АТЫРАУ. 21 қаңтар. Атырау облыстық Ғ.Сланов атындағы ғылыми әмбебап кітапханада қоғам қайраткері, көрнекті ғалым Салық Зиманов туралы жарыққа шыққан қос кітап табысталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Екінші дүниежүзілік соғыстан аман оралып, облыстық, кейіннен республикалық прокуратурада жемісті еңбек еткен Салық Зиманов осы салада докторлық диссертация қорғаған. Заң ғылымының дамуына лайықты үлесін қосқан заңғар заңгер шәкірт тәрбиеледі, тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттілігін қалыптастыруға да ерінбей еңбек етті. Заңғар заңгердің ғалымдық, азаматтық өмір жолы баршаны қызықтырады. Оның салиқалы ой-толғамдары, тұлға ретіндегі қалыптасу кезеңі «Салык Зиманов. Материалы и библиографии» және «Ғылымдағы ғасыр абызы, академик Салық Зиманов» атты зерттеу кітаптарына арқау болған. Бұл кітаптарда заңғар заңгердің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап жазған хаттары, ұсыныс-пікірлері топтастырылған. Сонымен бірге, «Салық Зиманов өмірінен өмірінен бір күн» деген бөлімде оның егемен ел декларациясы қатысты әңгімелері, қазақ тілінің бүгінгі қолданысы мен болашағы хақындағы ойлары оқырман қызығушылығын тудырады. Осы кітаптардың жарық көруіне ықпал еткен сенатор Сәрсенбай Еңсегенов «Салық ағамыздың: «Елбасы менің сөзімді қуаттап, орнынан он бір рет көтерілді» деген сөзін тебіреніспен оқыдым» деген пікірімен бөлісті. Айтқандай, қос кітаптың авторы – тарих ғылымдарының докторы, профессор Ілияс Қозыбаев.
Тарихшы ғалымның академик туралы зерттеу кітаптарын Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханаға тапсырды. Сонымен бірге, Салық Зиманов білім алған Жамбыл атындағы №21 орта мектептің кітапханасына да осындай кітаптар тарту етілді.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: Рахым Қойлыбаев.