• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
26 Сәуір, 2015

Маңғыстауда шалғайдағы заставалар мен теңізші шекарашылар дауыс берді (фото)

576 рет
көрсетілді

АҚТАУ. 26 сәуір. Маңғыстаудағы орталықтан шалғайда жатқан заставалар мен теңізші шекарашылар да дауыс берді. Бұл туралы tumba.kz сайтына сілтеме жасап, egemen.kz тілшісі хабарлады. Бүгін таңертең ерте Ақтау теңіз портына келіп тоқтаған «Сақшы» және «Тараз» кемелерінен бірнеше күннен бері ашық теңізде жүрген шекарашылар түсті. Кемеде сайлау орыны жоқ болғандықтан, олар портқа Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысып, өз дауыстарын беру үшін арнайы келді. Кемеге вахталық кезекшілерді қалдырып келген олар Жағалау күзеті аймақтық басқармасында дауыс берсе, Каспий теңізінің солтүстік аумағында кемелерде кезекшілік етіп жүргендер Баутино кентінде дауыс береді. Жағалау күзеті аймақтық басқармасында орналасқан 2 201 сайлау учаскесінде  шекарашы әскерилер саппен келіп, әскери тәртіппен тиянақты түрде дауыс беруде. «Әскери тәртіппен сақадай сай тұрып, дауыс берген шекарашылардың сайлау учаскесінде бірде-бір заң бұзушылық болған жоқ», – дейді байқаушы Сабыржан Әбдиев. Аталмыш учаскеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі (ҰҚК ШҚ) «Батыс» Жағалау күзеті аймақтық басқармасының 2 500 шекарашылары дауыс берсе, Бөгет, Үстірт сынды алыс заставалардағы әскерилердің дауыс беруі үшін арнайы тікұшақтар, ал Құлалы мүйісіндегі әскерилер үшін катерлер жіберілді. «Олардың барлығында да «Сайлау туралы заңға» сәйкес, заңдылықтар сақталуы үшін сайлау комиссиясының өкілдері қатысуда», – дейді ҰҚК ШҚ «Батыс» Жағалау күзеті аймақтық басқармасы басшысының орынбасары Б.Өрнекешов. Араларында алғаш рет дауыс беруші матростар мен мерзімді әскери қызметін өтеушілер бар шекарашылар үшін сайлау күні бірқатар спорттық-мерекелік шаралар ұйымдастырылады.  Гүлайым Шынтемірқызы. Дерек, сурет: tumba.kz.