Англияның Лондон қаласында теннистен өтіп жатқан «Уимблдон» турнирінде Елена Рыбакина жартылай финалға шықты.
Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина бірінші кезеңде румын теннисшісі Елена Рузенің қарымын байқап, айқын басымдықпен жеңді. Ал екінші айналымда неміс теннисшісі Лаура Зигемундты 2 сағат 14 минутта ығыстырды. Үшінші кезеңде Елена дат қызы Каролин Возняцкийге қарсы ойнап, екі сетте жеңіске жетті. Бұған дейін әлемнің бірінші ракеткасы атанған Каролин де қайратты теннисші. 8/1 финалдық тартыста аса көп күшін сарқи қойған жоқ. Ресейлік теннисші Анна Калинская жарақатын желеу етіп екінші сетте жарыстан бас тартты. Ширек финалда отандасымыз Украина теннисшісі Элина Свитолинаның күшін байқап көреді.
Тағы бір отандасымыз Юлия Путинцева жарыс жолында сенсациялық жеңіс тіркеді. Алғашқы айналымда германиялық Анжелика Керберді, екінші кезеңде чех Катерина Синякованы үш сетте ығыстырды. Үшінші кезеңде әлемнің бірінші ракеткасы поляк Ига Швентекке қарсы кортқа шығып, айбынынан да, айбарынан да ыққан жоқ, керісінше, екі сетте басым түсті. Бірақ 8/1 финалдық тартыста латвиялық Елена Остапенкоға есе жіберіп, Лондондағы «үлкен дулыға» додасын аяқтады. Дегенмен де әлемдік рейтингте 35-сатыда тұрған Путинцеваның Швентекті еңсеруі – орасан жетістік.
Елена Рыбакина екі жыл бұрын осы «Уимблдон» турнирінде топ жарды, былтыр ширек финалда Тунис теннисшісі Онс Жаберге жол беріп, жарысты аяқтаған еді. Париж жазғы Олимпиадасының қарсаңындағы дүбірлі дода қыздарымыздың қауқарын танытпақ.