• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 12 Шілде, 2024

Робот-көмекші

249 рет
көрсетілді

Қазір отандық жас ғалымдардың ғылым саласындағы жаңаша талпыныстары көңіл қуантады. Айталық, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің жас ғалымдары медициналық мекемелерге қажеттілігі мол робот-­курьер жасап шығарған.

Бүгінгі таңда елімізде көптеген саланы автоматтандыру үдерісі жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Бұдан денсаулық сақтау саласы да тыс қалып жатқан жоқ. Робот-курьер – соның бір дәлелі. Осы робот арқылы ем алушыларға қызмет сапасын жақсартуға болады. Мұны уни­верситеттің жас ғалымдары мен роботтехника және автома­тика техникалық құралдары кафедрасының студенттері жасаған. Робот-курьер ауруханада ем алып жатқандарға керекті дәрі-дәрмекті жеткізіп беруге арналған. Негізінен, дәрі-дәрмекті медицина қыз­меткерлері тасушы еді ғой. Енді оны робот-курьер атқар­са тамаша емес пе?! Қазақша айтқанда, робот-курьер медицина мамандарының қолын ұзартады. Мұнда барлық жүйе автоматтандырылып, заманауи құралдармен жабдықталған. Әсіресе құрылғыдағы автономды навигацияның қызметі зор. Ол роботтың бағдарын оңтайлы етіп, дәрі-дәрмек­ті жеткізуді жылдамдатады. Қысқасы, робот-курьер сұра­ныс бойынша емделушіге дәрі-дәрмекті әрі жылдам, әрі қауіп­сіз жеткізеді.

Осы көмекші құлтемірді жасаған топтың жетекшісі Нұрлан Баянбайдың айтуынша, бұл идея оған пандемия кезінде келіпті.

«Мұндай робот-курьер бір­қатар шет мемлекетте жақсы дамыған. Олар дәрі-дәрмекті пациент жатқан әрбір палатаға қауіпсіз жеткізіп береді. Соны көзімен көріп, осындай роботты біз неге жасамасқа деген ой келді. Сөйтіп, бірден бастап кеттік. Алдымен шағын робот-курьер жасадық. Ол ойы­мыздан шықты. Содан ке­йін университет қолдауымен оның үлкен нұсқасын жасап шығардық. Әзірше оны өзіміз сынақтан өткіздік. Алдағы таңда осындай роботтарды шығаруды дамытсақ дейміз. Өйткені бұған сұраныс жоғары болары анық. Оған толық көзім жетеді. Мысалы, Алматыдағы №4 қалалық ауруханада жұ­мыс істеп жүргенде осындай ­проблема бар екенін байқа­дым. Біз жасаған робот-курьер медициналық ғимарат ішін­де еркін жүріп, дәрі-дәрмекті қой­мадан әрбір емделушіге ­өзі апарады», деді ол.

Жас ғалымдар роботку­рьер­ді отандық материалдан жасаған. Электрондық құ­рал­дар ғана шетелден алынған. Осы топқа жетекшілік еткен Нұр­лан Баянбай 2018 жылдан бері көрнекті ғалымның есі­мін иеленген жоғары оқу орнында қызмет істейді. Санкт-Петер­бург қаласында магистратураны оқып, Қ. Сәтбаев атындағы Қа­зақ ұлттық техникалық зерттеу уни­верситетінің докторан­ту­ра­сын тәмамдаған. Биыл «Бола­шақ» бағдарламасымен Ұлы­британияда білімін одан әрі терең­детуге аттанып бара­ды. Қыс­қасы, игілікті дүниені жаса­ған жас ғалымдарды қол­дап, робот-курьердің санын көбейт­сек, медициналық қызметтің сапасы арта түсері анық.