Мәжіліс депутаты, «Amanat» фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов «Атырау Су арнасы» еңбек ұжымымен кездесіп, кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Қазіргі уақытта су сорғысы және сүзу стансаларын жаңғырту бойынша екі жоба іске асырылып жатыр, олардың құны 10 млрд теңгені құрайды. Депутат аймақтағы кәріз және тазарту құрылыстарының дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Қазіргі уақытта Атырау қаласында коммуналдық желілерді жаңғырту, 33,2 шақырым кәріз жүйесінің күрделі жөндеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ Сәтбаев даңғылы бойынша кәріз коллекторын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Қалада және жақын маңдағы елді мекендерде тозығы жеткен 60,1 шақырым кәріз құбырына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ең алдымен, Құлманов, Сәтпаев, Канцев, Өтемісов және Момышұлы көшелеріндегі жалпы ұзындығы 30,7 шақырымды құрайтын апатты желілер жөнделеді.
– Қыркүйек айында Мәжіліс депутаттары республикалық бюджет жобасын қарайды. Сол кезде Атырау қаласының су құбырларын жөндеуге қажетті келесі жылғы қаржыландыру мәселесін шешуге тырысамыз. Бұл бірлескен қаржыландыру болады, бір бөлігі – облыс бюджетінен, екіншісі – республикалық бюджеттен, – деді Дүйсенбай Тұрғанов.
Депутат сондай-ақ жазғы уақытта қала маңындағы тұрғындар суармалы су үшін пайдаланатын судың тапшылығына назар аударды. Оның пікірінше, алдағы 2-3 жылда сумен қамтамасыз ету мәселесі шешіледі.