• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
22 Қаңтар, 2015

Танауы қусырылған кәрі құрлық

417 рет
көрсетілді

Ғаламдағы экономикалық қиындықтардың туындауына тікелей және жанама әсер еткен түрлі себептер туралы аз қаузамадық. Бұл тұрғыда әлі толассыз айтыла береді де. Десек те, ендігі сөздің ауаны жер-жаһанды анау айтты астаң-кестең етпесе де, әрі-сәрі күй кештіріп, адамзаттың алдына күрделі мәселелерді көлденең тартып отырған сансыз оқиғалардың мың қатпарлы салдарларына қарай ойыса бастады. Бұлай болмауы мүмкін де емес. Өйткені, бүлінгенді реттеу, жыртылғанды жамау, жылағанды жұбату, ашыққанды тойдыру мәселесі күн тәртібіне шығып тұрса, оған көңіл аудармай отыра алмайтының белгілі. Қазіргі таңда Еуроаймақтағы қиюы қашқан көріністер, бірқатар ірі құрылымдары тақырға отырып, танауы қусырылған АҚШ, Канада сынды елдердегі кері кетушілік, таршылықтың тақымына қысылған Бразилия, Аргентина, Венесуэла тәрізді мемлекеттер жөніндегі жайсыз хабарлардан көз сүрініп, көңіл жабырқайды. Расында, әлгілердің торға түскен торғайдың күйін кешіп отырғаны талас тудырмайды. Егер қалыптасқан ахуал күрделеніп, одан әрі ушыға түссе, жағдай қиын. Осы арада «Неге соншалықты олардың басына түскен ауыртпалықтарға, туындаған түрлі әлеуметтік түйткілдерге баса назар аударылуы тиіс?! Баяғыдан бері кедейшіліктен көз ашпай, жоқшылық жонынан таспа тілген елдерден олардың қай жері артық?» дегендей мазмұнда сау­ал туындайды. Шынында неге бұлай? Енді осы сұраққа жауап ретінде бірер сөзге кезек берелік. Жалпы, жоғарыда аталған мемлекеттердің көпшілігі, әсіресе, АҚШ, Канада және еуроаймақ елдерінің халқы бұрынғы дәуренін, яғни «ит басына іркіт төгілген» күндерін қатты сағынып жүр. Бұл сағыныш оларды тыныш жатқыза қоймайды. Содан келіп, жылы-жұмсақтың дәмін алып қалған халық өз үкіметтерінің мүмкіндіктері шектеулі екенін, жағдайдың ауырлығын көріп, біле тұра тұрмыстық талап-тілектерін қатаң түрде алға тартып, қиғылыққа салады. Ал мұның соңы неге апарып тірейтінін бір Алла ғана біледі. Сәуегей болмасақ та айта кетейік, оның зардабы бүкіл адамзат баласына орасан зор шығын алып келуі мүмкін. Міне, кеше ғана ісініп-күпініп жүрген елдердегі келеңсіздіктерге жіті көңіл аударылуының мәні осында болса керек. Енді біз әлемді толғандырған қаржылық қиыншылықтардың салқыны тиіп, «тұмауратып» отырған кейбір елдердегі тұрмыстық жағдаяттарға аз-кем тоқталуды жөн санадық.

Әлеуметтік салалардан әл кетті

Ұлыбритания халқының көңіл күйі түсіңкі. Елдегі қорда­ланған мәселелерді шешуде үкімет дәрменсіздік танытып отыр. Әсіресе, мұндағы денсаулық сақтау саласының халі нашар. Бүгінде корольдіктегі көптеген ауруханалар мен емханалардағы маман тапшылығы, дәрігерлердің кәсіби біліктілігінің төмендігі саланың басты мәселесі болып тұр. Сондай-ақ, емдеу мекемелерінің алдында дәрігердің қабылдауын күтіп шаршаған науқастарда есеп жоқ. Мұндай ұзын-сонар кезек күту ел ішінде үйреншікті жағдайға айналған. Қазіргі таңда дертіне дауа іздеп сабылған 2 млн.-ға жуық адам мемлекеттік ауруханалардың есігін күзетуде. Ал Біріккен корольдіктің аумағына түрлі себептермен уақытша келгендерге медициналық қызмет көрсету ісі сын көтермейді. Алда-жалда бұл елге бара қалып, кенеттен денсаулығыңыз сыр берер болса, дәрігерлік көмек алуыңыз оңайға түспейді. Сырттың адамдары ауыра қалса тек жедел жәрдем қызметіне ғана жүгінуге рұқсат бар. Мұның өзі де қолжетімді бола қоюы екіталай. Себебі, дәрігерлік жедел көмек беру қызметінің ахуалы ауыр. Дәлірегі, халықтың сұранысына лайықты жауап бере алмайтын халде. Бұл келеңсіздіктер ұлттық денсаулық сақтау саласына қаралатын қаражаттың көп мөлшерде қысқаруына байланысты әрбір бесінші жедел жәрдем қызметінің жабылуынан туындаған. Осы тұрғыда жергілікті госпитальдың басшысы Иэн Стенли деген азамат: «Ем іздеп жүрген адамдардың қатары қалың. Оларға ауруханалар дер кезінде қызмет көрсете алмайды. Науқастарды алып келген көліктер далада қаңтарылып тұр. Жатын орындар тапшы», дейді. Британия үкіметі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көп өтпей Еуропа мемлекеттері арасында ең бірінші болып медицинада тегін қызмет көрсету жүйесін енгізген-ді. Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұл жүйе дами қоймаған. Мамандардың осы мәселеге қатысты талай жылдардан бері айтып келе жатқан сын-ескертпелеріне билік тарапы құлақ асар емес. Тағы бір тоқтала кетер маңызды жайт, елдегі дәрігерлердің 60 пайызын шетелдіктер құрайды. Бұлардың басым бөлігі ағылшын тілін жөнді меңгермеген. Осының кесірінен диагноздардың қате жазылуы, дәрігерлік кеңестердің науқастарға дұрыс түсіндірілмеуі емдеу мекемелерінде түрлі ұрыс-керіс пен дау-дамайларды жиілетіп жіберген. Осылайша, Ұлыбританиядағы денсаулық сақтау жүйесін меңдеген «кесел» халықтың көңіл күйін бұзып тұр. Сарапшылардың айтуынша, елде тек бұл сала ғана емес, мектеп, балабақша тапшылығы да күн тәртібінен түспей тұрған көрінеді. Жалпы, кейінгі жылдары аталған мемлекетте сүреңсіз жағдайлар жиі көрініс беретін болып барады. Оған халық тұрмысының төмендеуі тікелей әсер етуде. Мәселен, қоғамда қылмыс, ұрлық-қарлық деңгейі де өсіп барады. Сөзіміздің дәлелі ретінде айтайық, елдегі дүкендерде ұрлық көбейіп кеткен. Соңғы деректерге қарағанда, мұндағы бөлшек сауда саласы кейінгі екі жылда 603 миллион фунт (909 млн. долларға жуық) шығынға ұшыраған. Мамандар мемлекетте дүкендегі киберқылмыс пен алаяқтық, ұрлық бүгінде қатты белең алып тұрғанын айтады. Қорыта айтқанда, қаржы қиындығының құрсауында қалған Ұлыбританияда қордаланған мәселелер өте көп. Мұның барлығы үкіметтің қауқарсыз халін айғақтайды.

Әуе компаниясы банкротқа ұшырады

Әлемдік әуе қатынасында өзіндік орны бар Кипрдің Cyprus Airways әуе компаниясы қаржылық ауыртпалыққа төтеп бере алмады. Сондықтан, құрылым әуе рейстерін тоқтатып, ұшу билеттерін алдын ала сатып алған азаматтардың алдында ыңғайсыз күй кешіп отыр. Енді оның қызметін атқару ел үкіметінің шешімімен Top Kinisis Travel әуе компаниясына жүктелді. Негізінен, мамандар Cyprus Airways компаниясына кінә тағып отырған жоқ. Олар бар кілти­панды Еурокомиссияның төтеннен қабылдаған шешіміне байланыстырып қарастырған жөн деп есептейді. Нақтылай айтқанда, бұл әуе компаниясы 2012-2013 жылдары мемлекеттен 100 млн. еуро көлемінде қаржылай көмек алған. Мұны Еурокомиссия заңсыз деп танып отыр. Дәлірегі, әлгі қаржының көмек ретінде берілуі Еуропалық одақ елдерінің ішкі ере­желеріне сәйкес келмейтін көрі­­неді, яғни бәсекелестікті қор­­ғау заңдылықтарына қайшы екен. Осыдан келіп, аталған әуе ком­паниясының лицензиясы жарамсыз деп танылған. Сондай-ақ, одан жәрдем ретінде алған қарызын қайтару талап етілген. Қаржы дағ­дарысы жағдайында бұл әреке­т­тер құрылымға ауыр соққы болып тиіп, оны мүлде тұралатып тастаған. Осылайша, компания басшылығы банкрот жариялауға мәжбүр болды. Қазіргі таңда Еуропалық одақ елдерінде тығырыққа тірелген, тіпті, мүлде тақырға отырған ірі құрылымдар қатары күн санап артып келеді. Мұның қашанға дейін жалғаса беретінін ешкім тап басып айта алмайды.

Жүйкені жұқартқан жоқшылық

Грекиядағы әлеуметтік қиын­шы­лықтар халықтың жанын аяздай қарып, еңсе тіктетер емес. Қаржылық тоқыраудан тоңған жұртшылықтың ел үкіметіне деген сенімі табанға тапталғалы қашан. Партиялар мен қозғалыстардың жетекшілері елді тығырықтан шығарудың түрлі жолдарын ұсынып, халыққа жалынды сөз­дерін жолдағанымен, оған селт етіп, мойын бұрар жан сирек. Шын мәнінде, соңғы 3 жыл бойы жүргізілген қатаң үнемдеу шаралары, салықтың өсуі мен жұмыссыздықтың аса жоғары көрсеткіші қарапайым халықтың тұрмысын тұралатып тастады. Айта кетейік, Грекияда жұмыссыздық саны бүгінде 25 пайыздан асып кеткен. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Бүгінде Афина көшелерінде тегін ыстық тамақ беру таңсық болмай тұр. Мұндай көмекке жүгінетіндер қатары өте көп. Одан ешкім қымсынып, қысылмайды. Мәселен, «Өзге адамдар» атты қоғамдық қозғалыс осындай қайы­рымдылық істерімен жиі ай­налысуда. Бұдан бөлек, еріктілер тарапынан түрлі үй жабдықтары мен киім-кешек те жиі-жиі тара­тылып тұрады екен. «Өзге адамдар» қоғамдық қоз­ғалысының негізін қалау­шы Константинос Поли­хро­нопопулос: «2011 жылы күн сайын 50-60 адамға тағам дайын­дайтынбыз. Қазір бұл көрсеткіш 450-ге жетті. Халықта жұмыс та, қаражат та жоқ. Еурокомиссия өкілдері Грекияның парламенттік сайлау қорытындысына қара­мастан, елдің қарызын толық өтеуін талап етуде. Оған қоса, келісілген реформаларды жүзеге асыруды жалғастыру керек», дейді. Грекияда жүргізіліп отырған қатаң үнемдеу саясаты сын садағына қанша мәрте ілінгенімен, одан ешқандай пайда түсер емес. Өйткені, «жоққа жүйрік жетпейтіні» бесенеден белгілі. Бүгінде мұнда «Біз еуро мәселесін емес, ұлттық экономиканы сақ­­тауды ойлауымыз керек», дейтіндердің үні басымдау болып тұр. Кейбір саясаткерлер кең ауқымды реформалардың бағдарламасын дайындап, 320 млрд. еуродан асып кеткен мем­лекеттік қарызды қайта қарауды күн тәртібіне шығару қажеттігін алға тартуда.

Жалақы өспейді, жолақы қымбаттайды

Үстіміздегі жылдың 1 ақпа­нынан бастап, Латвияның астанасы Ригада қоғамдық көліктердегі жол жүру бағасы қымбаттамақ. Бұл – мемлекеттегі ауыртпалықтардан хабар беретін бір ғана белгі. Біз бас­қасын қозғамай-ақ, осы мәсе­леде аз-кем әңгіме өрбітейік. Рига думасының өкілдері Rīgas satiksme кәсіпорнына (Rīgas satiksme –жолаушыларды қоғамдық көлікпен тасымалдайтын Рига қалалық басқармасына қарасты кәсіпорын) әдеттегідей қар­жылай қолдау көрсетуге мүм­кіндігі жоқ екенін мәлімдеді. Бұрынғы тариф бойынша рига­лықтар қоғамдық көлікте жүру үшін 0,60 еуро көлемінде төлейтін. Бұл – Рига қалалық басқармасына салық төлеушілер мен басқа аймақта салық төлеуші ретінде тіркелген латвиялықтарға бірдей баға. Осыған дейін қоғамдық көлік­тегі жолақы бағасының 50 пайызы қалалық басқарманың бюджетінен бөлініп келген еді. Яғни, бір реттік жол жүру бағасының негізгі құны – 1,20 еуроның жартысын жолаушылар төлесе, қалғаны қала­лық басқарманың есебінен өтелетін. Енді Рига қаласының шенеуніктері бұл жеңілдіктің уақытша болғанын айтып, 1 ақ­паннан бастап барлық шығынды жолаушылар өздері төлейтінін жариялады. Енгізілген өзгерістерге сәйкес, қоғамдық көліктердегі жол жүру бағасы өзінің нақты құны көле­мін­де болмақ. Бұл бағаны Rīgas satiksme кәсіпорны министрлер кабинетінің ережелеріне сай бекітіп отыр. Бағаның өзгеруіне жолаушылардың саны, жанармай, электр энергиясы және тағы басқа ресурстар құнының өзгеруі себеп болған көрінеді. Осының бар­лығын ескерген аталған кәсіпорын бір реттік жол жүру бағасын бір­шама өсірді. Қазір ол Рига дума­сы комиссиясының қарауына жіберілген. Айта кетейік, қоғамдық көлік­те жол жүру құнының 50 пайы­зын ригалықтармен қатар, өзге қаладан келген жолаушылар үшін де төлеу туралы Рига дума­сының шешімі өткен жылдың басында сол кездегі Аймақтық даму және орта кәсіпкерлік министрі Эйнар Цилинскистің келісімімен қабылданған болатын. Бұл келісім бойынша, үкімет сырттан келген жолаушыларға арналған жеңілдіктің есебінен кеткен шығын үшін Рига думасына өтемақы төлеуі тиіс-тін. Десек те, мұндай төлемдер жүзеге аспаған. Міне, онсыз да қалтасы жұқа латвиялықтар жолақының қымбаттағанына көнуге мәжбүр. Дайындаған Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».