АҚШ-тың экс-президенті, биылғы кезекті сайлауалды бәсекеде алдына қара салмай келе жатқан екеудің бірі – Дональд Трампқа Пенсильвания штатының Батлер қаласында кезекті сайлауалды митинг кезінде қарумен қастандық жасалғанын бүгінде әлем жұрты қызу талқылап, мұндай жағдайды айыптайтын пікір білдіріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Трамптың сауығып кетуіне тілеулестігін білдіріп, мұндай озбырлықты қатаң айыптайтынын жеткізді. Ал кей сарапшылар әйгілі әккі саясаткердің осы оқиғадан кейін беделі одан сайын арта түсіп, сөзсіз президент болатынына сенімді.
Құрығы қысқа құпия қызмет
Дональд Трампқа АҚШ-та еркін ұстап жүруге рұқсат етілген жартылай автоматты AR-15 типіндегі винтовкадан оқ атылды. Федералды тергеу бюросы (FBI) қандықол қылмыскердің аты-жөнін анықтады. Ол Томас Мэтью Крукс есімді 20 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Құдай қағып, әлі де көрер жарығы бар республикалықтар көшбасшысының құлағы ғана жырылды. Өкінішке қарай, оқиғаға еш қатысы жоқ бейкүнә бір тұрғын оққа ұшты. Ол осы сайлауалды бейбіт митингке қатысуға келген 50 жастағы бұрынғы өрт сөндіруші екен. Ал Трамптың Қауіпсіздік қызметінің мергендері көп ұзамай күдіктіні дәл нысанаға алып, атып түсірді. Ол Трамп сөйлеп тұрған сахнадан небәрі 130 метр ғана қашықтағы сарайдың шатырында жатқан.
Осы оқиғадан соң көпшіліктен қалмай президент Джо Байден де, елдің бұрынғы басшылары да мұндай саяси күш көрсетуді айыптап, оқ атуға жол беріп қойған Құпия қызметтің немқұрайдылығын сынға алды.
Оқиға орнындағы жағдай тынышталған соң қауіпсіздік қызмет өкілдері Трампты қаумалай қорғаштап, сахнадан алып кетті. Оқ тескен құлағынан сорғалаған қан бетін шайған Трамп «Менде бәрі жақсы, біз бәрібір жеңеміз!» дегендей, оққағарларының арасынан жұдырығын жоғары шығарып, жақтаушыларының делебесін қоздырды.
ФТБ-ның мәлімдеуінше күдікті жалғыз өзі болған және құқық қорғау органдары оның қандай да бір идеологиямен байланыста болғанын әлі анықтаған жоқ. Себебі ол сол жерде-ақ тіл тартпай кетті.
Wall Street Journal газеті, Associated Press агенттігі мен CNN телекомпаниясы құқық қорғау органдарына сілтеме жасап, Крукстың митинг маңында қалған көлігінен де, қала сыртындағы Питтсбургтегі үйінен де жарылғыш заттардың табылғанын растап отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, ол оқиғадан бірнеше күн бұрын ғана әлеуметтік желіге республикашыларды, әсіресе Трампты жек көретінін баяндаған бейнежазба жариялаған екен. Бірақ көп ұзамай өшіріп тастаған.
Қалай болғанда да, енді Америкада саяси тұлғалардың, саяси жиындардың қауіпсіздігі күшейтілмек. Оған президент Байден уәде беріп, алдағы уақытта Республикалық партия митингілерінің қауіпсіздігі күшейтілетінін айтты.
«Мен Құпия қызмет басшысына барлық қауіпсіздік шараларын қайта қарауды тапсырдым», деді Байден.
Ал Ақ үй Трамп пен оның жақтастарына жасалған қастандыққа байланысты тәуелсіз тергеу жүргізуге бұйрық берді.
Дональд Трамптың аға кеңесшісі Стивен Мур BBC-ге берген сұхбатында митинг қатысушыларына емін-еркін оқ атылуына Құпия қызмет жасағанын қалайша жол беріп қойғанына байланысты көп сұрақ туындап жатқанын мәлімдеді. Өз кезегінде Конгрестегі республикалықтар басшылық ететін Өкілдер палатасы қадағалау комитетінің шақыруымен АҚШ Құпия қызметінің басшысы Кимберли Читл 22 шілде күні Конгресс алдында жауап беретін болды.
Байден не дейді?
АҚШ президенті жексенбі күні Ақ үйдегі кабинетіне келіп, телеарналардың прайм-тайм уақытында халқына бейнеүндеу жолдады. Джо Байден өзінің қараша айында болатын сайлаудағы басты саяси қарсыласы болып отырған Дональд Трамптың өміріне қауіп төнгеніне өкініш білдіріп, алаңдап қалғанын жеткізді. Және жұртшылықты күдіктінің мұндай қадамға қандай оймен барғанына қатысты асығыс көзқарас қалыптастырмауға шақырды. Және ел саясатындағы қызуқандылықты өршітпеу керектігін мәлімдеді.
«Біз Америкада мұндай жолмен жүре алмаймыз және жүрмеуіміз де керек. Америкада мұндай күш көрсетуге, жалпы ешқандай озбырлыққа орын жоқ. Озбырлықтың қалыпты жағдайға айналуына жол бере алмаймыз. Мен барлығыңызды Дональд Трампты атқан адамның мұндай қадамға баруына түрткі болған себептерге және оның саяси ұстанымына қатысты асығыс пікір білдірмеуге шақырамын. ФТБ-ның және оның серіктес-ведомстволарының жұмыс істеуіне мүмкіндік берейік», деді АҚШ президенті үндеуінде.
Оқиға әлі сарапталады
Трамптың жақтастары бұл қарулы қастандықтан кейін оның демократиялық партиядағы қарсыластары экс-президентті барлық күнәлары үшін айыптайтын жалпы атмосфера тудырғанын айтып, наразылық білдіре бастады.
Ал америкалық баспасөздің хабарлауынша, Трамп пен оның сайлауалды митингісіне қатысушыларға оқ атқан 20 жастағы Томас Крукс Республикалық партияның жақтаушысы ретінде ресми тіркелген екен. Айтпақшы, қылмыскер өзінің әлеуметтік желіге жүктеген бейнежазбасындағы сөзі арасында «Мені бекер таңдадыңыздар» деп те айтып қалады. Крукстың республикашыларға қандай оймен қосылғаны сол күйі жұмбақ болып қала бермек. Бір анығы, ол өзі тіркелген партияның беделді көшбасшыларының бірінің артынан келіп пышақ ұрғандай әрекетке барды.
Қысқасы, Трамптың өз қауіпсіздік қызметінде кадрлық өзгерістер орын алып жатқан сияқты. Қалай десек те, дәл қазір қызды-қыздымен Трампқа жасалған қастандыққа қатысты әлеуметтік желіде сан түрлі саяси пікір айтылып, телеарналарда сарапшылар неше түрлі болжам жасап жатыр. Расында қылмыскердің Республикалық партиядан болуы, полицияның митинг маңында бір ер адамның сарай шатырында күмәнді адамның жатқаны туралы ескертпесіне елең ете қоймауы, небәрі 130 метр қашықта жатқан қарулы адамды оған қарама-қарсы бағыттағы сарайдың төбесінде отырған Құпия қызметтің кәсіби мергендерінің көрмеуі күмән тудырып отырғаны рас. Оқиғаның анық-қанығы алдағы уақытта жария бола жатар. Ал кеше Дональд Трамп кезекті үлкен митинг барысында күзде өтетін президент сайлауына Республикалық партия атынан түсетін басты кандидат болып ресми түрде бекітілді.