Париж жазғы Олимпиадасының ашылу салтанатында еліміздің делегациясын бастап, ту ұстап шығу құрметі боксшы Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлет Ольга Сафроноваға жүктелді.
Асланбек – жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің делегациясын бастап шығатын, яғни ту ұстаушы үшінші боксшы. Бұған дейін көк байрағымызды қай боксшылар ұстады деген сауалға тоқталуды жөн санадық.
Қазақстан спортшылары тәуелсіз елдің атынан жазғы Олимпиада ойындарына 1996 жылы қатысты. АҚШ-тың Атланта қаласын дүбірге бөлеген айтулы аламанның ашылу салтанатында Ермахан Ибрайымов ту ұстап шықты. 71 кг салмақ дәрежесінде додаға кірген боксшы жартылай финалда кубалық Альфредо Дуверхельге есе жіберіп, қола медальды қанағат тұтты. Төрт жылдан кейін Аустралияның Сидней қаласында алауы тұтанған жазғы Олимпиаданың салтанатты рәсімінде де біздің спортшыларды Ермахан Ибрайымов бастап жүрді. Ту көтерген саңлақ ширек финалда төрт дүркін әлем чемпионы, жазғы Олимпиада ойындарында екі мәрте күміс медаль иеленген кубалық боксшы Хуан Эрнандесті айқын ұтты. Жартылай финалда британдық Джерман Тэйлорды ығыстырып, финалдық тартыста әлем чемпионы румын Мариян Симоннан басым түсіп, Олимпиада чемпионы атанды. Одан кейінгі жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің делегациясын бастап, ту ұстап шығу құрметі боксшыларымызға бұйырған жоқ. Тек 2021 жылы өткен Токио жазғы Олимпиадасында боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова көшті бастап ту алып жүрді. Қамшыбек Токио жазғы Олимпиадасының жартылай финалында америкалық Ричард Торреске есе жіберіп, қола медальды қанағат тұтты.
Асланбек Париж рингінде атой сала ма? Былтыр Ташкентте әлем чемпионы атанды. Он жыл бұрын 20 жасында ересектер арасындағы додада топ жарып көзге түскен саңлаққа Олимпиаданың жолдамасы 30 жасқа толғанша жалынан ұстатқан жоқ. Орда бұзар шағында Олимпиада дуына қосылатын боксшы үшін әзірге алынбас қамал – жапон Сэвон Окадзава. Былтыр Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарының жартылай финалдық бәсекесінде Шымбергенов осы Окадзаваға есе жіберген еді.