Күні кеше ғана Ерназар Жұбан Витебскідегі беделді «Славян базары» халықаралық байқауында бірінші орынға ие болды. Жас әнші кәсіби шеберлігі мен талантының арқасында жеңіс тұғырынан көрініп, қазақ жұртын бір қуантты.
Еске сала кетейік, конкурстың бірінші күнгі қорытындысы бойынша әнші 70 балдың 69-ын жинады. Отандасымыз қатысушылардан оқ бойы озық шығып, бірінші орыннан көрінді.
Ерназар ұдайы шеберлігін шыңдап, қабілетін арттырып келеді. Ол Алматыдағы эстрадалық-симфониялық оркестрде өнер көрсетеді. Дисней компаниясының «Жұлдыздар шеруі» және «Болашақ» қоғамдық қорының бірегей бірлескен жобасына қатысты. Жобада өнерпаз «Сұлу мен құбыжық» фильмінің кейіпкерлерін қазақ тілінде сөйлетті.
Айта кетейік, бұл – Ерназар Жұбанның алғашқы жеңісі емес. 2017 жылы ол Дельфи ойындарында және халықаралық «На крыльях музыки» байқауында бірінші орыннан көрінді. 2018 жылы «Жас қыран» дарынды студенттер тізіміне енді. 2020 жылы «Х Factor» жобасының финалисі атанып, «Сарандев» халықаралық вокал конкурсының жеңімпазы болды. 2021 жылы Румыниядағы «XVI – George GRIGORIU» халықаралық байқауында Қазақстан атынан қатысып, жеңімпаз атанды. 2021 жылы «Қазақстан дауысы» жобасының ширек финалына шықты.
Өнер жолында жарқырай шыққан жас жұлдыздың шығармашылығына табыс тілейміз.