Елімізде қоғам болып күресіп келе жатқан дерт пен әлеуметтік кеселдер аз болмай тұр. Солардың бірі – лудомания, яғни ойынқұмарлық. Бүгінде елімізде әрбір бесінші адам құмар ойынның қызығына кірген немесе қандай да бір қатысы бар. Нақты сандарды сөйлетсек, 400 мыңдай адам лудоманияның шырмауына іліккен. Ең қорқыныштысы, бұл көрсеткіштің жыл өткен сайын өсіп барады. Іс насырға шауып бара жатқанын дер кезінде байқаған Президент Парламентке заң жобасын әзірлеуге тапсырма берді.
Заңдық негіз
Бұл дерт туралы, онымен қазірден күресу керектігі жөнінде дабыл қағылып, түрлі бастамалардың көтеріліп келе жатқанына бірнеше жыл өтті. Бұл кеселмен күрестің заңдық негіздемесін Мемлекет басшысының өзі айқындады десек, ақиқатын айтқан болар едік. Биылғы наурызда Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның дамуын тежеп, ұлтқа қауіп төндіріп келе жатқан бірнеше кеселді атады. Солардың ішінде лудоманияға айрықша тоқталды. Өйткені бұл дерт қоғамға барынша тамыр жайып, күн өткен сайын дендеп келе жатыр. Мемлекет басшысы құмарпаздыққа шырмалған 400 мың адам тұтас бір қаланың халқының санымен пара-пар екенін ескертіп, күрестің жүйелі жүргізілуін тапсырды.«Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады. Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады», деген еді Президент сол жолы.
Үзіліссіз қағылған дабыл
Көп ұзамай Парламент іске кірісті, «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен негізгі заң мен оған ілеспе заңдардың жобалары әбден пісіріліп, жетілдірілді. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев бұл өзекті мәселенің қарастырылып келе жатқанына 2 жылға жуықтағанын, кейбір нормаларға реттеушілік талаптар төңірегінде талдау жүргізу мақсатында Үкіметтің қорытындысын алудың өзіне бір жарым жыл уақыт кеткенін айтты.
– Заң жобасына Мәжілістегі барлық фракция өкілдері бастамашы болды. Осы кезең ішінде қаншама талқылау, біраз пысықтау болды. Қоғам дертіне айналған бұл мәселеге қатысты қаншама депутаттық сауал жолданып, арнайы отырыстар ұйымдастырылды. Бұл мәселеге Президент Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайда, Қауіпсіздік кеңесінің отырысында, бірнеше рет ерекше тоқталғанын жақсы білесіздер. Демек бұл аталған мәселенің қоғам үшін өте өзекті әрі маңызды екенін көрсетеді. Оны мына жайттардан байқауға болады. Біріншіден, құмар ойынына шырмалғандар санының артуы. Деректерге жүгінсек, кейінгі екі жарым жылда еліміздің шамамен әрбір бесінші адамы ойын ойнайды екен немесе құмар ойындарына қандай-да бір қатысы бар. Ал оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиентіне айналған. Сұмдығы, бұл дерт балалар мен жасөспірімдерді де шарпып отыр. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, азарттық ойындар ойнайды екен. Өзге адамның логинімен букмекерлік кеңселерге бәс тігуші адамдар да аз емес. Бірақ олардың саны нақты қанша екені белгісіз, – дейді Е.Бейсембаев.
Депутаттың айтуынша, ойынға деген құмарлықтың салдары отбасы институтын әлсіретіп, айрандай ұйып отырған отбасылардың ойранын шығарып жатыр. Ең сорақысы, еліміздегі ажырасулардың 40%-ына осы лудомания тікелей себеп болып отыр екен.
– Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – құмар ойынға шалдыққандар. Былтыр Алматы облысында жантүршігерлік жағдайда әйелі мен екі баласын аяусыздықпен өлтіріп, үйін өртеп жіберген оқиға қоғамды дүр сілкіндірді. Құмарпаздықтың кесірінен қолын қанға бояған қылмыскер нағыз лудоман болған. Өкінішке қарай, болмашы ғана ақшаға бола үш бірдей адамның өмірін қиды, – деген Мәжіліс депутаты бұл кеселдің кезекті кесірі суицидтің өршуіне де тиіп отырғанын жеткізді.
Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қаза тапса, олардың әрбір бесіншісінің соңы лудоманияға келіп тірелген.
– Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай жатқанын білеміз. Осыдан бір жыл бұрынғы курсанттың өз-өзіне қол жұмсау себебі де – ойынқұмарлық дертінің салдары. Сондай-ақ қылмыстың белең алуына да лудомания көп итермелеп отыр. Елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болды. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады, – дейді Е.Бейсенбаев.
Көлеңкелі экономика күшейді
Бұдан бөлек, лудоманияның салдары көлеңкелі экономиканы да күшейтіп отыр. Өйткені ойын нарығының төңірегінде үлкен қаражат айналымда жүр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен. Демек мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистердің тұрғаны айдан-анық. Осында келтірілген мәліметтерден елімізде ойынқұмарлық індеті өршіп, ел қауіпсіздігіне қатер төндіре бастағанын анық байқай аламыз.
Осындай ел ішін улай бастаған әлеуметтік вирусты барынша ауыздықтап, тойтарыс беру үшін жуырда қабылданған заң аясында бірқатар шараларды іске асыру көзделіп отыр.
– Заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың смс хаттамаларына да жарнамаға толық тыйым салынады. Енді белгілі блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынып отыр. Жарнама жасауға тек спорттық нысандар, спорттық бағыттағы сайттар, телеарналар мен спорттық іс-шараларда ғана рұқсат етілмек, – дейді Е.Бейсенбаев.
Тыйымдар мен шектеулер
Заңның тағы бір қуантып отырған тұсы, бұдан былай ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріліп отыр. Сонымен қатар өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың да құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектелді. Сондай-ақ бесіктен белі шықпай жатып құмар ойынға құмартқан жасөспірімдер де аяғын тартып жүретін болды. Өйткені олардың заңсыз ойын ойнауына мүмкіндік берген заңды тұлғалар да қомақты айыппұл арқалап, тиісті лицензиясынан айрылады. Осыған ұқсас тағы бір нормада заңсыз онлайн казино ұйымдастырушыларға Қылмыстық кодекстің 307-бабы аясында жаза қолданылмақ.
Осы ретте тағы бір айта кетерлігі, мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің бәс тігуіне біржола тыйым салынды. Осылайша, шамамен 220 мыңға жуық қызметкер құмар ойын ойнай алмайтын болды. Біздіңше, бұл тыйым бір жағынан мемлекеттік басқару аппаратының сапасын арттыруға өз септігін тигізбек.
Қоғамда үлкен дүрбелең туғызған лудоманияға тұсау салар заң қабылданғалы елде бір жақсылыққа деген үміт бар. Өйткені осы бір дерт қаншама адамның тағдырын тәлкекке салып, қаншама отбасының шырқын бұзып жатыр. Бұған арнайы статистика келтірудің де қажеті жоқ. Кез келген адамның әйтеуір бір туысы, танысы, не көршісінің осы бір аты жаман әлеуметтік кеселмен ауыратыны жасырын емес.
Осы ретте есірткімен күрес және лудоманияға қарсы бағытталған «Narkostop» және «В не игры» жобаларын жүзеге асырып жүрген «Хақ-Назар» қоғамдық қорының төрағасы Нұржан Жақыпов қабылданған жаңа заң қоғамға өзінің оң әсерін тигізуге тиіс екенін айтты.
– Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған адамдардың бәс тігуіне салынған тыйым – өте дұрыс шешім. Неге десеңіз, өзі борышкер бола тұра, арғы салдарын қаперіне де алмай тағы да қызыққа батып, құмар ойынға кіргені – нағыз лудоманияның көрінісі. Сондықтан бұл заң лудоманнан көресіні әбден көрген отбасыларды қорғауға көмектеспек. Себебі мұндай адамдар өз отбасы мүшелерінің атынан жиі қарыз алып, тығырыққа тіреп тастаған. Ал жарнамаға шектеу қойғаны да көңілге медеу болып отыр. Себебі жарнама – жаңа адамдарды құмар ойынға қызықтырады және лудоманиядан айығып жүрген адамның ойын бұзады. Осы шектеулерді ескерсек, қабылданған заңның тиімділігін байқауға болады, – дейді қоғам белсендісі.
Жалпы, лудоманияны ауыздықтауға бағытталған түзетулер мен толықтырулар, яғни еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметіне қатысты өзгерістер 11 заң мен 3 кодекске енгізілді.