АСТАНА. 21 қаңтар. Жамбыл облысындағы «Шатыркөл кен орны маңында «Балқаш-Шатыркөл» бағыты бойынша ұшып бара жатқан Ан-2 ұшағы құлап, 6 адам қаза тапты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұшақ құлаған ауданға «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Шатыркөл» кен орны қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері, Қарағанды және Жамбыл облыстары төтенше жағдайлар департаменттерінің құтқару бөлімшелері және Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің жедел-тергеу тобы барды.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Шатыркөл» кен орнының күшімен жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстарының нәтижесінде құлаған ұшақ кен орнынан 20 шақырым жерден табылды.
Ұшақтың құлауынан экипаждың 3 мүшесі, сондай-ақ 3 жолаушы қаза болды. Ал Ұшақ құлаған орында тірі қалған бір әйел ауруханаға жеткізілді.
Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар комитеті апаттың себебіне қатысты болжамды ақпарат жариялады. Хабарламада көрсетілгендей, үстіміздегі жылдың 20 қаңтарында сағат 15.40-та, алдын ала жасалған болжам бойынша ұшақ қонуға таяғанда қалың тұман салдарынан жерге соғылған.
Апатқа қатысты заңда көрсетілген тәртіпке сәйкес, тергеу амалдарын Жамбыл облысы ішкі істер департаментінің жедел-тергеу тобы жүргізіп жатыр.
Жолдыбай Базар.
Дерек: Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.
Сурет: kaz.gazeta.kz.