• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 10 Шілде, 2024

Дерттің емі – қоғамдық жауапкершілік

160 рет
көрсетілді

Елімізде қоғам болып күресіп келе жат­қан дерт пен әлеуметтік кеселдер аз болмай тұр. Солардың бірі – лудомания, яғни ойынқұмарлық. Бүгінде елімізде әрбір бесінші адам құмар ойынның қызығына кірген немесе қандай да бір қатысы бар. Нақты сандарды сөйлетсек, 400 мыңдай адам лудоманияның шырмауына іліккен. Ең қорқыныштысы, бұл көрсеткіштің жыл өткен сайын өсіп барады. Іс насырға шауып бара жат­қанын дер кезінде байқаған Президент Парламентке заң жобасын әзірлеуге тапсырма берді.

Заңдық негіз

Бұл дерт туралы, онымен қазірден күресу керектігі жөнінде дабыл қағылып, түрлі бастамалардың көтеріліп келе жатқанына бірнеше жыл өтті. Бұл кеселмен күрестің заңдық негіздемесін Мемлекет басшысының өзі айқындады десек, ақиқатын айтқан болар едік. Биылғы наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның дамуын тежеп, ұлтқа қауіп төндіріп келе жатқан бірнеше кеселді атады. Солардың ішінде лудоманияға айрықша тоқталды. Өйткені бұл дерт қоғамға барынша тамыр жайып, күн өткен сайын дендеп келе жатыр. Мемлекет басшысы құмарпаздыққа шырмалған 400 мың адам тұтас бір қаланың халқының санымен пара-пар екенін ескертіп, күрестің жүйелі жүргізілуін тапсырды.«Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады», деген еді Президент сол жолы.

Үзіліссіз қағылған дабыл

Көп ұзамай Парламент іске кірісті, «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен негізгі заң мен оған ілеспе заңдардың жоба­лары әбден пісіріліп, жетілдірілді. Мә­жіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев бұл өзекті мә­селенің қарастырылып келе жатқанына 2 жыл­ға жуықтағанын, кейбір нормаларға рет­теу­шілік талаптар төңірегінде талдау жүргізу мақсатында Үкіметтің қорытындысын алудың өзіне бір жарым жыл уақыт кеткенін айтты.

– Заң жобасына Мәжілістегі барлық фрак­ция өкілдері бастамашы болды. Осы кезең ішін­де қаншама талқылау, біраз пысықтау бол­ды. Қоғам дертіне айналған бұл мәселеге қатыс­ты қаншама депутаттық сауал жолданып, ар­­найы отырыстар ұйымдастырылды. Бұл мәселе­ге Президент Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайда, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында, бірнеше рет ерекше тоқталғанын жақсы білесіздер. Демек бұл аталған мәселенің қоғам үшін өте өзекті әрі маңызды екенін көрсетеді. Оны мына жайттардан байқауға болады. Біріншіден, құмар ойынына шырмалғандар санының артуы. Деректерге жүгінсек, кейінгі екі жарым жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай-да бір қатысы бар. Ал оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Сұмдығы, бұл дерт балалар мен жас­өспірімдерді де шарпып отыр. Құқық қор­ғау ор­гандарының мәліметінше, шамамен 200 мың­ға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, азарттық ойындар ойнайды екен. Өзге адамның логинімен букмекерлік кеңселерге бәс тігуші адамдар да аз емес. Бірақ олардың саны нақты қанша екені белгісіз, – дейді Е.Бейсембаев.

Депутаттың айтуынша, ойынға деген құмар­­лықтың салдары отбасы институтын әлсіретіп, айрандай ұйып отырған отбасы­­лардың ойранын шығарып жатыр. Ең сорақысы, еліміздегі ажырасулардың 40%-ына осы лудомания тікелей себеп болып отыр екен.

– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа бара­тындардың дені – құмар ойынға шалдық­қандар. Былтыр Алматы облысында жан­түр­шігерлік жағдайда әйелі мен екі баласын аяусыздықпен өлтіріп, үйін өртеп жіберген оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Құмарпаздықтың кесірінен қолын қанға бояған қылмыскер нағыз лудоман болған. Өкінішке қарай, болмашы ғана ақшаға бола үш бірдей адамның өмірін қиды, – деген Мәжіліс депутаты бұл кеселдің кезекті кесірі суицидтің өршуіне де тиіп отырғанын жеткізді.

Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қаза тапса, олардың әрбір бесіншісінің соңы лудоманияға келіп тірелген.

– Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Олардың көбі құмар ойын­ның шырмауынан шыға алмай жатқа­нын білеміз. Осыдан бір жыл бұрынғы кур­сант­тың өз-өзіне қол жұмсау себебі де – ойын­құмарлық дертінің салдары. Сондай-ақ қылмыстың белең алуына да лудомания көп итермелеп отыр. Елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады, – дейді Е.Бейсенбаев.

Көлеңкелі экономика күшейді

Бұдан бөлек, лудоманияның салдары көлеңкелі экономиканы да күшейтіп отыр. Өйткені ойын нарығының төңірегінде үлкен қаражат айналымда жүр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен. Демек мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистердің тұрғаны айдан-анық. Осында келтірілген мәліметтерден елімізде ойынқұмарлық індеті өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастағанын анық байқай аламыз.

Осындай ел ішін улай бастаған әлеумет­тік вирусты барынша ауыздықтап, тойтарыс беру үшін жуырда қабылданған заң аясында бір­қатар шараларды іске асыру көзделіп отыр.

– Заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құры­лыстардың қоршауларында, көлік құрал­дарында сыртқы жарнамаға тыйым салы­нады. Интернет ресурстарында, ресми сайт­тарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың смс хаттамаларына да жарнамаға толық тыйым салынады. Енді белгілі блогерлер мен әлеу­меттік желідегі таны­мал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жар­намалауға тыйым салынып отыр. Жарнама жасауға тек спорттық нысандар, спорттық бағыттағы сайттар, телеарналар мен спорттық іс-шараларда ғана рұқсат етілмек, – дейді Е.Бейсенбаев.

Тыйымдар мен шектеулер

Заңның тағы бір қуантып отырған тұсы, бұдан былай ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріліп отыр. Сонымен қатар өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың да құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектелді. Сондай-ақ бесіктен белі шықпай жатып құмар ойынға құмартқан жасөспірімдер де аяғын тартып жүретін болды. Өйткені олардың заңсыз ойын ойнауына мүмкіндік берген заңды тұлғалар да қомақты айыппұл арқалап, тиісті лицензиясынан айрылады. Осыған ұқсас тағы бір нормада заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы аясында жаза қолданылмақ.

Осы ретте тағы бір айта кетерлігі, мемле­кеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне біржола тыйым салынды. Осылайша, шамамен 220 мыңға жуық қызметкер құмар ойын ойнай алмайтын болды. Біздіңше, бұл тыйым бір жағынан мемлекеттік басқару аппаратының сапасын арттыруға өз септігін тигізбек.

Қоғамда үлкен дүрбелең туғызған лудо­манияға тұсау салар заң қабылданғалы елде бір жақсылыққа деген үміт бар. Өйткені осы бір дерт қаншама адамның тағдырын тәлкекке салып, қаншама отбасының шырқын бұзып жатыр. Бұған арнайы статистика келтірудің де қажеті жоқ. Кез келген адамның әйтеуір бір туысы, танысы, не көршісінің осы бір аты жаман әлеуметтік кеселмен ауыратыны жасырын емес.

Осы ретте есірткімен күрес және лудома­нияға қарсы бағытталған «Narkostop» және «В не игры» жобаларын жүзеге асырып жүрген «Хақ-Назар» қоғамдық қорының төрағасы Нұр­жан Жақыпов қабылданған жаңа заң қо­ғам­ға өзінің оң әсерін тигізуге тиіс екенін айтты.

– Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған адамдардың бәс тігуіне салынған тыйым – өте дұрыс шешім. Неге десеңіз, өзі бо­рыш­кер бола тұра, арғы салдарын қапе­ріне де алмай тағы да қызыққа батып, құмар ойынға кіргені – нағыз лудоманияның көрінісі. Сондықтан бұл заң лудоманнан көре­сіні әбден көрген отбасыларды қорғауға көмектес­пек. Себебі мұндай адамдар өз отбасы мү­ше­лерінің атынан жиі қарыз алып, тығырық­қа тіреп тастаған. Ал жарнамаға шектеу қойғ­аны да көңілге медеу болып отыр. Себебі жар­нама – жаңа адамдарды құмар ойынға қызық­тырады және лудоманиядан айығып жүр­ген адамның ойын бұзады. Осы шектеу­лерді ескерсек, қабылданған заңның тиімділігін байқауға болады, – дейді қоғам белсендісі.

Жалпы, лудоманияны ауыздықтауға бағытталған түзетулер мен толықтырулар, яғни еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметіне қатысты өзгерістер 11 заң мен 3 кодекске енгізілді.