• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Айбын Бүгін, 18:43

Десантшылар беларусьтік әріптестерін таулы жерлердегі дағдыларға баулыды

43 рет
көрсетілді

Жетісу облысындағы «Көктал» оқу полигонында «Бауырластық шыңы – 2024» оқу-жаттығуы өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған оқу-жаттығудың жетекшісі, Қарулы күштердің Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің айтуынша, отандық және беларусьтік десантшылар бірыңғай жауынгерлік тапсырманы орындай отырып, біріккен екі бөлімшенің құрамында әрекет ететін болады.

«Жаттығуға қатысушылар бір бөлмеге орналастырылған, бірге тамақтанады. Сол арқылы бір-бірінің салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен жақынырақ танысып, бауырластық күшейе түседі», деп атап өтті А.Жұмакеев.

Белсенді іс-қимылдарға дейін беларусьтік дасантшылар тау дайындығының негіздерін игерді. Полигонда қажетті оқу орындары дайындалды. Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлері альпілік роталарының нұсқаушылары оларды қауіпсіздік шараларымен, тау дайындығы жабдықтарымен, жабдықтау элементтерімен, сақтандыру және өзін-өзі сақтандыру негіздерімен, түрлі тораптарды тоқумен, түсу, көтеру және су тосқауылдары арқылы өту элементтерімен таныстырды. Фельдшерлер курсы шеңберінде өзіне-өзі көмек көрсетуге, алғашқы медициналық жәрдемге және жаралыларды тау жағдайында тасымалдауға ерекше назар аударылды.

Таулы жерлерде өмір сүру сабақтарында әскери қызметшілерді қолда бар құралдардан пештер салу, тұтандырғыш заттар болмаған кезде әртүрлі тәсілдермен от жағу нұсқаларымен, суды зарарсыздандыру және жергілікті флора мен фаунадан тамақ дайындау тәсілдерімен таныстырды. 

Практикалық сабақтарда екі елдің десантшыларының біріккен топтары жауынгерлік атыстарды қамтыған шабуылдау мен торуылдауды ұйымдастыру және жүргізу элементтерін пысықтады. Сондай-ақ Қазақстан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолданысындағы ұшқышсыз ұшу аппараттарының тактикалық-техникалық сипаттамаларымен, оларды биік таулы жерлерде қолдану мүмкіндіктерімен танысты. 

Естеріңізге салайық, жаттығуға Қазақстан мен Беларусьтің 350-ден астам десантшысы қатысып жатыр. Оның белсенді кезеңі осы айдың 17-19 күндері өтеді.