Қазақстанның бірінші, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің финалына шыға алмай қалды, деп жазады Egemen.kz.
Қазақстан теннисшісі жартылай финалда әлемнің 32-ракеткасы, чехиялық Барбора Крейчиковамен бәсекеге түскен.
Қарсыластар осыған дейін 2021 жылы Аустралияда Мельбурнда және 2022 жылы Чехияның Остравасында WTA 500 турнирінде кездесіп, екеуінде де Крейчикова камбэк жасап, жеңіске жеткен.
Рыбакинаның спорттық жолындағы ең ірі табысы Уимблдонмен байланысты екендігі белгілі. 2022 жылы финалда тунистік Онс Жаберді сүріндірген Рыбакина қазақстандықтар арасынан алғаш рет жекелей сында жеңіс тұғырына көтерілді.
Б.Крейчикова 28-де болса, қазақстандық теннисші 25 жаста.
Бұл жолы Елена матчты сәтті бастады – 4:0. Крейчикова қайыра брейк жасағанымен, есепті 5:1-ге жеткізді. Ақыры сәл кідіргенімен, сетті алды – 6:3.
Екінші партияда есесіне Барбора 5:2 есебімен алға кетті. Ақыры алтыншы сетболын пайдаланды – 6:3.
Үшінші, шешуші сетте есеп 3:3 болған мезетте Крейчикова брейк жасап кетті – 4:3. Ақыры матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Екі сағат 8 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Рыбакина 8 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың тек үшеуін пайдаланды. Крейчикова 4 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Осылайша, чехиялық теннисшімен матчты жақсы бастағанымен, Рыбакина одан үшінші рет жеңіліс тапты.