Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 14,25%-ға дейін, 25 базистік тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады. Әлемдегі азық-түлік бағасының өсуі мен Ресейде инфляцияның жеделдеуіне байланысты сыртқы инфляциялық жағдай қолайсыздау болып отыр деп мәлімдейді Ұлттық банк (ҰБ).
Ұлттық банк келіп түсетін деректерді, соның ішінде баға өсуінің тұрақты бөлігін және жалпы инфляцияның таргетке жақындау траекториясын бақылайды. Баға өсуінің бәсеңдеу үрдісін бекіту үшін және инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа қол жеткізу үшін ақша-кредит шарттары ұзақ уақыт бойы ұстамды қатаң қалпында сақталады», делінген ҰБ хабарламасында.
Жылдық инфляция 2024 жылғы маусым айында 8,4%-ға дейін төмендеді және ҰБ болжамы шегінде олардың орталық мәнінен төмен қалыптасты. Баға өсуінің баяулауына азық-түлік тауарларының төмен инфляциясы, сондай-ақ тарифтік реформаны іске асыру қарқынының бәсеңдеуі негізгі үлесті қосты. Осыған қарамастан, жылдық инфляция құрамында «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы және нарықтық қызметтердің қымбаттауы аясында ақылы қызметтердің бағасы барынша өсіп келеді.
ҰБ дерегінше, халықтың инфляциялық күтулері құбылмалы: олар сәуірдегі жоғары мәндерінен төмендеді, алайда теңге бағамының аздап әлсіреуіне байланысты маусым айында біршама өсті. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешім 2024 жылғы 29 тамызда жарияланады.