Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Бақтықожа Ізмұхамбетов жұмыс сапарымен Атырау облысына барып, өңірдегі әскери бөлім құрамымен, полицейлермен, Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу барысында депутат әскери бөлімнің жеке құрамымен, олардың материалдық-техникалық жабдықталуымен, әскери қызметшілердің жағдайымен танысты. Одан соң мәжілісмен облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен жүздесті. Онда қала аумағындағы қоғамдық тәртіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, қызметкерлердің ой-пікірін тыңдады. Бақтықожа Ізмұхамбетов полицияның қоғамдағы рөлін ескере келе тәртіп сақшыларына да мемлекет тарапынан әлеуметтік және құқықтық қолдау қажет екенін атап өтті.
– Қауіпсіз мемлекетті құру – мемлекеттік саясаттың негізгі ұстанымдарының бірі. «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасына сәйкес құқық қорғау органдары қызметкерлерін құқықтық және әлеуметтік қорғауды арттыру жөнінде кешенді шара қабылдауды жалғастырамыз. Полиция қызметі тиімді, есеп беруге міндетті саналып, халықтың қажеттілігін өтеуге тиіс. Кәсібилік, имандылық пен адамгершілік полиция қызметкерінің ізгі қасиеттеріне айналуы керек, – деді ол.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаты өңірдегі Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамымен кездесті. Жиынға «Аmanat» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Бисалиев, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Утешов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаев, мәслихат депутаттары, жауапты мамандар және департамент қызметкерлері қатысты.
Жиын барысында халық қалаулысы №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты. Кейін жеке құраммен кездесіп, оларды толғандыратын мәселелерді тыңдап, Парламент қабырғасында атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңадан қабылданған заңдар туралы ақпарат берді. Сондай-ақ басқосуда жеке құрамның біліктілігін арттыруға, жұмыс жағдайларын жақсартуға қатысты мәселелер талқыланды.