• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Шілде, 2024

Өзгеше өсімдіктер әлемі

135 рет
көрсетілді

Шалғай аймақтарда орын тепкен әлем­нің нешінші кереметіне баласаңыз да, ауыз толтырып айтатын жерлер же­терлік. Осындай елді мекендерге еліміздегі ғалымдардан бө­лек шетел ғалымдарының аяқ басуы – қай кезде де елең етер елеулі дүние.

Жақында Астана халық­аралық уни­вер­ситетінің бас­тамасына орай Табиғи ресурс­тар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің арнайы рұқсатымен «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи пар­кінде докторанттардың дис­сертациялық жұмыс тақы­рып­тары мен ғылыми жобалары не­гізінде далалық ғылыми зерт­теу жұмыстары жүргізілді.

Ғылыми зерттеу жұмыста­рының аясын кеңейту, бой­дағы білімін жетілдіру мен ғылыми ізденістерді нығайту мақ­са­тындағы басқосуға Вар­шава уни­верситетінің докторы, профессор Малгожата Суска Ма­лавска, Жапонияның Тоттори университетінің докторы Айеле Алмау Фента, Польшаның Вроцлавский университетінің докторы, профессор Цезари Ка­бала, Израиль елінен өлі теңізді зерттеу орталығының профессоры Илан Стави, Польшаның Вар­шава университетінен PhD Марцин Сульвински және магистр­лер Петр Чибовский, Марцин Зегарек сынды ғалымдар келді. Сон­дай-ақ далалық-ғылыми зерт­теу жұмыстарына Астана ха­лықаралық университетінің про­фессоры, биология ғылым­дарының докторы Анар Мыр­зағалиева және PhD Талант Самарханов, Ай­дын Оразов, докторанттар Шы­нар Түс­тібаева, Жаңылқан Әлем­сейі­това, жас ғалым Сұлтан Қауа­нов сияқты зерттеушілер қатысты.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашы­лығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Тарбағатай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – биологиялық және ландшафтық әртүрлілікті сақтау, табиғатты қорғау мен экологиялық-ағарту жұмыстарын жүзеге асыратын мекемелердің бірі. 2018 жылы құрылып, ғылыми зерттеу жұ­мыстарын үйлестіріп отырған табиғи парк аумағы 145 мың гектарды құрайды. Ұлттық парк аумағында 1 640 түрлі өсімдік өседі. Олардың ішінде 169 энде­миялық түрі болса, 35 түрі Қа­зақ­станның «Қызыл кітабы­ның» қорғауына алынған.

Осы ғылыми зерттеу экспе­дициясының басы-қасынан табылып жүрген Астана халық­аралық университетінің студенттермен іс жүргізу бөлімінің басшысы, «Биоэкология» білім беру бағ­дарламасы бойынша докторант Жаңылқан Қабиқызының айтуынша, Астана халықаралық университетінің бастамасымен бірқатар шаруа қолға алынған екен.

– Далалық зерттеулер мен тәжірибелер жүргізу, ғылыми сипат­тағы талдамалар жасай отырып жаңалық ашу – ға­лым­д­ардың міндеті. Жоғарыда аталған университеттің профессоры, биология ғылымдарының докторы Анар Базарқызының ғылыми жетек­шілігімен білімін дамытып, ғылым саласына бет бұрған докторанттар уни­верситеттің ғылыми кеңесі тарапынан үлкен қолдау тауып отыр. Бү­гінгі таңда шетелдерде ғы­лыми тағылымдамадан өтіп, ға­лымдармен тығыз байланыс орнатқан зерттеушілер жаңа тыныс тауып келеді, – дейді Ж.Әлемсейітова.

Шалғайдағы паркке ат басын бұрған Польша, Израиль, Жапония елдерінің ғалымдары ұлттық парк аумағындағы өсімдік­тердің өсу жиілігі мен фло­расын зерттеуде үлкен жаңа­лықтарға кенелеріне үлкен сенім білдіреді. Басқа елдердегідей емес, еліміздегі өзгеше сипаттағы өсімдіктер мен тіршілік түрлерін зерделеу биология ғылым­дары­ның өрістеуіне жол ашары түсінікті.

«Тарбағатай» мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркі мен Астана халықаралық университеті арасындағы меморандум аясында орындалып жатқан бұл зерттеу нәтижесі алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі өсімдіктер мен жануарлар әлемінен хабар беретін журналдарда, ғы­лыми еңбектерде жарияға шығады. Жойылып бара жат­қан өсімдіктерді сақтауға, Қазақ­станның «Қызыл кітабына» енген ерекше тіршіліктің жойы­лып кету қаупімен күресуге бағытталған экспедициялар – Тарбағатай тауындағы өзге де тір­шілік иелеріне әлем ғалымда­рының назарын бұру екені ойға алған мәселенің бірі. Шетел ғалымдарын тартудағы жоспар да, оларға еліміздің табиғатын таныстырудағы мақсат та осы.

Абай облысы