• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Шілде, 2024

Шынайы жазылған шығарма

224 рет
көрсетілді

Жақында белгілі жазушы Марат Мәжитовтің «Бір шөкім бұлт» атты жыр жинағы жарық көрді. Бұған дейін бірнеше прозалық кітап жазған қарымды қаламгердің өлеңдер жинағы алғаш рет шығып отыр.

М.Мәжитовтің есімін көзіқарақты қауым «Құныскерей», «Тобанияз», жиыр­ма жасында хан тағына отырған атақты Хақназар хан туралы көлемді романы арқылы жақсы біледі. Бірақ қара сөз шеберіне поэзия да жат емес. Өлең өлкесіне де ара-тұра ат ізін салып қояды. Сонау 60-жылдардан бері қаламгердің топтама өлеңдері республикалық газет-журналдарда жиі жарияланып, оқырмандар тарапынан жылы бағасын алған. Жинаққа енген өлеңдердің маз­мұны әртүрлі. Көбінесе қоғам, уақыт, адамдар арасындағы сыйластық, сүйіс­пеншілік мәселесі көтеріледі. Сонымен бірге Отан, ел, туған жер тақырыптары да назардан тыс қалмаған. Кітапты парақтап отырып, автордың жан дүниесіндегі сезім бұлқыныстары, көңіл күйі, қоғамға, уақытқа деген көзқарасы ақ параққа риясыз жыр болып төгілген. Нені жазса да ағынан ақтарылады.

Мәселен, «Уақытқа наз» деген өлеңін оқып көрейік:

«Барады, көшіп күндер, сырғып уақыт,Өміріңді артта қалған бұлдыратып.Біреуге ғұмыр қымбат, ал біреулер,Байлыққа, дүниеге жүр құмартып.Барады, көшіп күндер бұрылмайды,Өкпек жел шаң көтеріп құйындайды.Дел-сал ғып көңілімді ұшпа уақыт,Бір мезет сезімімді жырымдайды.Көзде жас, көкірек шер бұл әлемде, Бір сәтте қайғы-қасірет тыйылмайды», деп құмнан қашқан қызыл түлкінің құйрығындай бұлаңдаған уақытқа наз айтса, «Қысқы кеш» деген өлеңінде:

«Жер бетін ақ мамықпен қаптап алып,Түрге еніп, өзін-өзі баптар анық.Төңірек өзгеше бір сәндік құрған,Төгілген ай нұрымен шат таранып.Қаратпай ақ шұғыла көз тайдырып,Ерке жел бет шарпиды мұздай тұнық. Кей кезде шым еткізіп тістеп алар,Аязы ақ мамықтың жай-жай күліп», деп қақаған қаңтардағы қысқы кештің суретін көз алдыңызға әкеледі.

Жинақта осындай көңілді селт еткізер тың теңеулер, бейнелі суреттер, оралымды ойлар молынан кездеседі.

Бір сөзбен айтқанда, кітаптың басты құндылығы – шынайылығы. Ал шынайы жазылған кез келген шығарма адамды біресе мұңға, біресе қуанышқа бөлеп, толқытары анық.