Облыс орталығындағы Кардиохирургиялық орталыққа бұл жолы Қытайдың кардиохирург мамандары келді. Бұған дейін «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-тың облыстағы күндері шеңберінде өңірге «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Қадыр Омаров, «Ұлттық ғылыми-кардиохирургиялық орталық» АҚ басқармасының төрағасы, Юрий Пя бастаған 30-ға жуық кардиохирургтер келіп, жүрекке күрделі оталар жасаған еді. Сондай-ақ, білім беру семинарларын өткізіп, шеберлік сабақтарын жүргізді. Облыстық әкімдік пен Ұлттық медициналық холдинг арасында әріптестік туралы меморандумға қол да қойылды. Қазір облыста кардиологиялық кластерді құру бойынша бағдарлама әзірленуде. Озық технологиялардың тілін білетін өз мамандарымызды даярлау қажеттігі туды. Жергілікті кардиохирургтер Ресей, Беларусь, Израиль, Югославия елдерінде тәжірибелерін шыңдап, біліктіліктерін жетілдіріп келіпті. Олардың бесеуі – «Болашақ» бағдарламасының түлектері. Мәскеудегі А.Бакулев атындағы жүрек-қан тамыры хирургиясы орталығында тәжірибеден өткен Дәурен Жақыпбаев та бар. Ал, холдинг күндері аясында еліміздің бас кардиохирургі Юрий Пя 12 жастағы Анастасия Казаковаға ота жасаған болатын. Жалпы, ашылғалы бергі 2-3 жылдың ішінде өңірлік кардиохирургиялық орталықта 2435 адамның жүрегіне ота жасалыпты. Барлық бөлімшелері зертханалар, диагностикалық зерттеулер соңғы үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен жарақталған. Ең бастысы, кардиохирургиялық орталық ұжымы – жас дәрігерлер, яғни олардың орташа жасы 28 жасты құрайды. Облысқа жұмыс сапарымен келгенде Елбасы жас кардиохирург дәрігерлермен жүздескен болатын. Мамандардың барлығы Литва, Израиль, Ресей, Беларусь және еліміздің жетекші кардиохирургиялық орталықтарында білімдерін жетілдіріп қайтты. Павлодарға келіп, минскілік профессор, Ю.Островский, литвалық профессорлар шеберлік сыныптарын өткізді. Шеберлік-сабақтар шеңберінде 92 адамға жүрекке, соның ішінде 25 балаға ота жасалды. Бәрі сәтімен болды. Медициналық орта буын өкілдері де Израильдің Реховот қаласындағы «Каплан» ауруханасы жанындағы медбикелер мектебінде болып, тәжірибе алмасты. Яғни, инновация ауруханаларға келді. Енді міне, шеберлік сыныптары қайта жалғасты. Қытайлық білікті мамандар шеберлік сыныптарын өткізді. Кардиохирургиялық орталық директорының міндетін атқарушы Ораз Мұқашевтың айтуынша, жергілікті кардиохирургтер профессор Цао Хуа және Фуджоу қаласы медицина университетінің профессоры Джанг Гуй Цанның қатысуымен болған жүрекке жасалған оталар барысында шеберлік сыныптарына қатысыпты. Біздің өңірге келген қытайлық мамандар туа біткен және кішкентайларынан жүрек ақаулары бар 1 жастан 11 жасқа дейінгі балаларға ота жасады.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан».
ПАВЛОДАР.