• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
22 Қаңтар, 2015

Асыл азамат

1006 рет
көрсетілді

Мемлекеттің дамуында өңірлердің алатын рөлі айрықша. Біз үшін Қазақ елінің әр аймағы қымбат. ХХ ғасырдың екінші жартысында аймақтарды дамытудағы аға ұрпақтың ерлікке толы еңбегін бүгінгі жастарымыз да білгені жөн деп есептейміз. Кеңес Одағы құрамындағы Қазақстанның әр өңірін ілгері бастыруға өз өмірін арнаған асыл азаматтар аз емес. Солардың бірі мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың ардақты азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері, көп жылдар бойы Гурьев (қазіргі Атырау) облысын нәтижелі басқарған Оңайбай КӨШЕКОВ болатын. Биыл оның туғанына 90 жыл толып отыр. Оңайбай Көшеков 1925 жылы 10 ақпан күні Гурьев облысының Балықшы ауданындағы Сарыөзек елді мекенінде дүниеге келген. Еңбек жолын шопан болудан бастайды. Башқұртстанның Благовещенск қаласында жаяу әскер дайындайтын училищені бітіріп, офицер шенін алып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Содан елге 1948 жылы бір-ақ оралды. Ауыл шаруашылығы техникумын, Жоғары партия мектебін бітіреді. Шаруашылық, партия, кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарады. Нақты айтқанда, Батыс Қазақстан өлкелік, облыстық партия комитеттерінің нұсқаушысы, «Бақсай» қаракөл қой өсіру кең­шарының директоры, Гурьев облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі болады. 1968 жылы қараша айында Гурьев облысының құрамында болған Маңғыстау өңірінде Өзен ауданы құрылып, аудандық партия, ал желтоқсанда аудандық комсомол конференциялары өтіп, ауданның ұйымдары құрылып, басшылары сайланады. Сол кезде мен де Өзен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайландым. 1969 жылдың басында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Д.Клиничев бастаған делегация құрамында көрші Маңғыстау ауданының «Ильич» кеңшарының орталығында жоғары қуатты электр желісінің іске қосылуына арналған салтанатты жиналысқа қатыстық. Сол сапарда аудан басшысы О.Көшековпен жүздесіп, танысқан болатынмын. Бұған дейін сыртынан жақсы хабардар болдым, талай жиналыстарда көтерген мәселелері жөнінде баспасөз арқылы қанық едім. Оңайбай Көшекұлы орта бойлы, қараторы, жылы жүзді, өте салмақты адам болатын. Алғаш көргенімнен-ақ ол айтқан сөздері нақты әрі өтімді азамат ретінде маған жақсы әсер қалдырды. О.Көшеков 1968-1970 жылдары Маңғыстау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі болатыны анық. Мысалы, бұл ауданның жер көлемі Гурьев облысы аумағының 50 пайызына тең болған. Эконо­микасының басты салалары – мал шаруашылығы және балық өндірісі. Ауданның құрамына балық консервісін шығаратын комбинат, үлкен балық тоңазыту флоты, сондай-ақ, мектептер, аурухана сияқты қалалық мекемелері бар Форт-Шевченко қаласы кіретін. Сонымен қатар, оған үш мұнай барлау экспедициясы, үш теміржол стансасы тікелей қарайтын және экономикасы әлсіз, мемлекетке көп­теген қаржы берешегі бар жеті ұжымшар да осы ауданда орналасқан. Ол шаруашылықтарда 450 мың бас қой, 60 мыңға жуық жылқы, 23 мың түйе өсірілетін. Оңайбай Көшекұлы басқарған жылдары көптеген істер атқарылып, шаруашылықтың барлық саласы бойынша тиімділік өсті, аудан экономикасы едәуір көтерілді. 1970 жылы сәуір айында Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Исенов зей­нет­ке шығуына байланысты қыз­­ме­тінен босатылып, орнына С.Мұқашев сайланды. Сол жылы С.Мұқашевтың ұсынуымен О.Кө­шеков облыстық кеңестің сессия­сында облысымыздың атқару коми­тетінің төрағасы болып тағай­ындалды. Оңайбай Көшекұлымен екінші рет 1970 жылдың қазан айында кездестім. Мен облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, онымен сәлемдесіп және жаңа жұмысқа келгенімді айтып шығуға барғанмын. Оңекең мені өте жылы қарсы алып, асықпай ата-анам, отбасы жағдайымды сұрап, болашақ жұмысыма байланысты ақыл-кеңесін айтып, батасын берді. Сол кездесу тығыз қарым-қатынасқа ұласып, 40 жылдан астам уақытқа созылды. О.Көшеков жеті жыл Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы болды. Сол тұста облыс басшысы С.Мұқашев пен О.Көшековтің дұрыс қарым-қатынастары елге үлгі тұтарлықтай болды, олардың арасында келіс­пеушілік сезілмеді, бір-біріне сенімділігі істің оңға басуына игі әсерін тигізді. Облыс экономикасы, әлеуметтік және мәдени жағдайы едәуір көтерілді. Ауыл және ба­лық шаруашылығы, өндіріс, мұнай және құрылыс салалары дами бастады. Басталған жобалар қарқынды жалғасын тапты. Ең маңыздысы, сол кезде Маң­ғыстау өңірін ірі «Отын-энергетикалық кешенге» айналдыру мақсатымен Кеңес Одағы және республика тарапынан арнайы қаулылар қабылданып, БЛКЖО ОК шешімімен аймақ «Бүкілодақтық екпінді комсомол құрылысы» болып жарияланды. Өндіріс пен шаруашылық дамытылып, мұнай-газ және атом байлығын игеретін мекемелер құрылды. Одақтың әр аймағынан лек-легімен келіп жатқан жас мамандарға және жергілікті тұрғындарға үй және тағы басқа керекті әлеуметтік жағдай жасалды. Сол бір қарқынды өркендеу кезінде небір іргелі жобалар іске асырылғанын айтпай кетуге болмас. Әлемде алғашқы рет құрамында мол парафині бар мұнайды ысытып тасымалдау үшін ұзындығы 711 шақырымдық Гурьев – Куйбышев (Самара) мұнай құбырының екінші кезеңі пайдалануға берілді. Құрамында парафині бар мұнайды толық өндіру үшін теңіз суын 1000 С ыстыққа дейін қыздырып, 100 атмосферамен жер астына айдайтын қондырғы іске қосылды. Азот зауытынан азот қышқылының алғашқы тоннасы шығарылды. Әлемде бірінші болып Шевченко қаласында «БН-300 жылдам нейтронның негізінде істейтін өндірістік реактор» іске қосылды. Шевченко қаласындағы үйлерге алғашқы рет табиғи газ берілді. Телевизия және радио орталығы іске қосылды, «Ботаникалық бау-бақша» құрылды. Сондай-ақ, ет комбинаты пайдалануға беріліп, тұтынушыларға өз өнімдерін ұсынды. Алғаш рет «Ил-18» лайнері қабылданды. Сол сияқты, Жаңаөзен, Ералы, Жетібай, Форт-Шевченко, т.б. елді мекендер өркен жайып, мектеп, аурухана, балабақша және басқа да көптеген әлеуметтік қажетті ғимараттар бой көтерді. Жол құрылысы, электр желісі, су, жылу және басқа да коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер құрылды. Осы қыруар еңбектің арқасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1973 жылы 22 наурыздағы қаулысымен ол аудан Гурьев облысынан бөлініп, өз алдына Маңғыстау облысы болып құрылды. 1970-77 жылдары өзім облыс­тық комсомол комитетінің бі­рінші хатшысы, облыстық партия комитетінің бюро мүшесіне кандидат болған кезімде, сол тұста облыстық кеңестің депутаты және Махамбет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған О.Көшековтің өте іскерлігіне, әділеттігіне және адам­гершілігіне, басқа да асыл қасиеттеріне куә болдым. 1977 жылы ақпан айында Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Мұқашев Қазақстан кәсіподақтары кеңесінің төрағасы болып сайланды. Оның орнына О.Көшеков өңір басшысы болып тағайындалды. Ал оған дейін Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Е.Тасқынбаев облыстық атқару комитетінің төрағасы болып бекітілді. Ал мен О.Көшековтің ұсынуымен Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы және облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайландым. 1985 жылдың желтоқсанына дейін, яғни О.Көшеков зейнетке шыққанға дейін оның басшылығымен 8 жыл бойы осы жауапты қызметті атқардым. Оңайбай Көшекұлы терең ойлы, білікті стратег, парасатты, мәдениетті, білімі мен бі­лігі жоғары, кеңпейілді және қайы­рымды да қарапайым жан еді. Ол Е.Тасқынбаевпен өте тату болды, соның арқасында бюро мүшелері де іскерлікпен, өзара сыйластықпен және сенімділікпен жұмыс істеді. Республикамыздың және Кеңес Одағының басшылары алдында Оңайбай Көшекұлы өте абыройлы және беделді болды. Табиғи асыл қасиеттерінің бірі адам психологиясын жетік білетін және де қай деңгейде болсын шиеленіскен мәселені шешу жолдарын табуға шебер еді. Бір мысал. Гурьев қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмысқа кіріскеніме екі аптадай уақыт болған еді, таңертең жұмысқа келген сәтімде Оңекең телефон шалды. Сәлемдескен соң, бірден: «Равиль, түнгі уақытта телефонды көтермейтінің не? Сағат 1-дің шамасында жылу электр орталығында (ЖЭО) үлкен авария болды, қала түгелімен жарық пен жылусыз қалды, ал біз сені таба алмадық. Бұл қалай? Жексенбі болса да, жинақы болу керек қой, қала халқының алдында жауаптымыз, шырағым», – деп сөзін аяқтады. Мен Оңекеңнің қабылдауына келісіп, кеңсесіне бардым. Түнгі сағат 1.10-да маған «ЖЭО» бас­тығы авария жөнінде хабар бер­генін, жарты сағаттан кейін өзім және қаладан қажетті мамандармен «ЖЭО» басында болғанымызды, істен шыққан қондырғыны жөндеп, сағат 6.15-те іске қосқанымызды баяндадым. Мәліметімнің соңында: «Оңайбай Көшекұлы, маған үлкен сенім артып, өте жауапты жұмысқа тағайындағаныңызға шын жүрек­тен рахмет айтамын. Ал бірақ мені бұл жұмыстан босатуыңызды сұраймын. Өз мамандығым бойынша жұмыс жасайын. Себебі, облыстық партия комитетінің тапсырмасын және өзімнің тікелей міндетімді орындау үшін мен мекемелердің басшыларынан істің орындалуын талап етуім керек. Әрине, ол көбіне ұнамайды, сондықтан, сізге талай жалған мәліметтер жетуі мүмкін. Егер де сіздің тарапыңыздан маған толық сенім болмаса, онда менің орныма сеніміңізді ақтайтын адам болғаны жөн болар», – дедім. Оңекең жымиып: «Равиль, есті­ген құлақта жазық жоқ, алаңдамай жұмысыңды жасай бер», – деді. Осы сөзден кейін Оңекең ұзақ жылдар бойы жұмысқа байланысты бірде-бір сенімсіздік білдірген жоқ. Оңекеңнің алдына барған адам қандай болмасын кінәсін, жауапкершілігін жетік түсініп, қанаттанып кететін еді. Оңайбай Көшекұлы 15 жыл бойы қазіргі Атырау өңіріне басшылық жасап, еселі еңбегімен, асыл адами қасиеттерімен соңына өшпестей айқын із қалдырғаны ақиқат. Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы, КОКП ОК Саяси бюро­сының мүшесі Д.Қонаев және Қа­зақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Б.Әшімов Гурьев облысына арнайы сапармен талай рет келді, табиғаты қатал, алайда, жер астының мол байлығы бар екенін жетік білетіндіктен, олар осы өңірдің экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуына үнемі қолдау көрсетіп, КОКП ОК, ҚК ОК және КСРО мен Қазақ КСР Министрлер кеңестерінің Гурьев облысына қатысты көкейкесті қаулыларын шығартқаны жаңа белес­терге көтерілудің бастауы болғаны анық. 1979 жылы Н.Назарбаев Қазақ­стан Компартиясы ОК хатшысы болып сайланып, 1984 жылы наурыз айында Үкімет басшысы болып тағайындалды. Гурьев облысының қарқынды дамуына ерекше үлес қосты, әсіресе, өндіріс, мұнай-газ салаларын бақылауға алды. Сол жылдары батыс өңірінің мұнай-газ байлығын игеру үшін республикадағы, Одақтағы ең білімді, тәжірибелі ғалымдарды, геологтарды, мұнайшы мамандарды, министрлер және кәсіпорын басшыларының қатысуымен жиі-жиі мәжілістер мен нәтижелі жиналыстар өткізіп, мәселені кеңінен талқылады. Нұрсұлтан Әбішұлы Одақтың Үкімет төрағасының орынбасары, Мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасы Байбаковты, Одақ министрлері Диньков, Козловский, Чирсков, сондай-ақ, министрліктердің жауапты қызметкерлерін Гурьевке шақырып, солардың қатысуымен «Теңіз» және басқа да мұнай кені­шінде болып, көптеген мәселелерді талқылап, нақты шешімдер қолға алынды. Айталық, сол тұста КОКП Орталық Комитеті мен Ми­нистрлер Кеңесінің «Батыс Қазақ­станда геологиялық барлау жұ­мыстарын күшейту және мұнай-газ өнеркәсібін дамыту туралы» және «Каспий өңірінде мұнай-газ кешенін құру туралы» қаулылары қабылданды. Геофизика, барлау-бұрғылау жұмыстары қарқынды жүргізіліп, көптеген мұнай-газ кен орындары ашылды. Әсіресе, ғасыр жобасы – «Теңіз» мұнай-газ кен орны қарқынды игеріле бастады. Одақ пен республика тарапынан жасалған қолдауды облыс басшылары нәтижелі пайдаланды. Әсіресе, мұнай өңдеу және химия зауыттарында, энергиямен және жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорын, теміржол т.б. шаруашылық салаларында қосымша қуат пайда болып, жаңа нысандар іске қосылды. «Ембімұнайгеофизика», «Ембімұнайқұрылыс» трестері, «ҚазМұнайГаз барлау» басқармасы, «Тікұшақ» зауыты, «Суландыру» басқармасы, «Үй құрылысы» комбинаты, «Құс фабрикасы», «Жол-құрылыс» тресі, коммуналдық қыз­мет көрсететін «Жөндеу-құры­лыс» тресі, «Жасыл құрылыс» тресі, «Жылу жүйесі» мекемелері құрылды. «Мұнай өнеркәсібі қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау инс­титуты (ҚазмұнайҒЗЖИ) және Қазақ мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институты, «Рес­публикалық туберкулез ауруына қарсы ғылыми-зерттеу» жә­не «Онкология-радиология» ғы­лыми-зерттеу институттарының бөлімшелері ашылды. Облыс бойынша өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және әлеу­меттік нысандар бой көтеріп, инфрақұрылымдар дамыды. Қала және барлық аудандарда тұрғын үй, шағын аудандар құрылысы қанат жайды. Ұзындығы 333 шақырымдық Гурьев – Ас­трахань теміржолы және Гурьев – Ганюшкино, Гурьев – Құлсары автокөлік жолдары, сондай-ақ, жаңа теміржол вокзалы, әуежай нысандары салынды. Облыс орталығындағы жаңа ғимаратта Мұнай-газ институты ашылды, педагогика институтының жатақханасы, политехникалық, теміржол, ауыл шаруашылығы техникумдарының, дәрігерлік және мәдени-ағарту училищелерінің ғимараттары салынды. 9 қабатты қонақ үй, облыстық емхана, балалар кітапханасы, музыкалық училище және пионер лагері, сауда орталығы, т.б. әлеуметтік нысандар бой көтерді. О.Көшеков басқарған жылдары Гурьев облысы Кеңес Одағының және республикамыздың бірнеше рет Қызыл туына ие болды, социалистік жарыстардың жеңім­пазы атанды. О.Көшеков Х-ХІ шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің және VІІІ-ІХ шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. КОКП ХХІV, XXV, XXVI съездерінің делегаты болды. Атырау облысы мен Атырау қаласының және Махамбет ауданының құрметті азаматы атанды. Оңайбай Көшекұлының еңбегі бағаланып, кезінде «Құрмет Бел­гісі», үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және 1985 жылы зейнетке шығар алдында «Ленин» орденімен, сондай-ақ, бәрін қосқанда және 13 медальмен марапатталды. Тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» орденін кеудесіне тақты. Адал жары Айсұлу Иманғазықызы екеуі 8 ұл-қызды дүниеге әкеліп, оларды оқытып, үйлендіріп, не­мере-шөберелерінің бақытына бөленді. Ұстазымыз, басшымыз әрі ақылшымыз Оңекең тұла бойында ұлылық пен кішіпейілдігі жарасым тапқан жан еді. Ол 2013 жылы 88 жасында дүниеден озды. Қорытып айтқанда, әр заманда халқына адал еңбек атқаратын және ары таза, отансүйгіш, іскер, білікті, адамгершілігі мол басшы келсе, ол – елдің бағы. Қазақстанның кең-байтақ же­рі, мол байлығы және сауатты хал­қы бар. Бастысы, әлемде ең беделді саясаткерлердің қатарынан орын алған Елбасы – Тұңғыш Пре­­зидент Н.Ә.Назарбаев бар. Мүд­делі мақсатты жүзеге асыра­тын халықаралық талапқа сай бі­лімді де білікті жастарымыз бар. Мәңгілік Ел орнату жолында елдің бейбітшілігі мен халқымыздың амандығы – ортақ тілегіміз. Равиль ШЫРДАБАЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері.