• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Саясат 10 Шілде, 2024

Автожолға бақылау да, талап та күшейді

156 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автожол саласын дамыту жайы қаралды. Сондай-ақ жол инфрақұрылымында су өткізу нысандарының болуы туралы өзекті мәселе көтерілді.

 Жол жөндеудегі рекордтық көрсеткіш

Отырыста Көлік министрі Марат Қарабаев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мен «ҚазжолҒЗИ» басшылығы, бірқатар облыс әкімі елдегі автожолдың ағымдағы жағдайы мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Мемлекет басшысының 2025 жыл­дың соңына дейін республикалық жол­дың барлығын нормативтік жағдайға кел­тіру жөніндегі тапсырмасын орын­дау аясында биыл елдегі 12 мың ша­қырым күре жолды күрделі жөндеу­ден өткізген. Бір бөлігіне жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Атап айтқанда, жөн­делетін жолдардың 8 мың шақыры­мы – республикалық, 4 мың шақы­рымы жергілікті желіге тиесілі. Көлік министрлігінің дерегіне сүйенсек, жыл соңына дейін 7 мың шақырымда құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталады.

Елдегі автожолдардың жалпы ұзын­дығы 95 мың шақырымды құрай­ды. Оның 25 мың шақырымы – респуб­ликалық, ал қалған 70 мың шақырымы жергілікті маңызы бар жолдар санатында. Қазір республикалық жолдардың нормативтік жағдайы – 92%-ды, жергілікті желінің көрсеткіші 87%-ды құрап отыр. Жыл соңына дейін аталған көрсеткіштер тиісінше 93% және 89%-ға жеткізілетін болады.

Үкімет басшысы биыл «Қарағанды – Алматы», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Атырау – Астрахан» және «Талдықорған – Өскемен» сияқты бірқатар ірі жобалар аяқталатынын айтты. Сондай-ақ шамамен 2,5 мың шақырым республи­ка­лық жолды жөндеу жұмыстары қолға алынған. Қаржыландыру мәселесіне де тоқталып, кей өңірлерде жалпы сипаттағы трансферттерді игеру қарқыны төмен екенін қаперге салды. Мысалы, мұндай мәселелер Ақтөбе, Түркістан және Ұлытау облыстарында бар. Тағы бір түйін – жобаларды іске асыру мерзімінің мүлтіксіз сақталуы. Бұл әсіресе солтүстік және шығыс өңірлері үшін маңызды. Өйт­кені оларда құрылыс маусымы қыс­қа. Сондықтан жұмыс қарқынын төмен­детпеу үшін қажетті шаралардың бар­лығын дер кезінде қабылдауды тапсырды.

Премьер-министр жолдардың жағ­дайына қатысты айтылып жатқан арыз-шағымның азаймай отырғанына тоқта­лып, олардың негізгі бөлігі жергілікті жолдарға қатысты екеніне көңіл аударды.

«Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы­ның тұрғындары Жұрын мен Қаракөл ауылдарының арасында биыл төселген асфальттың сапасын көрсетті. Жаңа төселген асфальт қолмен үгітіліп жатыр. Ал Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Қоянкөз ауылының тұрғындары асфальт төсеу технологиясын сақтамаған мердігер компанияны өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті. Әкімдіктер қайда, неліктен күнделікті сапалы бақы­лау жүргізілмейді? Бірінші кезекте тұрғындардың шағымына дер кезінде назар аудару керек», деді О.Бектенов.Көлік министрлігі облыс әкім­діктерімен бірге қолданыстағы жол-құры­­лысы жобаларының уақтылы аяқта­луын қамтамасыз етуі қажет. Сонымен қатар жаңа жобаларды уақтылы жобалау, дайындау қажеттігі айтылды. Ол үшін жер телімдерін алдын ала резервке қою керек. Бүгінде жаңа автожол жобаларын бастау үшін 550 учаскені алу қажет. Олардың ішінде «Қарағанды – Жезқазған», «Ақтөбе – Ұлғайсын» және «Сарыағаш қаласының айналма жолы» бар.

Карьерлік жүк көліктеріне тыйым салынады

Үкімет басшысы елдегі жолдарда жоға­ры сапаны қамтамасыз ете отырып, жол инфрақұрылымын дамыту мәсе­лесін кешенді түрде шешуді тапсырды. Бұл ретте ол жол құрылысы кезін­де жем­қорлық тәуекелдерін азайту жұмыс­тарын күшейтуге баса назар аударды. Сонымен қатар жол сапасына әсер ететін жалпыға ортақ жолдарда ауыр жүк таситын карьерлік автокөліктердің жүруі негізгі мәселелердің бірі екеніне тоқталды.

«Бұған дейін Көлік министрлігіне тиісті параметрлерге сай келмейтін ауыр техниканың жүруіне тыйым салу үшін қажетті шаралар қабылдау тапсырылған болатын. Сондықтан заңнамаға түзетулер енгізілді. Жаңа норма 2026 жылдан бас­тап жалпыға ортақ жолдарда карьерлік жүк көліктерінің жүруіне тыйым салуды көздейді. Алайда бұл норманы келесі 2025 жылдан бастап енгізу мәселесін пысықтау керек», деді О.Бектенов.

Отырыста Премьер-министрге «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» жүргізіп жатқан жұмыстар туралы айтылды. Биылғы 6 айда сапа сараптамасы арқылы республикалық желі нысандары 100%, ал жергілікті желі нысандары 84% қамтылды. Он өңірде жергілікті желіні толық қамтуға қол жеткізілді. Бес мың тексеру жүргізіліп, оның барысында 11 мыңға жуық материал үлгілері іріктеліп, сынақтан өткізілген. Сараптама нәтижесінде 16 мың тонна асфальтбетон, 27 мың тонна инертті материалдар және 3 мың тонна битум қолдануға рұқсат етілмеген. Ең көп сәйкессіздіктер Жамбыл, Түркістан және Абай облыстарында байқалған.

Сараптама барысында жұмыс жүр­гізу технологиясының 1,9 мың кемшілігі анықталып, оның ішінде 621 ақау жойылды. Қалған ақаулар бақылауға алынып, нысандар пайдалануға беріл­генге дейін жойылады. Нәтижесінде, мердігерлік ұйымдар 99 мың шаршы метр асфальтбетон жабындысын, 18 мың текше метр қиыршық тасты ауыстырды.

Үкімет басшысы жыл сайын жұмыс қыза бастаған шақта туындайтын жол-құрылыс материалдарының тапшы­лығы мәселесіне назар аударды. Көлік министрлігіне инертті материалдардың, техникалық және еңбек ресурстарының бар-жоғына ревизия жүргізу керектігін ескертіп, қажетті битуммен уақтылы қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен бірге қолданыстағы жол инфрақұрылымында су өткізу құры­лыстары міндетті түрде болуы туралы өзекті мәселені көлденең тартты. Өйткені бұл мәселе биылғы көктемде ушығып кеткенін еске салды.

«Су тасқыны кезеңі қолданыстағы жолдарда міндетті түрде су өткізу құрылыстарының болуы қажет екенін көрсетті. Қаншама жолдар шайылып кетті. Жиналған суды өткізіп жіберетін құбырлар салынғанда, жолдардың көпшілігін сақтап қалуға болатын еді. Осыған байланысты Көлік министрлігі қолданыстағы инфрақұрылымды қайта қарауға тиіс. Сондай-ақ жергілікті гидрогеологиялық жағдайды, жаңа технологияларды енгізуді және жобалық шешімдерді цифландыруды ескере отырып, жаңа жол-құрылыстарын жобалау кезінде нормативтерді жаңарту қажет», деді О.Бектенов.

Премьер-министр «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңда жол құры­лы­сында ЕРСМ – жобалау, инжиниринг, жеткізу және құрылысты басқару қағи­даты бойынша «басынан аяғына дейін» енгізу тәсілі көзделгенін атап өтті. Енді оны іске асырудың нақты тетіктері қажет.

Бұдан басқа Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Қаржы министрлігімен бірге Үлкен Алматы айналма автомо­биль жолы жобасының тәжірибесін ес­кере отырып, бюджеттік жобаларды жүзеге асыру тетігін шұғыл әзірлеп, бекітуді тапсырды.