Утильалым төңірегіндегі әртүрлі әңгіме біраздан бері айтылып жүр. Тіпті мамыр айында осы мәселеге қатысты петицияны жақтап қол қоюшы саны 50 мыңға жеткен. Осыған орай арнайы жұмыс тобы Қостанайға келіп, утильалым төңірегіндегі мәселелерді таразылады.
Жұмыс тобы әуелі жергілікті машина жасау кәсіпорындарын аралап көрді. Өңірде қазір ауыл шаруашылығы техникаларына қосалқы бөлшек шығаратын кәсіпорындарды қоспағанда, «Беларус» тракторын құрастырып жатқан «МТЗ-Қазақстан» машина жасау зауыты, «Есіл» комбайнын құрастыратын «Агромаш» зауыты, «Kia Cerato», «Kia Sportage», «Chevrolet Onix» және «JAC S3» автомобильдерін шығарып жатқан «Аллюр» зауыты жұмыс істеп тұр. «KamLitKZ», «КИА» зауыттарының құрылысы жүріп жатыр.
2018 жылы іске қосылған «МТЗ-Қазақстан» зауыты бастапқыда тек сырттан келген дайын бөлшектерден трактор құрастыратын. Бүгінде «Беларус» тракторының кабинасы толықтай Қостанайда жасалады. Кәсіпорын басшысының айтуынша, алғашқы жылы небәрі 20 шақты трактор құрастырған зауыт былтыр 1 500 «Беларус» шығарған.
«Әуелде жұмысшы саны отызға да жетпейтін. Бүгінде 100-ден астам адам еңбек етеді. Өнімнің жергілікті үлесі де артып келеді. Мысалы, биыл кабиналарды өзіміз жасап шығара бастадық. Кабинаның металын кесу, дәнекерлеу, бояу жұмыстарының бәрі осы жерде жүзеге асырылады. Кабинаның қаңқасы, панелі, рулі, баспалдағы, салмақ теңестіргіші, терезесі, әйнегі, тағы да басқа толып жатқан бөлшектері бар, соның бәрі осы жерде жасалып жатыр. Біз бірден қозғалтқыш жасап кете алмаймыз. Өйткені қазіргі нарықта 6 мың тракторға ғана сұраныс бар. Қозғалтқышты өзіміз жасап шығару үшін жылына 15 мың тракторға сұраныс болу керек. Дегенмен өнімнің жергілікті үлесін арттыру бағытында ілгерілеу байқалады. Мысалы, шығарған кабиналарымыз еліміздегі өзге де трактор жасау зауыттарына жіберіледі. Келешекте пластик бөлшектер жасау жоспарда тұр», дейді зауыттың бас директоры Валентин Дашкеевич.
Жалпы, елімізде трактор құрастыратын 8 зауыт бар. Соқа, тырма, дән сепкіш тәрізді агрегаттарды шығаратын он шақты зауыт жұмыс істеп тұр. Ішкі нарықтағы сұраныстың басым бөлігін осы кәсіпорындар өтейді. Елімізде жылына сатып алынатын 6 000 трактордың 5 500-і – отандық өнім. Сондай-ақ жылына 1 500 комбайн сатып алынса, оның да мыңға жуығын өзіміз өндіреміз. Бұған аталған өндіріс орындарында еңбек етіп жатқан мыңдаған адамды қосыңыз. Бюджетке де миллиондап салық түсіп жатыр. Жұмыс тобы өкілдерінің пайымынша, утильалым жойылса, осы тіршіліктің бәрі тұралап қалады.
Өндірістік инвесторлар одағының вице-президенті Әліби Сұлтанның айтуынша, мемлекет инвесторды қосымша құн салығынан және импорттық алымнан босатады. Өз кезегінде инвесторға да 15 жылдық міндеттеме жүктеледі. Мысалы, «МТЗ-Қазақстан» зауыты кабина жасауға 2025 жылы көшу керек екен, алайда оны бір жыл ерте бастап кетті. Бұл да – инвестормен жасалған шартта қарастырылған дүние.
«Қазір ең арзан трактор 8 млн 700 мың теңге тұрады. Оның 30%-дық субсидиясы бар. Бізде шығып жатқан тракторларға утильалым жоқ. Тек шетелден келетін трактор мен комбайнға ғана алым бар. Қазір елімізде сатылып жатқан техниканың 90%-ы
Қазақстанда шығады. Мұның бәрі – утильалымсыз сатылған техника. Сондықтан утильалымды алып тастаса, оның шаруаға еш пайдасы болмайды. Өйткені ол алып жатқан техникада утильалым жоқ. Бізге шетелден әкелініп жатқан көкөніс, картоп, пияз жинайтын техникаларға да утильалым жоқ. Утильалымның басты мақсаты – отандық өндірісті қолдау. Ал оны алып тастасақ, шетелдің көлігі қаптайды да, осы зауыттарда жұмыс істеп жатқандар жұмыссыз қалады. Осы утильалымды енгізудің нәтижесінде Қызылжарға «Class» комбайны келіп, қазір дән сепкіш кешендер өзімізде құрастырылып жатыр. Яғни утильалым шетелдік компанияға өзінің сапалы техникасын бізге келіп құрастыруға ықпал етті», дейді Әліби Сұлтан.
Жұмыс тобының құрамында жүрген Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев утильалымнан түскен қаржы автокөлік шығарушылар мен ауыл шаруашылығы техникаларын құрастырушыларға жұмсалады дегенді жоққа шығарды.
«Мұның бәрі нақты мәселелерді шешуге жұмсалып жатыр. Мәселен, экологиялық кодекстің бір бағыты шеңберінде қоқыс өңдеу және қоқыс сұрыптау зауыттарын салуға, арнайы техника сатып алуға 185 млрд қаржы көзделген. Бұл барлық өңірді қамтиды. Шамамен 200 млрд теңге қаржы қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жобаларын жүзеге асыруға жұмсалды. Утильалымның негізгі операторы «Жасыл даму» АҚ-ға екі жыл ішінде 447 млрд теңге алым жиналған. Алдыңғы «ӨКМ операторы» активінен тағы 219 млрд теңге алынған. Экология кодексінің 388-бабында бұл қаржы жұмсалуға тиіс 14 бағыт нақты көрсетілген. Оның бәрі қоршаған ортаны жақсартуды көздейді. Қазір осы бағыттағы 94 жобаның 22-сі мақұлданды. Олар жуырда қаржыландырыла бастайды», дейді Жомарт Әлиев.
Жұмыс тобы «Аллюр» машина жасау зауытына да барды. Былтыр 90 мыңнан аса автокөлік шығарған кәсіпорын биыл өнім санын 110 мыңға жеткізуді көздеп отыр.