Кеше Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметті жетілдіру мәселелері бойынша дөңгелек үстел болып өтті.
Аталған шараға Парламент депутаттары, бірқатар облыстардың әкімдері, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері, министрліктердің жауапты хатшылары мен аймақ әкімдерінің аппарат басшылары қатысты.
«Қиындатылған тестілеудің тасасында көптеген тәжірибелі мамандардың небәрі 1-2 балл жинай алмай қалуы жиі кездеседі. Сол себепті, тестілеу барысында өзгерістер мен ондағы кандидаттарды іріктеу кезінде жаңа жағдайлар қарастыру керек болып отыр», деген агенттік төрағасы Қайрат Қожамжаров олардың тарапынан «А» басқарушылық корпусына іріктеу тәртібін жетілдіру ұсынылатынын айтты.
Дөңгелек үстелде мемлекеттік қызмет персоналын басқарудың өзекті мәселелері, «А» басқарушы корпусын тестілеуді және оларды іріктеу шарттарын одан әрі жетілдіру, сондай-ақ, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мен мемлекеттік қызмет көрсету туралы, басқа да мәселелер сөз болды.
Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ғабидолла Әбдірахымов «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік алғалы бері мемлекеттік қызмет институтына, мемлекеттік басқару жүйесіне ерекше назар аударып келеді», дей келе, 2030, 2050 жылдарға дейінгі даму стратегиялары кәсіби үкімет құруда, мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру ісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ, ол Елбасының сындарлы саясатының арқасында аталған мәселелерде көптеген тың өзгерістер болғанына тоқталды. Біз посткеңестік елдер ішінде алғаш болып мемлекеттік қызмет туралы заңды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңды қабылдадық. Қазақстан жетістіктерін бүгінде бүкіл әлем мойындайды, деді Ғ.Әбдірахымов.
Ал Қ.Қожамжаров басты назарды меритократия қағидасын бұлжытпай орындау арқылы таланттарды басқару мен мансаптық жоспарлау секілді мәселелерге аудара келіп, кадрларды іріктеу мен ілгерілетудің заманауи технологиялары мен тетіктерін енгізудің көмегімен мемлекеттік қызметтің моделін жетілдіруге болатындығын атап көрсетті. Өңірлердің өкілдері кадрларды іріктеу мен жоғарылату мәселесі бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді, оның ішінде, облыстық және аудандық деңгейлердегі ауыстырулар арқылы кадр тапшылығын шешуге болатынына қатысты мәселелер қозғалды.
Мемлекеттік қызмет саласындағы басқарушы өңірлік хабтың басшысы Әлихан Байменов дөңгелек үстел барысында айтылатын тақырыптардың мемлекеттік қызметті жетілдіруде маңызды екендігін атап өтті. Сондай-ақ, ол мазмұны өте күрделі болып табылатын мемлекеттік қызмет мәселесін талқылауда осындай алқалы жиын ұйымдастыру саланы жетілдіруге оң ықпалын тигізетіні сөзсіз екенін атап көрсетті. Еліміз мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытында аймақта көшбасшы саналады. Көрші елдер біздің моделіміз бен заңдарымызды зерделеуде және өз шешімдерінде пайдалануда. Дегенмен, өмір бұл саланы одан әрі жетілдіруді қажет етіп отыр, дей келе, Ә.Байменов еліміздегі мемлекеттік қызметтің жаңа моделі ең озық тәжірибеге сай болғанымен, жаңа шешімдерді іздеу де керектігін көлденең тартты.
Парламент депутаттары өздерінің сөздерінде «А» басқарушы корпусы кадр резервінің құрамын жасақтаудың тетіктерін жетілдіруге назар аударды. Аталған мәселеге байланысты нақты ұсыныстар енгізілді. Бұдан басқа, дөңгелек үстелге қатысушылар конкурстық іріктеу үдерістерін үміткерлердің тек заңнаманы білгендігімен ғана емес, сонымен қатар, кәсіби және іскерлік қырлары арқылы да бағалау қажеттігін атап көрсетті.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».