Екібастұз жылу-энергия орталығының (ЖЭО) акционерлері Александр Клебанов пен Сергей Кан жалпы құны 3,7 млрд теңге тұратын мүліктерді Екібастұз қаласы әкімдігінің балансына өткізді. Бұл – жылу стансасындағы мүліктерді қаланың коммуналдық меншігіне берудің екінші «траншы». Әкімдік өз кезегінде кәсіпорынды «Самұрық-Энергоға» сенімгерлік басқаруға беріп отыр.
Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, «Forbes» тізіміндегі ең дәулетті адамдардың рейтингінен түспейтін қос бизнесмен иеліктеріндегі «ОАЭК» АҚ арқылы «Павлодарэнерго» АҚ компаниясының акцияларын иемденіп отыр. Ал «Павлодарэнерго» компаниясы осы уақытқа дейін Екібастұз жылу-энергия орталығын басқарып келді. Биылғы маусым айының ортасында Екібастұз қаласының әкімдігі ЖЭО-ны «Самұрық-Энергоға» сенімгерлік басқаруға берді. Акционерлік қоғам стансаны «Energy Solution Center» ЖШС еншілес компаниясы арқылы басқарады. «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов Екібастұз ЖЭО-да жиналыс өткізіп, «Energy Solution Center» ЖШС бас директоры Айдарбек Қыстаубаевты, сондай-ақ оның өндіріс, қаржы және қамтамасыз ету жөніндегі орынбасарларын таныстырды. Сонымен қатар ол биыл Екібастұз ЖЭО-да энергетикалық қазандықтар мен қосалқы жабдықтардың бір бөлігін жөндеу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Ал кәсіпорынды бұған дейін басқарып келген бизнестік топтың 2023 жылға шоғырландырылған есебінде айтылғандай, Александр Клебанов пен Сергей Кан Екібастұз қаласының әкімдігіне Екібастұз ЖЭО-ның жалпы құны 3,7 млрд теңге тұратын мүліктерін берген. Бұл дегеніміз – өндірістік, әкімшілік ғимараттар мен құрылыстар, негізгі және қосалқы қазандық жабдықтары. Ал «Forbes.kz» порталы хабарлағандай, мүлікті өткізу 2024 жылдың мамыр айында жүргізілген, бірақ есеп жарияланған уақытта (2024 жылдың 26 маусымы күні) «Павлодарэнерго» АҚ мен оның еншілес компаниясы Екібастұзда жылу қуатын өндірумен және сатумен әлі де болсын шұғылданып отырғаны айтылады.
«Бұл – мүлікті әкімдік балансына берудің екінші «траншы». Бұған дейін 2023 жылдың ақпан айында компания құны 1,8 млрд теңге тұратын жылу желілерін, негізгі және қосалқы қазандық жабдықтарын әкімдікке өткізген. Сол уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бизнестік топ пен Екібастұз қаласының билігі «Екібастұз ЖЭО-ның жұмысын қалпына келтіру бойынша іс-әрекеттер жоспарын» әзірлеген еді», делінген хабарламада.
«Павлодарэнерго» АҚ-ның баспасөз қызметі қазір Екібастұз ЖЭО толығымен «Самұрық-Энергоға» сенімгерлік басқаруға берілгенін нақтылады, яғни «Energy Solution Center» ЖШС кәсіпорынды толығымен бақылауға алған.
«Екібастұздағы жылу-энергия орталығына қатысты ақпарат беру біздің құзырымызға жатпайды. Себебі ол енді 100 пайыз «Самұрық-Энергоның» басқаруында. Қаладағы жылу желілері толығымен Екібастұз қаласы әкімдігінің балансында екені де белгілі. «Павлодарэнерго» компаниясына аталған желілер сенімгерлік басқаруға берілді. Біз қаланы жылумен қамту үдерісіне осы желілер арқылы ғана қатыса аламыз», деп мәлімдеді компания.
Александр Клебанов бұған дейін Екібастұз ЖЭО активтерін 2008 жылы жеке компаниядан сатып алғанын айтқан еді.
«Біз жылу желілерінің тозу мәселесін бұған дейін де бірнеше рет көтердік. Алайда жеке компания ретінде тұтынушылар үшін белгіленген тарифтік бағаны көтере алмаймыз. Сол себепті, кәсіпорынның шығыны әуел бастан көп. Кәсіпорынның кірісі тіпті стансаны қамтамасыз етуге де жетпеді» дей келе, стансаны жергілікті билікке 1 теңгеге сатуға дайын екенін мәлімдеген.
Қазір «Павлодарэнерго» АҚ-ның меншік иесі «ОАЭК» АҚ-ның негізгі акционерлері – Сергей Кан мен Александр Клебанов. Олардың әрбірінің еншісіндегі акция үлесі – 47,1%. Бұған қоса екеуінің «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясында» 50%-дан үлесі бар. Александр Клебанов еліміздегі ең бай адамдардың тізімінде 12, ең ықпалды бизнесмендер арасында 50-орында тұр. «Forbes Kazakhstan» оның дәулетін шамамен 815 млн доллар деп бағалайды. Ал Сергей Кан алғашқы аталған тізімде 31-орында тұр. Оның дәулеті шамамен – 292 млн доллар. Кәсіпкер жоғарыда аталғандармен қоса, «Circle Maritime Invest» АҚ кеме қатынасы компаниясының 50% акциясын иеленіп отыр.
Айтпақшы, Екібастұз қаласының әкімдігі 1 шілде күні Екібастұз қаласында объектілік ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай режімін жариялады. Негізгі себеп – Екібастұз ЖЭО-дағы қазандық агрегаттарын жөндеуге қосымша қаражат бөлу.
1956 жылы пайдалануға берілген стансада белгіленген электр қуаты – 12 МВт, жылу қуаты – 750 Гкал/сағ. Жылу электр орталығы көмірлі шаһарды жылумен толық қамтамасыз етеді. 2022 жылдың соңында Екібастұз ЖЭО-да апат болып, қаладағы үйлердің көп бөлігі қақаған аязда жылусыз қалғаны мәлім. Биыл Үкімет Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында жылу желілерін салуға 9 млрд теңге бөлді. Оның 3,4 млрд теңгесі Екібастұзға бағытталады.
Павлодар облысы,Екібастұз қаласы