағы елшісі атанып, өңірдің өзекті мәселелерін қаламымен қаузады.
Тыным таппай тындырған іргелі істердің ең ірісі қаланың қазақша атауын қайтару болғаны даусыз. Депутат ретінде ұлт ұпайын түгендеуге аянбай атсалысты. Ат төбеліндей ғана қара көз азаматтар өздерінен әлдеқайда көп өзге ұлт өкілдеріне дес бермеді. Өйтіп-бүйтіп оларды дегендеріне көндірді. Мүкең айналасындағы ұлтжанды азаматтармен ақылдаса келе, асығыс түрде Ресейге аттанды. Онда қызық қуып, қыдырып барған жоқ, әрине. Горькийді аттан аударып тастап байырғы Нижний Новгород атауын қайта иеленген шаһар әкімдігінің тәжірибесін зерттеп, үйренетін үрдістерді целиноградтық әріптестерінің қаперіне салды.
Мұратбек мұнымен шектелмей, негізгі қызметінің нығметтерін де молынан пайдаланды. Шері мінезді Шерағаң да тілшісінің жазғандарына шектеу қоймай, елді елеңдеткен атышулы «Ақмола үшін айқас» айдарымен сериялық мақалаларды үзбей жариялап, жоғары жақтың назарын аударды. Ұзын сөздің қысқасы, ойдағы мақсат орындалып, тарихи әділеттілік орнап, Ақмола атауы қайта оралды.
Осы орайда айта кеткен абзал, Ақмолаға байланысты біздің курс мақтан ететін екі нәрсе бар. Өйткені Ақмолаға астананы көшіру туралы идеяны алғаш «Қазақ әдебиеті» газетінде көтерген Досымхан Қапасов та, Целиноградтың аласталып, Ақмоланың салтанат құруына қомақты үлес қосқан Мұратбек Тоқтағазин де бізбен бірге оқыған. Ең ғажабы екеуі де Аягөз ауданының тумасы.
Құрметке лайық қаламгер
Қаламгер, қайраткер Мұратбек Тоқтағазин ілгеріде өзі редакцияларға ілестіріп апарған курстасы, бүгінде академик Бауыржан Омарұлының ғылыми жетекшілігімен «Әзілхан Нұршайықов шығармашылығындағы деректік негіз және көркемдік сипат» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. Қазіргі таңда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде болашақ журналистерге дәріс оқитын ұстаз. Әйгілі Әзағаңды әспеттеген ғалым ретінде бірсыпыра шаруаның басын қайырғаны баршаға аян. Біз оның бәрін баяндауды артық санадық. Бұл жөніндегі әңгімені басқа әріптестеріміздің екіншісіне қалдырып, өзіміз білетін қырлары төңірегінде ғана толғағанды жөн көрдік.
Жуырда ұзақ жылғы жемісті журналистік жұмыстары үшін «Құрмет» орденімен марапатталған Мұратбектің Тарбағатайдың қатал табиғатына төтеп беретіндей өршілдікпен өсіп-өнген тасжарғандай алдағы мақсатына жету жолындағы түрлі қиындықтан тайсалмай, алда да талай асулардан асатынына сеніміміз мол.