• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 11 Шілде, 2024

Фермерлер мәселесі – депутаттар назарында

116 рет
көрсетілді

Мәжілістегі «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары Серік Егізбаев, Жигули Дайрабаев, Ерболат Саурықов Алматы облысының Іле ауданындағы «Береке» индустриялды аймағында орналасқан экспорттық жеміс-жидек кластерімен айналысатын «Fruitart» серіктестігінің жұмысымен танысты.

«Fruitart» зауыты – «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының жоба­сы, жылына 15 мың тонна өнім өндіреді. Кәсіпорын өнімі корпоративтік клиенттерге, бөлшек сауда желілеріне, соның ішінде Еуропа Одағы, АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сынды дамыған елдер нарығына мұздатылған кептірілген жемістер мен жидектер жеткізіледі. Сондай-ақ Қытай мен Ресей нарығына экспортталады. Зауытта 350 адам жұмыс істейді.

Депутаттар Мемлекет басшы­сының реформаларын жүзеге асыру аясында өздерінің заңнамалық жұмыстары мен кәсіп­керлікті дамытуды мем­лекеттік қолдау шаралары туралы хабардар етті.

Депутаттар кәсіпорынның жұмысымен танысқаннан кейін, еңбек ұжымымен кездесіп, көпте­ген өзекті мәселені талқылады. Зауыт басшылығы депутаттар­ға жетістіктерімен қатар күрмеу­лі мәсе­лелері жайында да айтып, көмек сұрады. Кәсіпорын жетек­шілерінің айтуынша, зауыт жоба бойынша алған қарызын толық игерген. Алайда компания барлық инвестициялық кредит сыйақысының толық мөл­шер­лемесін өз есебінен қаржы­ландыруға мәжбүр. Серіктестік өкілдері «Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы» КММ субсидиялар бойынша берешегі қазір 3,8 млрд теңге екенін айтты. Жыл соңына дейін бұл қарыз 5,4 млрд теңгеге жетеді. Депутаттар кәсіпорын өкілдерінің мәселелерін назарға алатынын айтты.