КӨКШЕТАУ. 26 сәуір. Ақмола облысының сайлаушылары өз таңдауын жасауда белсенділік танытуда. Биыл алғаш рет дауыс беріп отырған Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 1-курс студенті Әмірхан Тәшенов бұл күннің өзі үшін ерекше есте қалатынын айтты. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
«Бүгін мен үшін ерекше қуанышты күн. Биыл тұңғыш рет сайлауға қатысып, өзімнің №16 учаскемде дауыс бердім. Елімнің азаматы ретінде үлкен жауапкершілік арқалағаныма ерекше қуандым. Себебі, өмірімдегі айтулы оқиға – Қазақстан Республикасының Президентін сайлауға қатыстым», – дейді Әмірхан.
Сондай-ақ, ол сайлау учаскесіне келген кезде көңілі толқығанын да айтты. «Учаскеге толғаныспен аяқ бастым. Әйтсе де, комиссия төрағасы мен хатшысы тұңғыш рет дауыс беруші ретінде маған жылышырай танытты. Тіпті естелік сыйлық тарту етті. Бұл біздің қоғамның өзінің жас мүшесіне құрметі мен сенімін айғақтайды. Мұндай ілтипат менің жігерімді тасытты. Абай атамыз өсиеттегендей, елімнің бір кірпіші болып қалануым, оның болашағына адал қызмет етіп, Отанымның өркендеуі жолында аянбай еңбек етуім қажеттігін түсіндім», – дейді азат елдің айбынды ұланы.
Бақберген Амалбек.
Дерек, сурет: egemen.kz.