Елімізде «Игі істер марафоны» басталды. Мәдениет және ақпарат министрлігі «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ-мен бірлесе қолға алған бастаманың мақсаты – отандастарымыздың волонтерлік, қайырымдылық іспен айналысуына ықпал ету.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында халқымыздың қанында жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық сынды асыл қасиеттердің барын айрықша атап өтті.
«Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс. Біздің күшіміз ынтымақта. Еліміздің әлеуметтік саясаты осы құндылыққа негізделген. Мемлекет те, қоғам да көмекке шын мұқтаж адамдарды қолдауға қашанда дайын. Біздің еріктілеріміздің ерен еңбегі – жанашыр болудың шынайы үлгісі. Олар кез келген сәтте өзгелерге риясыз көңілмен көмектесуге ұмтылады. Бизнес өкілдері және басқа да азаматтарымыз түрлі қайырымдылық шараларға белсене атсалысады. Бұл да – тілеулес болудың айқын көрінісі», деп Президент іргелі құндылықтардың маңыздылығын тағы бір мәрте еске салды.
Осы сабақтастықтың жібін үзбей басталған жоба аясында күнтізбедегі маңызды күндерге, халықаралық және түрлі әлеуметтік, мәдени тақырыптарға арналған «Жақсылық апталығы», жыл сайынғы тақырыптық іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Бір айта кетерлігі, тақырыптар атауы жыл сайын өзгеріп отырады. Бұл әлеуметтік жауапкершіліктің түрлі салаларына қызығушылықты арттыра отырып, өзекті мәселелерді қамтуға ұмтылады.
«Игі істер марафонының» алғашқы аптасы экологияға арналады. Жобаға қатысу үшін жасаған игі іс туралы әлеуметтік желілерде ақпарат жариялап, Qazvolunteer.kz онлайн платформасында тіркеуден өтуі қажет.
Марафон қорытындысында ең белсенді қатысушылар Алғысхаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталады. Толық ақпарат Qazvolunteer.kz сайтында және әлеуметтік желідегі @kz_nvs және @qazvolunteer.kz парақшаларында жарияланады.