Астаналық сегіз жасар Айша мен өскемендік Ева есту қабілеті бұзылған балаларды оңалтуға арналған қосымшаның прототипін әзірледі. Олар өз жобаларын Калифорниядағы «Technovation Girls» Халықаралық қыздар технологиялық байқауының финалында ұсынбақ. Қыздарымыз бастауыш сынып оқушыларына арналған «Beginners» дивизионындағы байқауға қатысады.
Айша Есет пен Ева Журкинаның «digidaisies» командасы кохлеарлық имплантация отасын өткен ішінара есту қабілеті нашар балаларға арналған қолданбаның прототипін жасады. Қолданба сөйлеуді, сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектеседі. Жаттығу үшін қолданба бірнеше құралды ұсынады. Мысалы, сөйлеу гимнастикасы, дыбыстық тренажер, әртүрлі тест. Қолданбадағы телефон камерасы арқылы нысандарды тану үшін қыздар нейрондық желіні пайдаланған. Таңғаларлығы, қосымшаны қыздар досына көмектескісі келіп жасаған. «Біз бұл жобаны шын жүректен таңдадық, өйткені біздің досымыз Айлин бар. Өкінішке қарай, ол туғаннан естімейді және имплантация отасын жасатты. Біздің оған көмектескіміз келеді», дейді Айша.
«Technovation girls» бағдарламасы ақпараттық технологияларды меңгеруге және жобаларды басқару, IT-кәсіпкерлік дағдыларын алуға қызығушылық танытатын 8-18 жастағы қыздарға арналған. Оның негізгі міндеті – қыздардың IT-әлемге деген қызығушылықтарын ояту әрі технология әлемді жақсы жаққа өзгертудің тиімді құралы бола алатынын көрсету.
– Егер сіз IT-да дамығыңыз келсе, сол қызығушылық танытқандардың ортасын табу өте маңызды, өйткені сізбен ортақ мүдделері бар адамдармен байланыс жасау – нәтиженің алғашқы баспалдағы, – дейді бағдарламаның тәлімгері және Яндекс таксидегі аға тестілеу инженері Мила Баду.
Биыл еліміз бұл технологиялық байқауда бүкіл әлем бойынша берілген өтінімдер санынан үздік үштіктің қатарына енді. Нақтырақ айтар болсақ, 2 345 қыз байқауға өтініш берген. Бұл – еліміз үшін рекордтық сан.
8 жыл ішінде Қазақстаннан барған командалар финалға 6 рет шықты. Ал 2017 жылы отандастарымыз 63 басқа елдің ішінен Гран-при жеңіп алды. Осы жылы да кішкентай балдырғандарымызға сәттілік тілейміз!