Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесуінде: «Мемлекет бизнестің дамуы үшін барынша қолайлы жағдай жасайды және жекеменшіктің толық қорғалуын қамтамасыз етеді. Мемлекет кәсіпкерлерге көмектесуге міндетті. Мұны ерекше атап өткім келеді: кәсіпкерлерге көмектесу керек», деген болатын. Осы орайда қадағалаушы органдар мен бизнес арасындағы қарым-қатынас қандай деңгейде? Президент айтқандай, өзара теңқұқылы серіктестік орнаған ба? Біз «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Гүлнәр БИЖАНОВАМЕН болған сұхбатымызда осы сұрақтардың жауабын білуге тырыстық.
– Гүлнәр Қадыржанқызы, жуырда Бас прокуратурада өткен бизнес өкілдерімен кездесуде заңнаманы, сондай-ақ құқық қорғау және қадағалау органдарымен өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіру мәселелері талқыланды. Сонымен бірге кәсіпкерлік субъектілерін қылмыстық іске заңсыз тарту мәселесі көтерілді. Бұдан қандай нәтиже күтіледі?
– Қол жеткізілген нәтиженің бірі деп бүгінде кәсіпкерлік қызмет саласында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың дербес есебі енгізілгенін айтар едік. Бұл бизнес субъектілеріне қатысты қанша қылмыстық іс қозғалып жатқанын көруге мүмкіндік береді. Құқықтық статистика ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы кәсіпкерлікке қатысты 444 қылмыстық іс тіркелген. 2022 жылы олардың саны 913 болатын, яғни бір жылда екі есеге қысқарғанын көреміз. Ал биылғы 5 айда 251 іс қозғалған. Осы орайда басталған тергеу әрекеттерінің әр бесіншісі, яғни 251 істің 58-і ақтау негіздерімен тоқтатылғанын айта кеткен жөн.
– Бұл әрбір бесінші жағдайда кәсіпкерлік иелеріне қатысты заңсыз іс қозғалған дегенді білдіре ме?
– Кей жағдайлар прокуратураның, оның ішінде Бас прокуратураның қайта тексеруін қажет етеді. Мәселен, Шымкентте магистралдық газ құбырын салып жатқан мердігер «СтройГазКомпани» ЖШС-ны шағымдану үшін мемлекеттік аудиттің нәтижелерімен таныстырмай, қылмыстық іске тартқан. Серіктестік өз ісінің дұрыстығын және өзіне тағылып отырған кінәнің негізсіз екенін дәлелдеу үшін сараптама тағайындауды сұрауға мәжбүр болған. Оның өтінішімен елордалық мамандар мемлекеттік сараптама жүргізіп, газ құбырын салу кезінде залал келтірілмегенін дәлелдеді. Бірақ 6 айдан астам уақытқа созылған қылмыстық тергеу салдарынан бизнес үлкен шығынға батты.
Тағы бір мысал келтірсек, тергеу органдары Маңғыстау облысында мұнай өңдеумен айналысатын швейцариялық инвестор «КазКом SE» АҚ танкерінен мұнай өнімдерінің сынамаларын алу тәртібін бұзғаны анықталған болатын. Республикалық сот сараптама орталығы мұнай өнімдерінің үлгілерін іріктеу мен орау кезінде заң бұзушылықтар орын алғанын растады. Өйткені дәйектер аккредиттелген зертханалардағы зерттеуден кейін ұсынылған. Енді тергеу органы келтірілген кемшіліктерді тергеуге қатысы жоқ салықтық тексерулерді тағайындау арқылы өтеп жатыр. Ал инвестор неге 11 ай бойы қылмыстық қудалау жалғасып жатқанын түсінбей дал. Осының салдарынан мұнай өңдеу зауытының салынбай қалу қаупі бар.
Міне, қадағалау органдары тарапынан осындай негізсіз қудалауларды болдырмау үшін Мемлекет басшысы айтқандай, адал бизнесті түрлі кедергілерден қорғау қашанда маңызды екенін естен шығармаған жөн. Бұл тұрғыда экономикалық құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған бастамаларымызды қолдағаны үшін депутаттық корпусқа алғысымыз шексіз. Сондай-ақ Президенттің «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлығын іске асыру аясында жұмыс жүргізуге әлеуетіміз зор.
– Қылмыстық қудалау демекші, 2022 жылы Бас прокуратура кәсіпкерлік субъектілерін сотқа дейінгі тергеу нұсқаулығына қол қойған болатын. Оның мақсаты қандай және қаншалықты нәтиже беріп жатыр?
– Бұл орайда Ұлттық палата қылмыстық-процестік кодекс деңгейінде сынақтан өткен тәжірибені бекітуді және қадағалау органының нұсқауымен белгіленген қорғау тетіктерін әзірлеуді ұсынып отыр. Атап айтқанда, салық органдары ғана емес, барлық бақылаушы мемлекеттік органдардың тексеру немесе аудит актілеріне шағымдану үшін көзделген мерзімде істі тіркеуге тыйым салынуы керек.
Мәселен, ешқандай ашық талқылаусыз, сахнаның ар жағында бір ведомствоның шешімімен энергетика нарығының тұтас бір саласы жойылғанын өкінішпен атап өткен жөн. Табиғи монополияларды реттеу комитеті 1 сәуірден бастап біржақты тәртіпте, заңнамада белгіленген рәсімдерді орындамай, энергиямен қамтамасыз ететін 500-ден астам реттелмейтін ұйымның лицензиясын тоқтатты. Бұл неге алып келді? Шағын және орта бизнес үшін электр энергиясына жұмсалатын шығындардың өсуі салдарынан инвестициялық жобалардың жүзеге аспауына, үшінші тараптар алдындағы міндеттемелердің орындалмауына әкеліп соқтырды. Электр энергиясына төленетін бағаның тым жоғарылығына байланысты өндіріс орындарының толықтай тоқтап қалған оқиғалары да тіркеліп жатыр. Мысалы, мақтаны өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық циклді өндірісті құрған жалғыз қазақстандық инвестор («Azala Cotton» ЖШС) қызметін тоқтатып, 530 қызметкерін жұмыстан шығаратынын хабарлады. Сондай-ақ энергияны көп қажет ететін өнеркәсіптік жобаға өз қаражатын салған тағы бір шетелдік инвестор «Xinjiang guding trading CO. LTD» (Қытай) тарифтердің негізсіз өсуіне байланысты Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесіне шағым жолдады.
Біздің пікірімізше, нарық субъектілерінің қызметін тоқтатпас бұрын, ең алдымен, тарифтердің әділдігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданғалы жатқан шешімдер жан-жақты кеңінен талқылануы керек еді. Ал бүгінгі жағдайлар мемлекеттің кез келген уақытта қалаған қызмет түріне берілетін лицензияны себепсіз алып қоюына жол ашып отыр. Бұл – елдегі барлық кәсіпкерлік иелері үшін жағымсыз прецендент. Жоғарыда айтылған жағдайларда 2021 жылы «Құқықтық актілер туралы» заңға орай қабылданған, жария талқылауды, ортақ шешім әзірлеуді және жаңа реттеуге дайындалу үшін мерзім беруді көздейтін нормалар, өкінішке қарай, назарға алынған жоқ.
– Адал бизнеске кедергі жасамау туралы айтып жатсыз. Бұл өте орынды. Дегенмен қателік жасаған кәсіпкерлік иелерін де бірден қылмыстық іске тартып, қызметін тоқтатпай, оған екінші мүмкіндік беру керек дейсіз ғой?
– Біз айтып отырған электр энегриясымен қамту саласы реформалауды талап ететіні сөзсіз. Бұл саладан расымен де қызметі сынға ұшыраған жауапсыз субъектілер аластатылуы керек. Біздің ойымызша, біліктілік талаптарын қайта қарап, жаңа реттеу тетіктерін орнатса, нарықты жосықсыз бәсекеден тазартуға болады. Бірақ, өкінішке қарай, Энергетика министрлігі мен Табиғи монополияларды реттеу комитетінің шала жұмысы салдарынан шағын және орта бизнес субъектілері ел көлемінде тарифтің негізсіз көтерілуіне тап болып, наразылықтар туындады, онсыз да қиын жағдайда жаңа проблемалардың шығуына себепші болды.
– Әңгімемізді кеден қызметіне қарай бұрсақ. Біздің білуімізше, соңғы кездері кәсіпкерлер тарапынан Мемлекеттік кірістер органдарының кедендік тексерулерді жүргізіп, ресімдеу мерзімін кешіктіруіне қатысты шағымдар жиілеп кеткен көрінеді. Бұған қатысты не айтар едіңіз?
– Иә, бұл – еліміздің инвестициялық имиджіне кері әсер етіп отырған жағдай. Тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімсіз жұмыс істеуі салдарынан отандық кәсіпкерлердің жүктері кедендік тексеру мен сараптама жүргізуге арналған «қызыл» дәлізге көп жіберіліп жатады. Олар тауарларын қоймада сақтау және кедендік сараптама жүргізу үшін үлкен қаржылық шығындарға ұшырап жүр. Мәселен, биыл наурыз-мамыр айларында ғана «Лукойл Лубрикантс Орталық Азия» ЖШС «сары» және «қызыл» дәліздерге жіберілген 62 экспорттық декларацияны толтырған. Осы секілді негізсіз іс-шаралар салдарынан кәсіпкерлер 58 миллион теңгеден астам артық шығын жұмсады. Мұндай мысалдар көп.
– Оның алдын алу үшін қандай амал қарастырған жөн?
– Инвестициялық ахуалды сапалық тұрғыда жақсарту керек. Мемлекет басшысы елге жаңа инвесторларды тарту үшін сыртқы байланыстар негізінде қыруар жұмыс атқарып жатыр. Өкінішке қарай, жоғарыда бір-екі мысалымда айтып өткенімдей, шетелдік инвесторлар біздің елімізде үлкен кедергілерге тап болып жатады.
Президент Қ.Тоқаев прокуратура органдарына маңызды инвестициялық жобаларды қолдау керектігін тапсырды. Бірлескен жұмысқа Өңірлік кәсіпкерлер палаталары жұмылдырылып, «Атамекен» өкілдерін жергілікті инвестиция мәселелерін қарайтын консультативтік-кеңесші органдардың құрамына енгізу ұсыныстары қолдау тауып отыр. Елдің инвестициялық имиджіне кері әсер ететін жүйелі кемшіліктер анықталды. Бұл ретте арнайы экономикалық аймақтардың қызметі ерекше назар аударуды қажет етеді. Олардың басты мақсаты – бәсекеге қабілетті өндірістерді жедел дамыту, инвестиция тарту, жаңа технологияларды енгізу екені белгілі.
Бүгінгі таңда қызметтің басым түрлері бойынша ғана заңдар мен нормативтік құқықтық актілерде КТС, ҚҚС-ны төлеуден босату жеңілдіктері, шетелдік жұмыс күшін тартудың оңайлатылған тәртібі, жеңілдетілген кедендік рәсімдер, т.б. көзделген. Алайда өңірлік даму ерекшеліктерін ескермей, басымдықтардың шектеулі тізбесін бекіту ел көлеміндегі экономикалық аймақтарға инвестиция ағынын айтарлықтай шектейді. Мысалы, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Алматы облысындағы экономикалық аймақ үшін Алатау қаласын дамыту бас жоспарында көзделмеген 17 басым экономикалық қызметтің жалпы жіктеуішін айқындаған. Нәтижесінде, өткен жылы инвестициялық салымы 682,8 млрд теңгені құрайтын 41 инвестор қызметтің басым бағыттарына сәйкес келмеуі себебінен «Алатау» экономикалық аймағында өз жобаларын жүзеге асыра алмады.
Әрине, инвестициялық үдерістердің ашықтығын және заң бұзушылықтарға жедел ден қоюды қамтамасыз ететін бірыңғай ақпараттық жүйенің болмауы жағдайды күрделендіретіні анық. Бүгінгі таңда Сыртқы істер министрлігінің де, Ұлттық палатаның да қолда бар цифрлық жүйелерін бірыңғай интерактивті инвестициялық картаға интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жауапты тұлғаларды, жоспарланған көрсеткіштерден ауытқу себептерін көрсете отырып, негізгі өнімділік көрсеткіштеріне, нақты инвестициялық жобаларды бақылауға мүмкіндік бермек. Жобаларды осы форматта сүйемелдеу инвесторлар алдында тұрған операциялық кедергілерді алып тастауға, ал түпкілікті нәтиже олардың толыққанды кәсіпкерлік субъектілері ретінде қалыптасуына жол ашпақ.
Сонымен қатар бизнес өкілдерімен соңғы кездесуде Бас прокурор Берік Асылов кәсіпкерлік субъектілерін бақылау, әсіресе тергеу әрекеттерін заңсыз жүргізу фактілеріне жол бермеу үшін тұрақты қадағалау қажет екенін баса айтты. Бұл Ұлттық палата мен оның өңірлік бөлімшелері әрқашан қолдауға үміт арта алады деген сөз.
Сыртқы істер министрлігіне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп инвестициялық жобаларды қолдауға қатысты цифрлық платформалардың интеграциясын қарастыруды жеделдету тапсырылды. Бізді инвесторлардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетігін құрудағы ортақ көзқарасымыздың сәйкес келетіні қуантады. Егер Бас прокуратура алаңында инвестициялық жобаларды қолдау жөніндегі Жобалық кеңсе іске асырылса, Ұлттық палата бұл жұмысқа белсенді түрде қосылуға дайын екенін білдіреді.
Болашақта барлық шешімдер мен шектеу шараларын келісуді көздейтін осындай тетікті орындауға біз отандық бизнестің барлық өкілін тарта аламыз. Әрине, бұл еліміздегі инвестициялық және бизнес ахуалын жақсартуға, Президенттің алдымызға қойған страгетиялық маңызы бар міндеттемелерін орындауға септігін тигізеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен – Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,«Egemen Qazaqstan»