• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 12 Шілде, 2024

Қалпына келтіру жұмыстарының барысы

98 рет
көрсетілді

Сенат депутаты Талғат Жүнісов Ақмола облысындағы Астрахан және Бұланды аудандарының тұрғындарымен кездесті. Сенатор сапар барысында бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарды аралады.

Депутат Астрахан ауданындағы Старый Колутон аулында ауыл тұрғындарымен кездесіп, суға шайылып кеткен кіреберіс жолды жөндеу, дәрігерлік-амбула­тория­лық пункт салу мәселелерін талқылады. Тас­қын кезінде ауылда 89 үй су астында қал­ған болатын. Комиссия мүшелері 28 үй апат жағ­дайында екенін белгіледі. Депу­тат осы мәселе бойынша барлық қажетті смета­лық құ­жат­тар бар екенін, ал жобалар қаржы­ланды­рудың басталуын күтіп отырғанын атап өтті.

«Сенаторлар өңірлерде жайлы өмір­ді қалыптастыру жөніндегі ауқымды да кешенді міндеттерді атқаруға жұмылып отыр. Азаматтардың бізге келіп түскен өтініштерінің көпшілігі тұрғын үй, жол, жылу, сумен жабдықтау мәселелеріне қатысты. Бұл мәселелер – маңызды және өңірді дамыту негізінің бірі. Біз жыл бойы осы мәселелер бойынша жергілікті атқарушы және өкілді органдармен, оның ішінде осы аудан әкімдігімен де тығыз жұмыс істедік», деді Т.Жүнісов.

Депутат Бұланды ауданындағы Капи­тонов­ка, Иванковка ауылдарында тасқын­нан зардап шеккен азаматтарға арнап салынып жатқан үйлер құрылысымен танысты. Одан кейін Вознесенка аулын­дағы шаруа қожа­лығының алқаптарын аралады, ауылдың орта мектебінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұ­мыс­тарын көріп шықты. Осы білім беру меке­ме­сінде ол аудан мұғалімдерімен кездесіп, білім са­ла­сындағы өзекті мәселелерді талқылады.

«Халықпен мұндай кездесулердің маңызы зор. Мемлекеттік қолдау ісінде қиындыққа кез болған немесе Сенаттың араласуын қажет ететін проблемаға тап болғанда өңірлердің мүддесін білдіретін Палата ретінде азаматтармен тікелей кері байланыс жасауға мүмкіндік береді», деп атап өтті сенатор.