2.Қатардағы қаһармандар
Ертесінде облыстық кітапханаға келіп, Ұлы Отан соғысына Омбы өңірінен аттанған қазақтарды іздеу жұмысын одан әрі жалғастырдық. Сирек қорға бұл жолғы тапсырыс берген дүниелеріміз Омбы облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі шығарған «Солдаты Победы», «Книга Памяти» жинақтары мен «Омская правда» газетінің 1941-1945 жылдардағы тігінділері болды. Мұқабасы қызыл түсті алғашқы еңбек үлкен-үлкен 7 томнан тұрады екен. Бұларға майдан даласынан аман келген Отан солдаттары өз аудандары бойынша орналастырылыпты. Ал түсі қара екінші жинақ 11 томды құрап тұр. Оған 1418 күн мен түнге созылған от кешуде опат болған боздақтардың аты-жөндері тізілген.
Алдымен «Солдаты Победы» көптомдығын қолға алдық. Кітаптың құрылымы алфавиттік тізімнен, фотосуреттерден, сосын майдангерлер туралы мақалалар мен естеліктерден тұрады екен. 7 томның ішінен күні бойы отырып тапқанымыз 3200-ге жуық қазақ фамилиясы мен олардың кейбіреулері туралы жазылған 14 мақала және 28 фотосурет болды. Ал «Книга Памяти» жинағының 11 томында кілең қаза тапқан кісілердің аты-жөндері тізілген. Оны парақтап шолып көргенімізбен, қайтыс болған әке-ағаларымызды санап, есебін шығаруға жүрегіміз дауаламады.
Алғашқы кітапты асықпай қарап отырмыз. Олардағы майданнан тірі оралған ағаларымыздың тізімдері арасындағы шағын түсініктемелер мен анықтамалықтарда нендей ерлік түрлері, нендей тағдыр иелері жоқ десеңізші. Бәрі бар. Батыр атағын алмаса да 5 жауынгерлік ордені бар қазақ, 20 күн аштыққа шыдап, әскери бөліміне келіп қосылған қазақ, тұтқынға түсіп қашып шықса да НКВД-нің қатыгез шешімімен Колымаға айдалған қазақ. Ерлік көрсеткендерге өте сирек берілетін марапат – Александр Невский орденін иеленген қазақ... Айта берсе толып жатыр. Сөзіміз құрғақ болмас үшін енді біз өзіміз сөз етіп отырған жинақтағы жауынгер қандастарымыз туралы жазылған шағын мақалаларды мысалға келтірелік.
«Ахмет Әлқайдаров алдымен 5-ші атты әскер полкы құрамында Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысып, Калинин қаласын азат етуге атсалысқан, – деп жазыпты «Солдаты Победы» кітабының 5-ші томындағы материалда. – Бірде кезекті шабуыл сәтсіздікке ұшырап, кавалеристер қарсыластарының пулеметі оғының астында қалады. Үлкен шығынға ұшырайды. Сонда Ахмет Уақұлының аты омақаса құлап, өзі қатты жараланады. Жауынгерді санбатта емдеген соң 108-ші атқыштар полкына жібереді. Ол мұнда 1942 жылдың мамырына дейін барлаушы болып қызмет етеді. Бұдан соң майданның бұралаң өмірі Ахмет Уақұлын 69-шы атқыштар полкының көлік жүргізушісі етеді. Витебск түбіндегі жан алып, жан берісіп жатқан шайқаста алғы шептегі әскерлерге оқ-дәрі мен азық-түлікті тоқтаусыз тасып, мұнымен қоса жараланғандарды қауіпсіз жерге жеткізіп, көзсіз ерлік көрсеткені үшін қатардағы жауынгер ол «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Одан соң Ахмет Әлқайдаровтың ұқыптылығы мен тындырылымдылығы ескеріліп, оған сержант атағы беріледі де барлау бөлімшесінің командирі болып тағайындалады. Әскери тапсырмаларды орындау кезінде ол өз жігіттерімен талай ерліктер көрсетеді. Сондай батыл әрекеттері ескеріліп, Витебск өңіріндегі шайқаста көрсеткен ерліктеріне байланысты ол ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталады. Содан біраз уақыт өткеннен кейін Белоруссиядағы Погребенка және Шиловка селоларын жаудан азат етуге қатысқан және кеңес әскерлеріне аса қажет №1700-ші биіктікті бағындырған ерлігіне орай аға сержант Ахмет Әлқайдаров І дәрежелі Отан соғысы орденіне ие болады.
1945 жылдың 26 қаңтарында Қызыл Армия бөлімдері Кенигсберг қаласын алу жөніндегі шабуылға дайындалады. Осы шайқасқа 65-ші атқыштар корпусының жасағы құрамындағы аға сержант Ахмет Уақұлы басқаратын бөлімшенің барлаушылары да қатысады. Шабуыл кезінде ол өзін барынша білікті де алғыр қабілет иесі ретінде көрсете біледі. Оған ержүрек қазақтың содан көп кешікпей Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталуы анық дәлел бола алады.
Ахмет Уақұлы фашистік Германия жеңіліп, тізе бүккеннен кейін 1945 жылғы тамызда Қиыр Шығыстағы Жапонияның Квантун армиясымен болған ұрыста да батырлығымен танылады. Ондағы жанқиярлық ерлігі үшін оған екінші мәрте Қызыл Жұлдыз ордені беріледі. Әскер қатарынан босарда оны тағы бір награда іздеп келіп табады. Сөйтсе ол 1944 жылғы ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін берілген ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені екен. Осылайша қайсар қазақ Омбы өңіріндегі өзі туған Таврия ауданына 5 бірдей жауынгерлік орденмен оралады. Ол елге келген соң да өзінің ұстамды, биязы және еңбектегі табанды қасиетімен айрықшаланып, құрметке бөленеді. Екі ұл, екі қыз өсіріп тәрбиелейді. Сөйтіп, ол балалары үшін, ауылдастары үшін үлгілі әке, абыройы биік ел ағасы болды».
...Осы арада мынадай жағдайды баяндай кетелік. Түс қайта кітапханаға бізді іздеп Омбы үкіметінің жауапты қызметкері Нұрбол Әлжанов келді. Ол алдымызда жатқан жинақтағы Ахмет Әлқайдаров туралы жазылған «Жауынгерлік 5 орденнің иесі» атты мақаланың ксероға түсірілген нұсқасын көріп тұрып, қатты ойға кетті. Бір мезетте: «Осындай нәрсені өз кезінде білсек, ескерсек қой. «Жазып, жинастырып жүріңдер», – деген де ешкім болмады-ау... Енді, міне, қарашы» – деп күрсінді. «Не болды? Олай деуіңізге не себеп?» – деп сұрадық ештеңеге түсінбеген біз. «Осыдан біраз жыл бұрын, – деді Нұрбол, – біз ауылымыздағы 8 жауынгерлік ордені бар ағайды жерлеген едік. Ол кезде мен кеңшар директоры болатынмын. Марқұмның аты-жөнін ұмытып тұрғанымды қараңызшы... Есіме түсіремін. Түсіруге тиіспін. Сол кезде сізге міндетті түрде хабарласамын. Жарай ма?». «8 ордені болған дейсіз бе? Значок, медаль емес... 8 жауынгерлік орден! Керемет қой бұл?! – дедік әңгіме иесіне. – Қазақ па еді өзі?» «Иә, қазақ. Содан соң ғой айтып тұрғаным».
Міне, мұнда, Омбы өңірінде осындай марқасқа ағаларымыз болған. Ерлік жасадым, осындай марапаттардың иесімін демей, қарапайым тірлікпен ғұмыр кешкен. Сөйтіп аспай-таспай, бәріне де шүкір, тәубе деп үндемей өмірден өткен.
Жә-ә... Енді басқа бір тағдыр иесі туралы тапқан дерегімізді баяндайық. Сөз етіп отырған жинақтың 6-шы томындағы қатардағы жауынгер Тоқжігіт Сейсенбаевтың басынан кешкені соғыстың не екенін көз алдыңа елестетіп, еш боямасыз көрсетеді.
Ол әскерге Омбы өңіріндегі Байдалы ауылынан 1942 жылы шақырылады. Алдымен оны бірнеше ай бойы үрлемелі резина камераларынан құрастырылатын понтон көпір жұмысшысына дайындайды. Сосын оқ-дәрі шығаратын әскери зауытқа жібереді. Бір күні күтпеген жерден ауылына қайтарады. Бірақ 1943 жылы оны қайтадан майданға шақырады. Бұл жолы ол мінген пойыз Курск иіні маңындағы Елецк қалашығына қарай бет алады. Олар офицерлер мен жауынгерлерді қоса есептегенде барлығы 800 адам еді. Кешке жақын эшелонды неміс авиациясы бомбалап, қызыл әскерлердің жан-жаққа бытырай қашуына тура келеді. Аман қалғандары қас қарая бір жерге жиналады да Елецк қалашығын жаяу-жалпы бетке алады. Осылайша жауынгерлер аштық пен суыққа мойымай, 20 күндей батысқа қарай жылжумен болады. Небәрі үш күнге ғана шақталған паек баяғыда таусылған-тын. Азық-түлік алатын жер жоқ. Жол бойы кезіккен деревнялардың барлығы өртеніп кеткен. Солай болса да ашыққан жауынгерлер әлгі жерлердің төңірегінен тамақ іздейді. «Өлмегенге өлі балық», дегендей кейде ондағы жертөлелерден тамаққа талғажу етерлік бірдеңелер табылып қалатын. Алайда көп ұзамай мұндай елді мекендер де кезікпейтін болды. Аштық басталды. Сол кезде амалсыздан мысық етін жегендер де кездесіп қалып жүрді. Адамдар арып-ашқанда, ең бірінші жау – жау емес, кәдімгі бит болады екен. Үстеріне киім атаулыдан тек гимнастерка ғана ілген солдаттар азып, арықтаған сайын, бит-сірке көбейіп, үлкейе берді.
Алдыңғы шепке жеткен күні оларға үш күн демалыс беріліп, жиі-жиі тамақтандырылды. Жаңа киімдер үлестіріліп, моншаға түсірілді. Осыдан кейін Тоқжігіт Сейсенбаевты екінші Беларусь майданындағы маршал К.К.Рокоссовскийдің қарамағындағы 65-ші армияның 115-ші атқыштар батальонына жөнелтті. «Бұл маусым айы болатын. Біз шабуыл басталған кезде неміс траншеяларына басып кіріп, фашистерді тұқыртып тастадық. Жау топ-тобымен беріліп жатты. Осы шайқаста оң иығымнан жараландым. Бөлімше командирі мені медсанбатқа жіберді. Онда үш ай жаттым», – дейді майдангер өз естелігінде.
Кейін ол қайтадан қатарға қосылып, көптеген шайқастарға қатысады. Гомельге дейін жетіп, Днепрден өту шайқасына қатысатын әскерлер сапының қатарында болады. Қазанның қара суығында мұз енді ғана қата бастаған еді. Шайқас басталғанда қабыршық мұздар адамдарды көтере алмады. Сондықтан жауынгерлер өздеріне тиесілі гранаттар мен автоматтарын төбелеріне қойып, суық суды жалдап өтуге мәжбүр болды. Қарсы бетке жеткеннен кейін жағалаудағы жыраларға тас бекініп алды. Таңға жуық неміс танкілері Қызыл Армия бөлімдеріне қарай беттеді. Қолда артық оқ-дәрі жоқ. Содан бұлар жау 100 метр жерге жақындағанда ғана атуға мәжбүр болды. Нәтижесінде 60-қа жуық фашисті жайратып, 5-6 танкінің күлін көкке ұшырады. Осы шайқаста Тоқжігіт Сейсенбаев сол аяғының тізеден төмен жерінен жараланады. Екі аптаға жуық медсанбатта болып, кейін жараның орны жазылғанша штабты күзетеді. «Бізде Батанов есімді ноғай капитан болды. Ол аға дәрігер еді. Бірде менен: «Қазақсың ба?» деп сұрады. Мен: «Иә», деп жауап бердім. Осыдан кейін ол маған іш тарта қарап, госпитальға санитар етіп қойды. 1945 жылы Польша мен Германияның солтүстік жағына жеттік. Гданьск және Данциг қалаларын қоршауға алдық. Висланың оң жағында тұрған едік. Сол жағымызда үлкен зауыт бар-тын. Бір күні сол жерден оқ атыла бастады. Қасымда отырған жауынгер мерт болды, ал мен тірі қалдым. Көп ұзамай соғыс аяқталды. 1945 жылы екінші кезекпен үйге қайттым» – деп аяқтайды өзінің естелігін ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері Тоқжігіт Сейсенбаев.
Жинақтағы қазақтарға қатысты осындай мақала, естелік, анықтама хабарлар онша көп те емес, аз да емес. Бірақ әйтеуір бар. Бұл жерде оларды тірнектеп отырып жинайтын табандылық қана керек. Іздеген нәрсеміздің сонда ғана молайып, мазмұны артатыны анық. Осындай ұстаныммен өзімізді өзіміз қамшылап жұмыс істеп отырғанымызда, қасымызға жасы жетпістің мол ішіне кірген ақсақал келіп тіл қатты.
– Үш күн болды. Оқу залында орныңнан тапжылмай отырасың да қоясың. Алдыңдағы кілең соғыс тақырыбына қатысты кітаптар. Не іздеп отырсың қарағым?
Біз жөнімізді айттық. Ақсақал мән-жайды ұққаннан кейін өзін таныстырып, жоғарыдағы тақырыпқа байланысты көрген-білгенін ортаға сала бастады.
– Есімім Амангелді, – деді қария. – Әкем Балта 1941 жылы соғысқа аттанғанда алты айлық іштегі бала екенмін. Мен дүниеге келгенде үлкендер: «Көкесі майданнан есен-сау келсін», – деп атымды Амангелді қойыпты. Бірақ қайран әке батыстағы қан қасаптан қайтпады. Жетім өсіп жүріп, жетілген жайымыз бар.
– Сонда өзіңіз Омбының қай жерінен боласыз?
– Азов ауданынан.
– Ондағы соғысқа кеткен қазақтар туралы естіп-білгеніңіз бар ма?
– Бар. Себебі, мен жас кезімнен сондағы қазақ ауылдарының бас көтерер жігіттерінің бірі болдым. Есейе келе ақсақалдардың өтінішімен кешегі қан майданда хабарсыз кеткен әке-ағаларымыздың аты-жөнін анықтаумен шұғылдандым. Ол Жеңістің 20, 30, 40 жылдық мерекелерінің кезі еді. Мұрағаттағы құжаттардан сондағы білгенім, 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысына Азов ауданынан 990 қазақ аттанған. Солардың ішінен елге тек 388 қандасымыз ғана қайтып келген. Қалған 602 боздақтың сүйегі майдан даласында қалған.
– Ол кездері өзіңіз айтып отырған ауданда біздің қандастарымыз соншалықты көп болған ба еді?
– Иә, соғысқа дейін Азов ауданындағы 3 округ: №4 Киров, №5 Қызылжар, №7 Буденный селолық кеңестері таза қазақ елді мекендері болатын. 1941 жылғы күзде ғой, Еділ бойынан көшірілген немістерді мұнда әкеліп қаптатып жібергені.
Амангелді Тоқсанбаев ақсақалмен әңгімелесіп отырып, ол кісіге алдымыздағы өзіміз оқып, танысып отырған «Ауыл Байтұяқ (Байдалы): прошлое и настоящее» деген кітапты көрсеттік. Осы еңбектің 62-ші бетінде кілең қазақтар тұратын шағын елді мекеннен Ұлы Отан соғысына 126 қандасымыз аттанған екен. Солардан туған ауылына тек 44 адам ғана тірі келген. Қалған 84-і оққа ұшқан немесе хабарсыз кеткен.
Кітапханадағы тапсырыс берген еңбектер мен анықтамалықтарды қарап болғаннан кейін «Омская правда» газетінің 1941-1945 жылдардағы тігіндісін ақтаруға кірістік. Ол уақыттағы Ұлы Отан соғысына қатысты дүниелер майдандағы жаңалықтар мен тылдағы жұмыстарға байланысты беріліп тұрған екен. Солардан біз өзіміз іздеген тақырыбымызға қажет-ау деген оншақты материал тауып, ксероға түсіріп алдық. Енді соның бір-екеуін оқырмандар назарына ұсынайық.
Газеттің соғыс жылдарындағы нөмірлерінде «Омбылықтар – майданда» атты айдар орын теуіпті. Бірінші бетке берілетін онда фотосурет пен шағын мәтін орналастырылатын болған. Міне, 1943 жылғы 11 шілдедегі жарық көрген сондай топтаманың бірінде екі қызыл әскер суреті тұр. Оның астындағы сөйлемдерде: «Жауынгер достар. Екеуі де Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. Олар (солдан оңға қарай) – қазақ, гвардия қызыл әскері С.Төлебаев, коммунист, Омбы облысының Саргат ауданындағы «Красный казах» колхозының бұрынғы колхозшысы (10 немістің көзін жойған) және гвардия сержанты Д.Солдатенко, украин, коммунист, Омбы облысының Полтава ауданындағы «Украина» ауылшаруашылық артелінің бұрынғы колхозшысы (13 немістің көзін жойған). Суретті түсірген П.Мелентьев», – деп жазылған. Фотоны қарап тұрсақ, сол кезде бұл жауынгерлер 19-20-дағы жас жігіттер сияқты. «Соғыстан аман қайтты ма екен? Елдеріне келсе, қазір бар ма?» – дейсің іштей.
Енді газеттің тылдағы тіршілік туралы берген топтамаларының арасынан өзіміздің қандастарымыздың еңбегін бағалап, өңір жұртшылығына үлгі еткен «Шарбақкөл ауданының колхоздарындағы патриоттық ұмтылыс» атты мақалаға тоқталайық. 1943 жылдың 8 қаңтарында жарық көрген бұл материал: «Аудан еңбекшілері «Омбы колхозшысы» танк колоннасына қаражат жинауға зор ынтамен кірісуде, – деп басталады. – Мәселен мемлекеттік банктің бөлімшесіне 7 қаңтарда 1 миллион 200 мың сом ақша түсті. Қаржы жинау жалғасуда. Бұл бастамаға колхоз басшылары ерекше үлгілілік танытуда. Қаратал селолық кеңесі (төрағасы Исин жолдас) 300 мыңнан астам сом жинады. Осы танк колоннасын жасауға 9 колхоз төрағасы 107 мың сом қосты. Айталық, «Екпінді» колхозының төрағасы Сүлейменов жолдас 15 мың сом, «Серп и молот» колхозының төрағасы Мырзаболатов жолдас 16 мың сом, «Нацмен, вперед!» колхозының төрағасы Смайылов жолдас 12 мың сом берді.
Бірінші май селолық кеңесі (төрағасы Урузмаев жолдас) танк колоннасына 400 мың сом жинаған. «Қызыл жол» ауыл шаруашылығы артелінде ұлы майданға кеткен 80 жастағы колхозшы Сатанов жолдас танк құрылысына 3.000 сомды ақшалай тапсырды. Ал майданға қос бірдей ұлын аттандырған Бекзанов жолдас 5.000 сом, Калинин атындағы колхоздың малшысы Сәрсенов жолдас 10.000 сом қосты. Самар селолық кеңесінің колхоз төрағалары 100 мың сом жинады. «Жаңа тұрмыс» және «Кіші Боранкөл» колхоздарының төрағалары Әутәліпов пен Раисов жолдастар 16,5 мың сом, «Үлкен Боранкөл» колхозының төрағасы Ұлтақов жолдас 15 мың сом берді».
Осы мақаланың өр жағында «Көбегенов жолдас танк құрылысына 206.000 сом қосты» деген тақырыппен телеграфтық стильдегі жүгіртпе жол тұр. Онда: «Одесса селосы, 7 қаңтар. (Телефонмен). Л.М.Каганович атындағы колхоздың төрағасы Қожахмет Көбегенов өзінің жеке жинаған қаржысынан «Омбы колхозшысы» танк колоннасы құрылысына 206.000 сом және 50 пұт ұн қосты», – деп жазылған.
Жоғарыдағы хабарлардың ішінен көптеген қазақ фамилияларын көріп отырған шығарсыздар құрметті, оқырмандар. «Бұл адамдар кімдер, қай жерде жұмыс істеген, кейінгі тағдырлары қалай болған?» – деген оймен олардың өмірбаяндарын табуға да әрекет жасадық. Осындай талпыныстың нәтижесінде «Омский краеведческий справочник» жинағынан Қожахмет Көбегенов пен Иманмәлік Сүлейменовті таптық. Қожахмет атамыз 1890 жылдардың аяғында өмірге келген екен. 1930 жылдары артель шаруашылығы құрылғанда соған мүшелікке өтіп, кейін төраға болып, 1943 жылғы жоғарыдағы бастамасынан кейін Сталиннен алғыс хат алады. Онда Бас қолбасшы: «Жолдас Көбегенов, мен сізге қызыл әскерге деген қамқорлығыңыз үшін алғысымды жолдаймын», – депті. Ол кісі соғыс аяқталғаннан кейін елінің сыйлы ақсақалына айналып, 1963 жылы қайтыс болыпты. Ал Иманмәлік ағамыз болса, 1902 жылы Бараба ауылында өмірге келген екен. 1932 жылы Шарбақкөл ауданындағы құрылған алғашқы артелдік шаруашылықтың тұңғыш төрағасы К.Жұмабаевтың орнына келіп, 1940 жылға дейін түрлі бастамалардың ізашары атанады. 1943 жылғы «Омский колхозник» танк колоннасына қосқан үлесі облыс көлемінде жоғары бағаланады. 1946 жылдан Қаратал селолық кеңесінің төрағасы болып жүріп, 1955 жылы өмірден озады.
...Айта берсек, өзіміз тапқан жоғарыдағыдай деректер көп. Біз солардың ішінен бір-бір мысалды ғана жұртшылыққа жеткізіп отырмыз. Мақсат – Омбы өңіріндегі қандастарымыздың Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерлігінің қазақ баспасөзінде осы уақытқа дейін көп сөз болмаған, жазылмаған тұстарын қысқаша айтып өту. Осы арқылы зерттеушілерге ой салу, оларды тың тақырыптан хабардар ету.
Суреттерде: «Омская правда» газетінің 1943 жылғы 11 шілдедегі нөмірінде жарияланған мерген қазақ С.Төлебаевтың суреті; соғыстан 5 жауынгерлік орденмен оралған А.Әлқайдаров; «Омская правда» газетінің соғыс жылдарындағы нөмірлерінде тылдағы қазақ еңбекшілерінің бастамалары туралы жарияланған хабарлар.
P.S. Автор осы мақалалар циклына қажетті деректер мен мәліметтерді табуға көмектесіп, мұрағаттардағы іздеу жұмыстарын жүргізуге қол ұшын берген Омбы облыстық үкіметіндегі Ішкі саясат бас басқармасының басшысы М.М.Каракоз бен осы басқарманың бас маманы Н.Қ.Әлжановқа, Қазақстан Республикасының Омбы қаласындағы консулы Е.А.Қонаевқа, «Мөлдір қазақ мәдени Сібір орталығы» өңірлік қоғамдық ұйымының директоры А.Жүнісова мен «Қазақ салт-дәстүрлерін жаңғыртудағы «Шоқан жолы» Омбы аймақтық қоғамдық ұйымының төрағасы Е.Жұмабаевқа өзінің алғысын білдіреді.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Астана – Омбы – Астана.